Азамат!

Расул ЖҰМАЛЫ

21.10.2021, 16:47

903

        Бүгін – ұлт жанашыры, белгілі қоғам қайраткері Досмахамбет Қалмаханұлы Көшімнің өмірге келген күні. Жаратылысынан ұстамдылық пен қарапайымдылық үлгісі болса да, қазақтың намысы дегенде Дос аға қашанда қатарының алды болып келеді. Осындай ұстанымын ол озбыр кеңестік дәуірдің өзінде ұстаздық етіп жүріп таныта білді. Әсіресе, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге барын салып, орта және жоғары білім жүйесін орыстандыру саясатына батыл түрде қарсы шықты. 1988 жылы Досмахамбет Көшім осы бағыттағы тұңғыш жалпы ұлттық бірлестіктің дарасы – «Ана тілі» қоғамының құрылуына атсалысты. Атап өтерлігі – сол «Ана тілінде», оның аясында бас қосқан ұлт зиялыларының табандылығы арқасында, билік қазақ тілін мойындап, қолдау тұрғысында тіл туралы арнайы заң қабылданды. 

       1990 жылы Қазақ еліндегі ең алғашқы саяси партия – Қазақ социал-демократиялық партиясын ұйымдастырушылардың бірі және сол партияның алғашқы тең төрағасы, кейін төрағасы қызметін атқарды (1990-94 жж.). 1991 жылы азаматтық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары, Кеңес Одағы демократиялық конгресінің тең төрағаларының бірі болып сайланады. 1996 жылы Демократияны қазақ тілінде оқытып үйрету және тарату орталығын құрды. Ұлт жанашырының бірбеткейлігі, өткір де әділ сыны билік басындағыларды қатты шошытады. Соның бір көрінісі ретінде Досеке 1998 жылы республикалық «Әділ сайлау жолында» қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі ретінде жауапқа тартылады. Алайда жасалған қысымнан еш қаймықпаған ағамыз 1999-2005 жылдарда «Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі» қоғамдық бірлестігін құрады және сол ұйымның президенті қызметін атқарады. 2005 жылы республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысын ұйымдастырып, бүгінге дейін сол бірлестіктің төрағасы болып келеді.

        Айрықша тоқталатын жайт – Досмахамбет Қалмаханұлы өзінің саяси һәм азаматтық көзқарасын танытуда тек жалаң сөзбен шектелмей, онысын әркез нақты істермен дәлелдеп отырады. Атап айтқанда, Кеңес Одағы кезінде түрлі жиындар мен шерулерді ұйымдастыруға араласты. 1992 жылы Алматыдағы ашаршылықты еске түсіру жиынын, 1992 жылы «Азат» қозғалысы өткізген алты күндік пикетті ұйымдастырушылардың бірі болды. Сол жылдары солтүстік облыстарды Ресейге қосып алмақ пиғылдағы казактар мен жергілікті арандатушыларға тойтарыс беріп, сабасына түсірген қайраткерлердің бірі де өзіміздің Дос аға еді. Бұған қоса, 2002 жылы Өзбекстанға қазақ жерін бермеу үшін ұйымдастырылған Бағыс митингісіне қатысушы болды. «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы, Шаңырақ оқиғасына қатысушы 25 азаматты қорғаушылардың бірі танылды. Қазақстанның өз ішімен қатар, Дос Көшім демократиялық бағытта АҚШ, Германия, Түркия, Филиппин, Польша, Израиль, Бельгия т.б. елдердегі жиындар мен конференцияларда Қазақ елінің саяси-қоғамдық жағдайы туралы келелі де сыни тұрғыдағы баяндамалар жасады.

       Бұнымен бірге, ол қазірге дейін ағарту бағытында республикалық, облыстық БАҚ-тарда тұрақты түрде мақалалар жазады, теледидар мен радиода, интернет желісінде ұлттық бағыттағы насихат жұмыстарын жүргізеді. Демократия қағидаттарын қалың бұқараға түсіндіруге арналған қазақ тілінде алты кітап жазып шығарды («Демократия негіздеріне кіріспе», «90-жылдардың қара сөздері», «Қазақстандағы демократия мен саясат туралы 100 сұраққа 100 жауап», «Жергілікті өзін-өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы», «Азаматтардың мақсатқа жету жолында қолданатын әдістері мен тәсілдері», «Қазақтарды қалай көтеруге болады?»).

        1994 жылы демократияға сіңірген еңбегі үшін Дос Көшімге АҚШ-тың «Техас штатының құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ ол 2006 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағымен, ал 2008 жылы Тіл комитетінің «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісімен марапатталды.

       Мен Дос ағамен алғаш рет студенттік шағымда таныстым. Ол кезде Кеңес Одағы ыдырап, тарихи шындық ашылып, ұлттық сана-сезім мен рух оянғанда, мен сияқты жастарға, әрине, тиісті білім, тәжірибе жетіспей жатты. Осындайда ақыл берген, бізді дұрыс жолға жетелеген аға буынның алдыңғы қатарында Досмахамбет Қалмаханұлы тұрды. Ал ол кісі берген тәлім-тәрбие талай азаматтың қалыптасуына зор септігін тигізді. Есейе келе, тағдыр мені Дос ағамен қазақ тілін, ұлттық болмыс пен жерімізді, халқымыз үшін басқа да маңызды құндылықтарды қорғау әрекеттері аясында ұштастырды. Содан бері көптеген жиындарда, іссапарларда, ортақ жобаларда бірге болдық. Осындай шаралардың әрқайсынан кейін рухани толыса түстім. Асылы, ағамыздың бойына біткен білімі, парасаты, қайсарлығы қаншалықты мол болса, оның ішкі жан дүниесі мен адамгершілігі де соншалықты бай. Оған да сан мәрте жақын араласқанда көзім жетті. 

        Қазақта үлкенді сыйлап, асылын қадірлей білу, оның ғибратынан қуат алу қай заманда да ерекше мәнге ие болған. Бүгінгі таңда осындай ел ағаларының арасында өзіндік орны бар, абыройға ие тұлғаның бірегейі – Досмахамбет Көшім. Олай болса ағамыздың жекеменшік мерекесі – туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, отбасыңызға мол бақыт пен береке тілеймін. Қазақтың жарқын болашағы жолында қылған еңбегіңіз жандана берсін. Алла тағала оның жемісін көріп, қуанышқа бөленуге жазсын.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:24
Нұр-Сұлтанда тұрғындардың 65% - дан астамы КВИ-ге қарсы вакцина алды
Сайт әкімшілігі 15:00
Нұр-Сұлтанда КВИ-мен ауырғандардың саны азайды
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 14:35
"Өлгім келеді". Теміртаулық өзін-өзі өртеп жібермек болған
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 13:30
Полиция заң бұзған 263 шетелдікті анықтады
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 18:48
Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 16 мың жұмыс орны бар
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 15:56
Елорданың шет аймақтарын дамыту және абаттандыру: Президент тапсырмасы орындалып жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ
    12:29
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00