Бала бағу баюдың жолы ма?

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

02.03.2021, 10:37

1534

Елімізде 400 мыңдай бүлдіршін жекеменшік балабақшаға барып жүр. Батыс Қазақстан облысында 70-тен аса осындай бөбекжайлар жұмыс істеуде. Бір қарағанда жақсы-ақ. Ата-ана жылдап кезек күтпей, баласын уақытымен бақшаға береді. Төлемі де қалтаға қолайлы. Дегенмен алақайлауға асықпаңыз. Өйткені бұл салада шешілмеген шаруа әлі шаш етектен.

«Мемлекеттің басты байлығы – адам» деп Ата заңымызда шегеледік. Адам қатарында бала да бар. Ендеше мемлекет өзінің басты байлығының сапалы білім, саналы тәрбие алуына, денсаулығының мықты болуына мүдделі болуы тиіс. Ол үшін мектеп, балабақша, аурухана секілді нысандарды жеткілікті етіп салу – мемлекеттің тікелей міндеті. Десе де, нарықтық қатынасты желеу қылып, бүкіл міндетті жекеге артуға әуестік артып тұр. Ашылған жеке мектеп, жеке аурухана аз емес. Енді жеке балабақшаға жеттік. Жарайды, өкімет оларға дотация береді, соның есебінен біраз шығыны жабылады. Солай-ақ болсын. Бірақ бұл – бизнес, яғни бизнесменнің ең басты мақсаты – табыс табу. Қанша жақауратып, тігісін жатқызсақ та, бала тәрбиесі екінші орында екені айдан анық. Сол себепті ата-ана бұлардағы тәрбиешілерге, тәрбие беру процесіне, ас-ауқатқа күдікпен қарауы заңдылық.

Басқасын былай қойып, әуелі олардың орналасқан ғимаратына қарайықшы. Мәселен, Оралдағы біраз жеке балабақшалар көпқабатты үйлердің астында орналасқан. Тіркелген-тіркелмегенін тағы ешкім қадағалап отырған жоқ. Лицензия алмай-ақ жұмыс істеуге де заң тұрғысынан рұқсат бар. Білім стандартына, санитарлық нормаларға сәйкес, саны 70 баладан аспайтын, кішігірім жеке бақшада бір балаға төрт шаршы метрден келуі керек болса, мұнда 3-4 баладан тығылысып отыр. Қыста есігін іштен кілттеп алып, не істейтіндері де белгісіз. Жаз мезгілінде ойнайтын ауласы қуықтай. Күні бойы жылаған баланың дауысынан көпқабатты үйдің тұрғындары мезі болады. Қолданыстағы заңнаманы қарап отырсақ, тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан балабақшаларға сол үйдің қоқыс жәшіктерін пайдалануға да рұқсат берілген. Тіпті медициналық қызметкердің болуы да міндетті емес. Жазатайым өрт шыға қалса, көбінде шығатын апаттық есік те қарастырылмаған. Осы жағдайлар қордаланып, нәтижесінде наразылық туады, айқай-шу басталады, прокуратураға, білім басқармаларына арыз-шағымдар қарша борайды. Жеке бақшалардағы білім-тәрбие процесінің сапасына ата-аналар да алаңдаулы.

— Балабақша – елдің ертеңі тәрбиеленетін орын. Сондықтан оған арнайы білімі жоқ, кім көрінгенді жұмысқа алуға болмайды. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кездесіп жатыр. Мамандығы педагогикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар да жұмыс істеп жүр. Бірдеңе десең, маман тапшы деп шыға келеді. Кәсіпкер ақша тапсын, бизнесі өрістесін деп бетімен жіберетін болсақ, мемлекет тарапынан қатаң қадағаламасақ, ұрпақ тәрбиесі уыстан шығып кетуі мүмкін, – дейді Шолпан есімді оралдық ата-ана.                  

Шындығында да, қазынадан дотацияға бөлінетін миллиардтаған қаржы, негізінен, баланы уақтылы тамақтандыру, ұйықтату, ғимаратты жалға алуға жұмсалып, оқу-тәрбие мәселесі жайына қалып жүр. Бірінде бейнекамера болса, екіншісінде жоқ. Ұл-қызыңның күні бойы немен шұғылданғанын білгің келіп хабарлассаң, бетіңнен алып арп ете түсетін тәрбиешілерден тауың шағылады. Ұйықтамағаны үшін баланы жастықпен тұншықтырған, жылағаны үшін көкала қойдай қылып сабаған безбүйрек «бала бағбандарының» әрекетін естіп, көзіңмен көргенде шыбын жаның шырқырамай қайтсін.

Дегенмен мамандар қиын, қолайсыз деп кері қайтпай, ата-ана қалайда баласы баратын балабақшаға кіріп, асүйдегі ахуалға, ас мәзіріне, ойыншықтар сапасына, төсек-орынның дұрыстығына, тәрбиешілердің баламен қарым-қатынасына мұқият зер салғаны дұрыс деп кеңес береді.

Әлем елдерінің басым бөлігінде жеке балабақшалардың жұмысын 100  пайыз мемлекет қадағалайды. Ендеше Қазақстанда да жеке балабақшаларды жаппай лицензия негізінде ашу керек. Ақша тапқан жақсы, бірақ ақша табамыз деп, ет бауырымызды жат бауырға айналдырып жіберсек қасіреттің көкесі сонда болады.

Тегтер: бала асырау қиындық мәселе қамқорлық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 16:35
Нұр-Сұлтанда 70 мектеп салынады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 03.12.2021, 14:24
Жалақысы 2 миллионға жуықтаған әкім
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 03.12.2021, 10:15
Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.12.2021, 08:47
Советский, Карл Маркс, Полторацкий
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 17:01
Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 56 азық-түлік себеті таратылды (видео)
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 15:20
Түркістанда 40-тан астам полицей марапатталды

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00