04.01.2021, 09:31
658
Қараша айының соңында Павлодардағы трамвай аялдамаларының бірінен бір жасқа да толмаған ұл бала табылған еді. Бүлдіршінді 33 жасар анасы қақаған аязда қасақана тастап кеткен.
Полиция қызметкерлері көкек ананы екі сағаттың ішінде тапты. Ал баладан вирустық инфекция анықталып, бірнеше күн бойы дәрігерлердің бақылауында болған еді. Емдеу мекемесінен шыққан соң Екібастұз қаласындағы әжесінің тәрбиесіне берілді. Ол баланың заңды өкілі деп танылды.
Баласын тастап кеткен анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ Павлодардың №2 соты істі тоқтатты.
Сот Думан Серікбаевтың айтуына қарағанда, айыпталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша өндіріс тараптардың мәмілеге келуіне байланысты тоқтатылды. Яғни, баланың әжесі — айыпталушының анасы қызын соттамауды сұраған. Қорғаушы мен прокурор жәбірленуші деп танылған әйелдің өтінішін құптады. Осылайша, безбүйрек ана өз анасының арқасында жазадан құтылып кетті. Есесіне баласын қараусыз қалдырып кеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, арнайы есепке алынды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР