Балқаш: Ем қайда, су қайда?

Мамыр ТӘУКЕЕВ

14.04.2021, 08:54

925

Құрметті «Жас Алаш!»

Мен Алматыдан – 400, ал Бақанастан 200 шақырым алыста, шалғай ауылда тұрамын. Жиделі ауылы бұрынғы «Жиделі» совхозының орталығы. Ол кезде бір аурухана, бір балабақша бар еді, су құбыры 1986 жылы тартылған. Ауыл толық таза сумен қамтылған. Қазір ауылда 1413 адам тұрады. Оның 131-і зейнеткер (мен де соның бірімін). Жиделі, Қошқарбай, Орақты ауылдарын қоса есептегенде, жалпы түтін саны – 293 үй. Мектепте  257 оқушы, 39 мұғалім бар.

Міне, осындай ауылда қарапайым жағдайдың өзі жасалмаған. Осының бәрін жіпке тізіп, ауылдың жанайқайын «Жас Алаш» арқылы жоғарыдағыларға жеткізгім келеді. Мүмкін, арысы президент, берісі облыс әкімі көріп қалар, сөйтіп, біздің ел жаққа да назары түсер.

Алдымен денсаулық сақтау саласы туралы айтайын. Қазіргі жұрттың ең басты уайымы – денсаулық. Ауылда амбулаториялық-фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Жаңадан салынған. Бір жоғары білімді дәрігер, бес орта арнаулы білімді медбике жұмыс істейді. Жедел жәрдем көлігі бар, бірақ тұрақта тұрғанына біраз болды, жүрмейді. Себебі бұзыла береді. Балқаш аудандық аурухананың инженер-механигі жедел жәрдем жүргізушісіне «қажетті бөлшектерді өз ақшаңа сатып ал, бюджетте ақша жоқ» депті. Өзі болымсыз жалақыға жұмыс істеп жүрген жүргізуші оны жасайтын ақшаны қайдан алсын, сөйтіп, қаңтарып қойды. Жедел жәрдем көлігі туралы Балқаш ауданының әкіміне, ауданның бас дәрігеріне де айтылған. Әзірге ол жақтан ешқандай қимыл жоқ.

 2020 жылдан бастап коронавирус таралғалы бері ауылда алдын алу шаралары болмады. Жиделіден 80 шақырым жердегі Қаскелең елді мекенінде арнаулы бекетте кезекшілік атқарған дәрігер және медсестралар жеке көлікті өз ақшаларына жалдап барды. Ең болмаса бензинге де ақша бермеді. Олар бұған дейін бұл бекетте алты рет кезекшілік атқарды. Оларға бекетте 24 сағат тұрғаны үшін ешқандай ақы төленбеді.  Ауру өршіген уақытта олардың еңбекақысы өте төмен күйінде қала берді.

 Ерекше есепте тұратындарға тиісті дәрілері берілмейді.

 Бөлімшеге қажетті мамандар жоқ. Себебі штатты қысқартып, ақша үнемдеп отыр.

 ЭКГ – жүректі түсіретін аппарат жоқ. Емханаға ешқандай жағдай жасалмаған. Қазір дәрігер де, медсестра да коронавируспен ауырып үйде жатыр. Оларды кім емдеп жатыр? Ол тағы белгісіз. Жалпы, халықтың денсаулығын ойлап жатқан ешкім жоқ.

Ауыл әкіміне «Неге аудандық аурухананың бас дәрігеріне талап қоймайсыз?» – деп едім, «Ол аурухана жартылай жекеменшік, өздері біледі», – деп қысқа қайырды. Жағдай жасай алмайтынын білсе, неге жекеменшікке береді? Талаптарды орындамады деп, мемлекет меншігіне қайтарып алмай ма?!

Екінші мәселе – ауызсу. Таза ауызсуға жарымай келеміз. 24 сағат бойы жалғыз оператор жұмыс істейді.  Су жинайтын ыдыстың  аузы ашық, өте қауіпті. Жиі өшіп қала береді, қазір сусыз отырмыз. «Су соратын насосты өздерің сатып алыңдар» деп аудан операторға тапсырма беріпті. Оператор ауыл халқынан ақша сұрап, интернетке жазып отыр. «Ақша жинаңдар, ақша жоқ болса, таза су да жоқ». Бұл жағдайды да аудан әкімі біледі. Бір көмек берейік деген емес.

Үшінші мәселе – ауданға қатынаудың қиындығы. Ауданмен екі арада бұрын автобус жүрген. Оның да жүрді деген аты ғана, жолда бұзылып қала беретін. Талай рет жолда қалдық. Аузың күйген соң, оған қалай мінесің? Ақыры ол да тоқтап тынды.

Қазір үкімет те, әкімдік те қатырып жатырмыз, қолдап жатырмыз дейтін шағын және орта бизнес туралы айтудың өзі артық. Көмек жоқ. Осыдан екі жыл бұрын 26 жастағы балам бизнеспен айналысу үшін дайындық курсына өте алмай қойды. Өткізе алмадық. Айтатындары бір ғана жауап: орын толып кеткен.

Суы жоқ, емі жоқ ауылда тұрамын. Облыстық, аудандық ауруханалар жабық, сонда біз қайда барып емделуіміз керек? Әрине, қазір қиын кез, коронавирус басты мәселе, орын толып кетіп жатыр дейік, карантиндік шаралар дейік, ақыры солай болған соң, басқа жолын неге қарастырып көрмеске? Ең болмаса ауылдағы фельдшерлік орталыққа жатқызып, емдеуге болар еді ғой.

Құрметті «Жас Алаш!» Менің осы хатымды жариялауға көмектесулеріңізді сұраймын.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті
Еркежан АРЫН 11:37
Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Расул ЖҰМАЛЫ 21.10.2021, 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31