Батыс Қазақстан жарыққа қашан жариды?

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

01.04.2021, 11:40

1408

Батыс Қазақстан облысында электр желілерінің ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. Соның 80 пайызы әбден тозған. Бағандар шіріп, сымдар соңғы «демін» алып тұр. Тез арада түбегейлі бетбұрыс болмаса, энергетикалық коллапстың көкесін көру ғажап емес.

Өңірге жаппай жарық жеткізу өткен ғасырдың 70-жылдары жүргізілген. Содан бері елу жыл артта қалды. «Елу жылда – ел жаңа» дегенмен, біздегі жарық жүйесінің жуық арада жаңарар түрі көрінбейді. Қыстыгүні аяз, боранды айтпағанда, қаттырақ соққан жазғы желдің өзі жарықтың жалп етіп өшуіне жеткілікті. Бұрындары бұдан ауыл тұрғындары көбірек зардап шегетін, ал қазір қаланың өзінде қараңғыда отыру қалыпты құбылысқа айналып барады. Әсіресе соңғы жылдары салынған ықшамаудандардағы жағдай күрделі. Мысалы, шаһардың Зашаған бөлігінде бірде болса, бірде болмайтын жарық жұрттың жүйкесін әбден жұқартқан. Бұған қалалық электр торабының бастығы Сергей Доляның жауабы дайын. «Желі тозды. Оның үстіне ол жақтағы подстансаларда ұрлық көп. Трансформатордан оқшаулағыштарды ұрлайды. Нәтижесінде қысқа тұйықталу кезінде көшенің белгілі бір бөлігі өшпей, бүкіл аудан тұтас сөніп қалады. Оқшаулағыш сатып алу үшін 60 млн теңге қажет», – деген Сергей мырза Орал мәслихаты депутаттарының жақында өткен бір отырысында алақан жайды.

Қала бюджеті қалағаныңша кере беретін резеңке емес. Онда білім беру, медицина, мәдениет, инфрақұрылым секілді тағы да басқа ақша сұрайтын «ауыздар» толып жатыр. Оған қоса, электр жарығын тарату мекемесі акционерлік қоғам. Тоқты халыққа тегін таратып отырған жоқсың. Пайда тап, тапқан пайдаңнан желіңді жаңғырт. Әйтпесе жеке мекемеге қала «қазанынан» қаржы құюға болмайды деген заң бар.

Содан соң, ауласы темірмен қоршалып, есігінде есектің басындай құлып тұрған трансформатордан оқшаулағышты кім ұрлайды? Қарапайым адам қай жағынан жақындайтынын қайдан біледі? Айдың күні аманда тоққа түсіп өлгісі келіп жүрген камикадзе кім? Яғни кернеуі пәлен мың вольт трансформатордың «сырын» бір білсе, соның айналасында жүргендер біледі де. Барымташының басқа жақтан келмегені айдан анық. Бірақ Доляның айтуынша, «Полиция ұрыны таба алмай отыр. Бір ыңғайын шығарып, ақша бөліп оқшаулағыш алмаса, жарық өшуі жалғаса береді». Былай қарағанда бопсаға бергісіз әңгіме. Тапқан табысы бар, алайда әлі күнге объектілеріне бейнебақылау қоймаған мекемеден не үміт, не қайыр? Тек Доляның депутат екенін ескеріп, әріптестері орынсыз «мейірбандық» танытып жібермесе болғаны.  

Айтпақшы, шаһардың қуатпен қамту жүйесіндегі үлкен апаттар төтенше жағдай қорындағы қаржымен шешілуде. Оның да мөлшері шектеулі. Қала түгел жарықсыз қалса, ол ақша құмға сіңген судай болары белгілі. Не істеу керек? Жалпы, облыстың энергетика саласын қалай сауықтырамыз? Осы сұрақтарға жауап іздеген жиналыс «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату» компаниясында өтті. Ел аузында РЭК деп аталатын кәсіпорындағы отырысқа облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.  

         Жиналысты жазбас бұрын, РЭК-тің өз тарихына үңілсек, талай «қызыққа» куә боламыз. Күнінде күркіреп тұрған кәсіпорын тәуелсіздіктің таңсәрісінде қолдан-қолға өтті. Әр жаңа қожайын қалайда пайда табамын деп, бір кездегі майшелпек мекеменің сығарға битін қалдырмай тонады. Бағандарды жаңалау, сым, трансформаторлар сатып алу, жұмысшылардың жалақысын көтеру деген мәселелер ертеңгі күнге ысырыла берді. Инвестормын деп келіп, итін шығарғандар тонап болғанда әкімдік араласып, мемлекет меншігіне қайтарады. Сосын, әкім ауысқанда тағы бір «жарылқаушы» табыла қалады. Екі жыл бұрын кәсіпорынды сенімгерлік басқаруға алған кезекті «инвестормен» әкімдік қазір соттасып жатыр. Өйткені РЭК коммуналдық меншікке қайтарылмайынша, оған бюджеттен қаржы бөлу мүмкін емес.

         – Жарықтың жиі өшуіне халықтың наразылығы орынды. Біз тез арада тығырықтан шығу жолдарын табуымыз керек. РЭК коммуналдық меншікке өтсе, біз бюджеттен кәсіпорынның негізгі капиталын толықтыруға қаржы бөле аламыз. Дегенмен оны күтіп отырмай, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты бастау қажет, – деді Ғали Есқалиев басқосудың «беташарында».

         Жиналыста кәсіпорын басшысы Алхат Абзалилов облыстың электр желісін жаңғыртудың 2021-25 жылдарға арналған жоспарын талқыға салды. Жоспар құны – 18 млрд теңге.

         – Желілердің жағдайы өте күрделі. Толық алмастыру үшін өте үлкен қаржы қажет. Оған облыстың әлі келмейді. Сонда да қол қусырып қарап отырмай, өз күшімізбен кезең-кезеңмен жаңғырту жұмысын бастауымыз керек. Басты назар аудандарға аударылады. Ең алдымен кернеуі 0,4–10 кВттық электр желілерін, кешенді трансформатор подстансаларын, арнаулы техника паркін жаңалаймыз. Кезінде электр бағандарының арақашықтығы 80-100 метр болып белгіленген екен. Ол уақытта қатты аяздың арқасында сымға мұз қату деңгейі төмен болғанға ұқсайды. Қазір климат өзгерді, қыста жылы күндер көбейгесін мұз қатып, сымдар жиі үзіле береді. Оны болдырмау үшін бағандардың арасын 50 метрге дейін қысқарту қажет, – деді А.Абзалилов.                              

         РЭК бастығының сөзіне сенсек, жаңғырту жұмысы аяқталған соң, Сырым ауданында тозу деңгейі 92-ден 72 пайызға, Бәйтерек ауданында 91-ден 59 пайызға, Тасқала ауданында 91-ден 66 пайызға, Оралда 73-тен 58 пайызға, жалпы, облыстағы электр желілерінің тозу көрсеткіші 30 пайызға төмендейді-мыс.

Оған қоса, 36 шақырымдық Жаңақала–Мәштексай электр желісінің құрылысын, Ресейден алынатын қуатқа тәуелділікті жою үшін Казталовка–Жәнібек–Сайқын жоғары кернеулі электр желісінің құрылысын жүргізу жоспарлануда.

«Балапанды күзде санайды» демекші, әйтеуір, сең қозғалғандай. «Бастама, бастасаң орта жолда тастама» деуші ме еді?! Түптің түбінде халықтың сеніміне селкеу түспесе болғаны.   

Тегтер: жарық жылу мәселе төлем желі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24