Батысқа көмек! Оңтүстік осындай ұранмен Маңғыстауға жемшөп жіберіп жатыр

Б.СӘРСЕНБИ

23.07.2021, 16:06

944

Биылғы құрғақшылық Түркістан облысына оңай соғып тұрған жоқ. Шөптің шығымы жылдағыға қарағанда өте нашар. Бірақ  осыған қарамастан, облыста төрт түлікке қажетті жемшөп қоры толығымен жасақталады. Жуырда Қазығұрт ауданында өткен көшпелі мәжілісте өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев тиісті қызметкерлерге тапсырмалар берді.  Алдағы уақытта жемшөптің бағасын тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы орман қорындағы босалқы және жайылым жерлерінен табиғи шөптерін жинап алу жөнінде келісімдер жасалды.  

Қазір Түркістан облысы құрғақшылықтан мал қырылып, шарасыз жағдайға түскен Маңғыстау облысына жемшөп жіберу шарасына кірісті. Еріктілердің бастамасын қалың көпшілік қызу қолдап, қолдан келгенше атсалысып жатыр. Бұған дейін Маңғыстау облысына мақтааралдықтардың бір вагон, Жетісай ауданы шаруаларының 74 тонна пресс шөп жөнелткені хабарланған еді. Батыстағы ағайынға көмек көрсетуді шардаралық шаруалар жалғастырды. Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің азаматтары шығынға ұшыраған шаруаларға жүк көлігімен 1000 дана пресс шөп жөнелтті. Сауабы мол іске С.Әбдіраманов бастаған ауыл тұрғындары, мешіт жамағаты және «Шағалалы Шардара» қайырымдылық қорының мүшелері атсалысқан.

Шардаралық жомарт жандардың айтуынша, жиналмаған пресс шөбі әлі жеткілікті. Алдағы уақытта оларды тағы да жіберу жоспарлануда.

Батыс өңірінің жұртшылығына қол ұшын созу шарасына Түркістан облысының өзге аудан, қалалары да үлестерін қосып жатыр. Өткен аптада Арыс қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қостүйін тұйығына  вагондар қойылды. Арыс қаласы шаруаларының, белсенді азаматтарының қолдауымен Батысқа көмек ретінде вагонға шөп тиелді. Бұл шөп еліміздің батысындағы шаруаларға жеткізіледі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев алғашқы күндерден бастап, батыс өңірлерге жемшөпті жөнелтудің тегін логистикасы мәселелерін бақылауда ұстап келеді. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен Маңғыстау облысына 23 вагон шөп жөнелтілген болатын. Бұдан бөлек, бүгін Сарыағаш қаласының теміржол станциясынан тағы 10 вагон мал азығы жіберілді. Қазіргі уақытта жергілікті еріктілер мен аграршылар Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен Маңғыстау және басқа да облыстарға қосымша 40 вагон жемшөп жіберу жұмыстарын жүргізуде. Келісімдерге сәйкес, мал азығын тасымалдау тегін болады.

Сонымен қатар облыс әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қажет болған жағдайда дайындалған жемшөпті тасымалдау үшін 100 вагон ұсынуға дайын.

– Мұратбек және Құрмет інілеріміз бастаған игі іс елді жұмылдырып, жүздеген тонна пресс жемшөп жиналып жатыр.  Қарапайым жастарымыз бастап, қоғам белсенділері атсалысып, әрқайсысында 25-30 тоннаға дейін шөп тиелген 10 вагон жөнелтілді. Бұған қоса, «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ басшысы Нұрлан Сауранбаев қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге Түркістан облысынан жіберілетін жемшөп тасымалы бойынша барынша қолдау көрсететінін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев  және «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасының келісіміне сәйкес, шөп тегін тасымалдануда. Халықтың қалауын ескеріп, азаматтарымыздың ниетін қолдаған, көмекке мұқтаж бауырларымызды демеуге ынталы басшылыққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Жемшөп тасымалынан өзге, «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ облыстық филиалын Шымкент қаласынан Түркістан облысына көшіру бойынша келісімге келдік. Құжаттамалық және логистикалық мәселелері шешіліп, филиалдың облыс аумағында орналасуы жергілікті кіріске оң әсерін тигізіп, қызмет көрсету сапасы да жақсара түседі деп ойлаймыз. Алла игі істерімізді көп етіп, қашанда бір-бірімізге қолдау білдіре алатын мүмкіндік берсін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов.

Күні кеше батыстағы ағайынға бұған дейін 74 тонна шөп жөнелткен Жетісай ауданының халқы тағы 45 тонна көмек жіберді.

Тегтер: қуаңшылық құрғақшылық мал шаруашылығы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39