БҚО-да бір полицейдің мұрны қанамады

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

18.01.2022, 15:30

2128

Еліміздің кейбір облыстарымен салыстырғанда Батыс Қазақстан өңіріндегі наразылық шеруі сөздің тура мағынасында тыныш, бейбіт сипатта өтті. 

Қаңтардың 4-і күні Оралдың шетіндегі «Дина» супермаркетінің алдына жиналған жүзден аса адам Жаңаөзенді қолдайтындарын айтып, газ бағасын 110 теңгеден 50 теңгеге дейін түсіруді, азық-түлік қымбатшылығын тоқтатуды талап етті. Шерушілерге облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен қала әкімі Абат Шыныбеков шыққанымен көпшілік оларды тыңдауға құлықты болмады.

Шерушілер арасында жүрген белгілі заңгер Абзал Құспан микрофон алып: «Үкіметтің қаулысын оқыдым. Онда комиссия тек Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін құрылғандығы айтылған. Сонда біз қайдамыз? Бізде ондай мәселе жоқ па? Егер жұмысына көңіліміз толмаса, үкіметтің отставкаға кетуін талап ету – конституциялық құқығымыз. Үкімет кетсін!» деп шерушілер атынан саяси талап қойды.  

Шамамен бір жарым сағат өткеннен кейін саны көбейіп, қатары толыққан шерушілер шаһарды көктей өтіп, облыс әкімдігі орналасқан Абай алаңына қарай жол тартты. Алаңда олармен өңір басшысы Ғали Есқалиев кездесті. Ынталы топ өкілдерін әкімдік ғимаратына шақырып, талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады және мүмкіндігінше орындауға уәде берді. 

Шерушілер түн ортасына дейін тарқамай тұрды. Алаңда киіз үй құрылып, қазан асылып, сөз сөйлеймін, өлең оқимын, домбыра тартамын дегендерге жағдай жасалды. Түнгі сағат 3:05 шамасында бейбіт шеруді өз мақсаттарын пайдаланып кетуді көздеген бір топ арандатушылар, Абзал Құспан мен басқа да митингтің басы-қасында жүрген азаматтарды тыңдамай, облыс әкімдігі ғимаратын басып алуға ұмтылды. Оларға қарсы арнайы жасақ жауынгерлері жарық-дыбысты граната қолданып, санаулы минуттар ішінде алаңды шерушілерден тазартты. Тазарту барысында мерт болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Сондай-ақ Оралда және аудан, ауылдарда бірде бір нысан бүлінбегенін, тоналмағанын айтуымыз керек. Бұл облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша: «Ақжайық өңірі тұрғындарының жоғары саяси мәдениеті мен салқын сабырының арқасы».

Шеру басылғаннан кейін екі-үш күн өткесін Абзал Құспан, Лұқпан Ахмедияров және т.б. бірнеше белсенді әкімшілік қамаққа алынғаны белгілі болды. Сот үкімімен он тәулікке қамалған Абзал Құспан бес күннен соң бостандыққа шықты.      

Енді Орал, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында бейбіт митинг өз бағытынан қалай жаңылмады деген сауалға  келейік. Митингтер стихиялы ұйымдасқанымен жергілікті билік тұрақты кері байланыста болды, сөз ұстаған жігіттер мен ел ағалары қайта-қайта ынтымақ-бірлікке, әдеп пен тәртіпке шақырып тұрды. Бірді-екілі ішімдік ішіп, масайғандарды топтан алыс ұстады. Арандату мен лаңға жол бермеді.

Азаматтық белсенді Абзал Құспан фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды: «Соның нәтижесі болар, бізде бір полицияның мұрны қанамады, бір ғимарат бүлінбек тұрмақ, бір талдың шыбығы сынбады, тіпті өз қоқысымызды өзіміз жинауды ұйымдастырдық.

Одан басқа, оралдық әкімдер басынан бастап елмен кездесуден қашпағаны, қазір қарап отырсам, кәдімгідей жетістік екен. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыс әкім Ғали Есқалиевтер митинг басталғалы халықпен бір емес, бірнеше мәрте кездесті. Іс жүзінде біздің талаптарымызды толықтай орындады десе де болады.  Одан кейін, қақаған аязда елді таратып алмай, әрі олардың рухын жанып отыру мақсатында елдің алдына Мұнайдар Балмолда, Жанат Есентай сияқты ақындарды, әнші-күйшілерді шығарып отырдық. Бұл Абай алаңына сыймай, толқып тұрған халықтың назарын негізгі мәселеден бұрғызбай, арандатушыларға еріп кетпеуіне де сеп болды. Одан кейін облысымыздың бас имамы Бақытжан Құралбайұлын мінберге шығардық. Бұның бәрі билікке де, митинг ұйымдастырушыларға да сабақ болуға тиісті».

Тегтер: лаңкес қауіп қатер терроризм соғыс қантөгіс мемлекет халық әлеумет қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56