23.10.2020, 08:43
300
Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытудың концепциясы жасалатын болды.
Бүгінгі таңда статистикалық есеп бойынша қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 294 мың адамға жеткен. Бұл барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 27,8% екенін көрсетеді. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 30%-ға жеткізу көзделуде.
Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берген дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалада 856 спорттық нысан тіркелген. Одан өзге, спорт алаңшаларын салуға 95 жер телімі анықталған. Оның ішінде 9 жер теліміне мемлекеттік акт алынған болса, қалған 86 жер бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жер телімдерін тиімді пайдалану мақсатында Мұрат Әйтенов сала басшысына тапсырмалар жүктеді.
— Қаладағы бұқаралық спортты дамытудың концепциясын даярлау қажет. Сонымен қатар, бөлінген 95 жер теліміне салынатын нысандардың арнайы картасын жасау керек. Оның ішінде аудан әкімдерімен бірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шалғай елдімекендерде де спортты дамытудың жүйесі әзірленсін, — деді қала әкімі.
Олег Почивалов есеп беру сәтінде 1 қарашадан бастап аллеяларда жаппай спорттық жаттығулар ұйымдастырылатынын жеткізді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР