Даланың дана диқаны

Гүлнар ДҮЙСЕБАЙ

14.10.2021, 10:56

479

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еңбегімен елге танылған тұлғалардың есімін ұмытпай ұрпақ жадында қайта жаңғырту керектігі айтылған болатын.

Бұл күндері Шиелі десең Ы.Жақаевты сөз етпеу мүмкін емес. Әлемге Сыр күрішін әйгілеген Ыбырай Жақаев – өз бақытын еңбектен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған кемеңгер диқан, ақ күріштің атасы, дала академигі атанды. Саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп, қайталанбас рекордтар жасай жүріп, еліміздің аграрлық саласының дамуына зор үлес қосты.

Міне, осындай ел үшін туып, ұлтын ұлы істерге бастаған тұғырлы тұлғалар үнемі халық жадында жаңғыра бермек.Биыл Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы. Оған қоса, аудандағы Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің кірпіші қаланғанына 40 жыл толуда. Айтулы датаны ескере отырып, 6 қазан күні аудандық Ы.Жақаев музейінде еңбек сүйгіштіктің, адамдықтың, адалдықтың, азаматтықтың өлшемі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған даңғайыр диқанның құрметіне «Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға», Ыбырай Жақаев музейінің 40 жылдығына «Тұғырда тас мүсін емес, тарихы жатыр» атты іс-шара өтті. Іс-шараға Арал өңірі мен Жаңақорған ауданы аралығындағы барлық музейлердің меңгерушілері мен ғылыми қызметкерлері, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары ­ Жанар ­Ахметова, Әсет Тоқтамысов, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкірұлы, «Күріш және күріш ауыспалы егісі дақылдарының тұқым шаруашылығы» бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Камалдин Шермағамбетұлы қатысты.

Дән сеуіп, даңқы артқан Ы.Жақаевтың 130 жылдық тойына ат арытып келген қонақтарды Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, Шиелі аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағамбет Жағыппаров, Шиелі ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен ­Исмаил, ҚР Мәдениет қайраткері профессор Өскенбай Тәшенов, Ыбырай атамыздың ұлы Сейітбек Жақаев және аудан, ауыл ақсақалдары қарсы алып, рухани шараның куәсі болды. Музей алдында тарихтан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, қолөнер мен қымыз, шұбат ұсынылды. Шара барысында Жақаев, Байсын, Арман мәдениет үйінің әжелері, қолөнер шеберлері, шараға демеуші болған кәсіпкерлер және музей қызметкерлері аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бүгінде даңғайыр диқанның өмірі аңызға, әр ісі өнегеге айналды.

Ақ күріштің атасы бақытын еңбектен тауып, диқандықты даналыққа ұштастырды. Қажырлы қайратымен танылған диқан әрбір әрекеті арқылы еңбек адамының қандай болатынын көрсете білді. Тіпті, Ұлы Отан соғысы жылдары Отан қорғау қорына арнап танк колоннасын жасауға 150 мың сом қаржы берді. Саналы ғұмырында жүріп өткен өмір сүрлеуі бүгінгі ұрпаққа үлгі болып отырған даңқты диқан дүниежүзілік рекорды үшін, егін даласындағы табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Кеңестік қоғамның тағы бір атағы КСРО мемлекеттік сыйлығы берілген. Ол үш мәрте ҚазССР Жоғары Кеңесінің депутаты, ҚазССР Жоғары Кеңесінің Президиум мүшесі болған. Сонымен қатар, 4 рет «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің 4 алтын медалімен наградталған. Ы.Жақаев 1971 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағына қол жеткізді. Осыншама ерліктің астарында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік пен қайтпас қажыр-қайрат жатқанын мойындамау мүмкін емес. Сондықтан, дала академигіне қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Тіпті, әлемдік рекордты орнатқан диқанға арнап әлем еститін дүбірлі той жасасақ та артықтық етпейді. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Расул ЖҰМАЛЫ 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 19:38
Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
Бақыт ТІЛЕГЕН 20.10.2021, 18:42
Ерікті болу еріккеннің ісі емес
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31