Демографиялық дүмпу

Үшінші мегаполис халықтың өсімі жағынан алғашқы орында тұр

М.СӘУЛЕБЕК

10.09.2020, 10:38

1509

                           

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, демографиялық өсім жағынан Шымкент Қазақстанда алдыңғы орында тұрған өңір.  Шымкент Қазақстанда ғана емес, сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінің ішінде тұрғындарының саны өте тез көбейіп келе жатқан қала атанып отыр. Демографиялық дүмпу бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты. Сонымен бірге бұл Шымкенттің бірте-бірте үлкен қаржылық, сауда-саттық орталығына айналып келе жатқанын білдіреді.

Статистикалық деректерді одан әрі жалғастырсақ, Қазақстандағы ең аз ажырасу да оңтүстікке тиесілі. Арнайы статистикалық көрсеткіш бойынша қала көлемінде сегіз айда  3605 неке қиылса, 643 жұптың дәм-тұзы жараспай, ажырасқан. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ажырасудың үш есеге азайғанын көрсетеді. Биылдың сегіз айында мегаполисте 21 168 сәби дүниеге келген. «Осы жылы ұлдар арасында ең көп кездесетін есімдер – Нұрислам және Нұрилан, ал қыздарға көбіне Сафия және Раяна есімдері қойылып жатыр», – дейді қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Ақбота Жұмабекқызы. Бөлім басшысының айтуынша, сегіз айда шаһарда 54 егіз нәресте дүние есігін ашқан.

Халық санының тез көбеюі мегаполисте бірқатар мәселелерді жеделдетіп шешуді қажет етеді. Соның ең бастысы – баспана. Бүгінде тұрғындарының саны миллионнан асқан Шымкентте баспаналы болудың  мүмкіндіктері молайып келеді. Шымкент қаласы әкімдігінің берген мәліметтеріне қарағанда,  шаһарда «Нұрлы жер»  және «7-20-25» бағдарламалары аясында құрылыстар қарқынды жүріп жатыр. Барлық қаржы көздері есебінен 14 224 пәтерлі 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5800 отбасы баспаналы болады деген жоспар бар. Жыл соңына дейін 104 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл үйлердің басым көпшілігі, негізінен, қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында, «Шымкент сити» және «Тұран» шағынаудандарында бой көтеруде. Олардың 59-ы бюджет есебінен,  26 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ арқылы, ал жеке салушылар есебінен 19 үй тұрғызылуда. 

Салынып жатқан баспаналар әуелі көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға және жұмыс істейтін жастарға беріледі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысандардың сапалы және уақтылы аяқталуын өз бақылауына алып отыр. Қала басшысы жуырда   тұрғын үйлердің құрылысымен  танысып қайтты.

– Ең басты талап – сапа. Біз тұрғын үй салушыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Ал сіздердің тараптан сапалы жұмыс істелінуі керек. Құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді, – деді қала әкімі. Тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар келіп түсетінін айтқан қала басшысы құрылыс компанияларына бірінші кезекте сапаға мән беру керек екенін тағы да қатаң ескертті.

Сонымен қатар үшінші мегаполисте заманауи үйлер де бой көтеруде. Озық технологияларды қолдана отырып, комфорт және бизнес санаттағы тұрғын үй салу жоспарлануда. Отыз гектардан астам аумақты қамтитын осындай жобаның құрылысы 2021 жылдың көктемінде басталады. Ол дендросаябақ, зообақ және «Қазына» этнопаркінің маңайында орналасады. Ауданы 500 мың шаршы метрді құрайтын орамның құрылысын отандық «BI Group» компаниясы жүргізеді.

– Біз әлеуметтік инфрақұрылымға жіті көңіл бөліп отырмыз. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Алты жыл ішінде 1500 орындық жаңа мектеп пен емхана салынады. Тұрғын үйлердің бірінде балабақша болады. Сондай-ақ Тұлпар көлінің жағалауын абаттандыру жоспарланған, – деді компания басшысы Айдын Рахымбаев. 

       Аталған нысанды салу кезінде 8500-ден астам жұмыс орны ашылады. Үйлердің қасбеттері еуропалық панельдерден тұрса, тұрғындар мен қонақтардың жайлылығы үшін жобаларды басқарудың жаңа жүйелері мен «Smart Home» ақылды үй қызметін енгізу жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, мұнда демалыс орындары, спорт және балалар алаңшалары, жаяу жүргіншілер, жүгіру және велосипед жолдары салынады. Ал тұрғын үйлердің бірінші қабаттары коммерциялық үй-жайларға беріледі.

Үшінші мегаполисте халықты жұмыспен қамту, өнеркәсіпті дамыту, қаланың өзіндік кірісін көбейту бағытында да көп жобалар қолға алынуда. Өңдеу өнеркәсібінің өсімін алдағы бес жылда 1,5 есеге арттыру жоспарланған. Сондықтан электр қуатын беретін Бозарық қосалқы станциясының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау қажет. Себебі қуат көздерінің тапшылығы бизнестің дамуына қолбайлау болып отыр.

Сонымен бірге «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды аймақтарының қатарына «Жұлдыз» да қосылмақ. Жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриалды аймағының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Бірінші кезеңде – 2020-21 жылдар аралығында 110 гектар, екінші кезеңде – 2021-22 жылдары 230 гектар жер игеріледі.  Жаңа индустриалды аймаққа 105 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады. Ол толық іске қосылғанда 8000 адам жұмыспен қамтылмақ. Мұнда кезең-кезеңмен 60 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Жобалар, негізінен, құрылыс материалдары, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібіне бағытталған. Атап айтқанда, индустриалды аймақта трансформатор, полиэтилен құбыры, жылытқыштар, пенопласт, пеноплекс өндіретін  компаниялар орналасады. 

Мегаполистің білім саласында да шешілуі тиіс мәселе аз емес. Соның ең бастысы – үш ауысымдық мектептердің санын азайту. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, мегаполисте 147 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда жұмыс істейді. Жылына оқушылар саны 12 мыңға артып отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек.

– Мемлекет басшысы коронавирустың тағы екі жылға созылуы мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Енді халық тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырады деп ойлаймын. Үлкен тойханалардың бұрынғыдай сұранысқа ие болатынына күмәнім бар. Оның үстіне адамдар көпшілік жерге баруға аяқ тартып қалған. Осындайда Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті білім сарайына иесінің атын берсін. Айтпақшы, қазір «Нұрсәт» ықшамауданында орналасқан «Оңтүстік» атты салтанат сарайы мектепке айналып жатыр. Бұл ауданда орналасқан №80 мектеп үш ауысымды. Салтанат сарайына бардым. Сарай десе – сарай. Мұндай зәулім ғимаратты мектепке айналады деп кім ойлаған? – дейді Шыңғыс Мұқан.

Кәсіпкер Есбол Қамбаров мұндай шешімді пандемияға байланысты қабылдапты.

– Тойханадан мектеп ашпас бұрын, басқа елдердің тәжірибесін зерттедім. Финляндия, Англия және басқа елдерде балалар сарайлар сияқты интерьері бар мектептерге баратынын білдім. Бұл қазір кең таралған тәжірибе. Дәл осындай жағдай балаларды мектепке мереке ретінде баруға бейімдейді. Білім министрлігінің білім саласындағы бақылау департаментінде білім беру қызметін жүргізуге лицензия алдым, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, салтанатты залдарды сыныптарға қайта жөндеуден өткіздім, – дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта тойханада оқу аудиториялары үшін салтанатты залдарды қайта құру жалғасуда. Қайта жабдықталған кабинеттерді аяқтағаннан кейін қосымша 300-ден астам оқушы 42 сыныпта оқи алады. Қазір 90-нан астам мұғалім еңбек етуде. Керекті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 300 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Мұнда ақылы және ақысыз сыныптар бар.

Бұдан бөлек, кәсіпкер Германиядан жеке қаражатына  өкпені жасанды желдетудің 35 аппаратын сатып алып, №2 қалалық аурухананың провизорлық орталығына тапсырған.

Тегтер: демография халық саны өсім мегаполюс қала ауыл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43