Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

20.10.2020, 04:41

4103

Еліміз егемендік алған тұста, атом полигонының кіндігінде орналасқан Егіндібұлақ халқы ажал аждаханы жабылды деп бөркін аспанға атып,  елден ерен қуанды. Бірақ қарашаның жүрегін тулатқан қуаныш көпке ұласпады.  Туған жерін жер  жәннатына балаған  жиырма бес мың тұрғыны бар Егіндібұлақтық  аудан жабылады деген еңсені езер  хабар алды. Ауқатты аудан аяқастынан жекешелендірудің құрбаны болып кете барды. Оңтайландыруға оңбай іліккен  ауыл мекемелерінің зәулім-зәулім ғимараттары бос қалды.  Ондағы мүлік ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.  Алда-жалда ауылға аттап бассаңыз, жүдеу жағдайды  қаз-қалпында көресіз.  Соғыстан кейінгі кейіпке оранған ауыл келбетіне киліккенде,  аза бойы қаза боласың. Бұл әсіресе, жергілікті тұрғындардың жанына қатты батуда. Кеңес кезінде  төрт түліктен түлетіп төл өргізген төбедей-төбедей тоғыз кеншар ыдырап тынды. Оның арты жұмыссыздықтың жайылуына  апарып соқты.  Үміт оты өшкен  тұрғындар туған жерлерін тастап қалаға үдере көшті.  Қазір аңыраған ауылда небарыүш мыңға жуық ағайын қалған.

Жанымызды шүберекке түйіп жүрміз

Бүтін бір ел қытай індетінің екінші толқынына  төтеп берудің амалын ойлап бас қатырып жатқанда, Егіндібұлақ қаннан қаперсіз жатыр. Мұндағы халық үндерін  300 шақырым қашықта жатқан облыс басшыларына естірте алмай дал болуда.  Ауыл, аудан әкімдері жағдайдан хабардар бола тұра, арқаны кеңге салып алаңсыз жүр.  Елдің мүддесін жеке басынан артық қоятын есіл қайраткерлердің заманы келмеске кеткен бе  деген  намыстан туған сауал осындайда  еріксіз тіл ұшына оралады екен. Зейнеткер Айна Әбілова: «жерлестерімнің  жағдайын ойласам, уайым кешіп  қанқысымым көтеріліп кетеді», – дейді. 

– Ауылымызда 1 дәрігер, 3-4 медбике ғана бар. Екі жарым мың халықтың денсаулығы мен ауыртпашылығын орта білімді медбикелер қайыспай көтеріп тұр.  Аудан басшылары  қалап әкелген  (естуімізше,  мамандығы – санитар дәрігер)   жоғары білімді  дәрігердің біліктілігіне көпшіліктің көңілі толмайды.  Басы ауырып,  балтыры сыздағандардың барлығы тәжірибиелі  орта білімді  мамандарымызға  барып қаралады. Короновирустың  бірінші толқыны сойқан салған мамыр және қараша айында,  ауыр кесел жұқтырғандардың  барлығын аяғынан тік тұрғызған мың жасағыр медбикелеріміз болды. Осынау ауыр кезеңде бас дәрігеріміз  сырқаттанып қалғанын, енді бірде,  әр нәрсені сылтаурап бізді тастап кетті.  Бұдан кейін елді естен шығарып, өз жанын сақтаған жанға қандай құрмет болсын?  Ол аздай,  қазірдің өзінде,  аптасына 1 рет қарасын батырып, ауылдан таптырмай кетеді.  Бүгінде іс басында жүрген қайратты  медбикелеріміздің  екеуі зейнеткерлік жаста, біреуі олардың ізін басып келеді.  Енді екеуін зейнеткерлікке жіберсе,  күніміз қараң болғалы тұр.  Осы жолы өкпесі қабынған аурулар күндізгі стационарда жатып  ем алды.  Емханадағы  сүйектен өткен суықтың өзі  барған адамдарды  ауруға шалдықтырды.  Байғұс медбикелер өз денсаулықтарынан айырылардай болды. Көптің тілегі болар, мұнда  жылу әрең дегенде   қазанның 5 күні берілді.   Жалпы,  біздегі жалғыз денсаулық мекемесі көзден ада, көңілден таса қалған.

Сексеннің сеңгіріне келген осындағы қарт  Бәти Қасенова  етегінен жас ағып, тіл қатты.

–Баяғы дәурен қайда?  Зәулім сарайдай  салалық ауруханалардың орны үңірейіп қалды. Ақсақалым екеуміз сырқаттансақ,  үйде емделеміз.  Күндізгі стационарға  барып емделуге қауқар жоқ.  Дәрігер үйге бас сұқпайды. Баяғыдай айналдырған он минутта жетіп келетін жедел жәрдем қызметі бізге ертегіге айналды. Түнде ауырсақ, төсегімізде дөңбекшіп, түнді зарлап аттырамыз. Сәбилер сырқаттанса, тіптен мұң. Педиатр дәрігер мүлдем жоқ. Әйел-аналардың кеселін емдейтін жалғыз медбикеміз бар еді, былтыр оны зейнеткерлікке шығарып жіберді.  Қазір оның көзі де жоқ. Балалары қалаға көшіріп алып кетті. Келіншектер енді  қысылғанда кімге барамыз деп қиналып жүр.

Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету әлжуаз күйде қалып келеді.  Жоғары білімді сала дәрігерлері жоқ. Жас мамандарды тартуға жергілікті өкілетті органдар мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ешқандай мүмкіндіктер жасалмаған.

Жұтта қалдық

Тыста жиырма бірінші ғасыр, қауқарлы  техникалардың атойлаған дәуірі.  Егіндібұлақтықтар қарапайым автобусты көруге зар болып отыр. Мұнда  қоғамдық көлік қатынамағалы көп болған.  Ауылдан аттап шықпайтындар мен кемпір-шалдар жылына 2-3 рет қаладан дөкейлер келгенде,  түрлі-түсті  көлік маркасының сұлбасын көріп  сілекейлерін шұбыртады.

–Бұрнағы жылдары облыс орталығы мен  ауыл арасына  Қарағандыдағы №3 автопарктің  рейстік автобусы  қатынап тұратын.  Кейін шығынды ақтамайды деген желеумен тоқтап қалды. Былтыр  коммерциялық көлік жүрген.  Құныққандар бағасын 4 мың теңгеге  шарықтатып қойған  соң, халықтың көбі бас тартты. Қазір қала мен ауыл арасына жекеменшік таксистер  жүріп-тұрады. Оның бағасы аспандап тұр. 300 шақырым деп сылтауртып,  10 мың теңге алады. Барып-қайту үшін 20 мың теңге тақияңызға тар болмаса,  таксимен зулай бересіз. Айлығы шайлығынан аспай отырған жерлестеріме қазір облысқа жету арман болды, –дейді,  аты-жөнін жасырын ұстауды өтінген қатардағы қызметкер,  Егіндібұлақ тұрғыны.

Қайнайды қаным, ашиды жаным

Семей  полигонының  ащы зардабын тартқан азамат, атом жобасының

құрметті елшісі, суретші Кәріпбек Күйіков осы Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген. Туған жерінің тағдыры оның жан жарасына айналған.

–Менің кіші отанымның  келбеті атом бомбасының  таңбасындай тілім-тілімі  шыққан.  Бірде барғанымда, жүдеу кейпін көріп көзімнен  жас алдым.  Әр көшеде  кемі 2-3 тен  қираған  үйлердің қалдығы жайрап жатыр.  Тау-тау болып үйілген қалдықтың үстіне тұрғындар қоқыстарын әкеліп төккен. Карьер қалдықтарынан  кем емес. Көшелері тас қараңғы, электр бағаналары жеткіліксіз. Түнде жүрегінде түгі бар жеке батырлар ғана   сыртқа  шығады.  Осыны  көріп-біле тұра, әкімдіктегілер көзжұмбайлыққа салынып отырғаны мені толғандырады.  Ауылымда қаншама талантты өрендер бар. Солардың болашағына алаңдаймын. Биліктегілерден қайырым болмайтынын біліп, былтыр қалада тұратын көршілеріміз  қаржы жинап, Нұрмақов көшесінде тұратын балаларға спорт кешенін тұрғызып бердік.  Биыл көктемде  азаматтар  жиналып,  ауылдағы емханаға  өкпені жасанды желдететін аппаратты  сыйға тартты. Әкімдерден сұраудан бетіміз қайтқан. Бұдан бұрынғы аудан әкімі Халел Мақсұтовтан  аудан мен ауыл  арасындағы жолды жөндеп беруді сұрағанымызда, қаржыны  қалтасынан  беретіндей  ашуға мініп: «Сендер шөгір болып біттіңдер!» деп өзімізге дүрсе қойғаны еді. Қарқаралы ауданын басқаруға келетін әкімдердің біздің өңірге мойын бұрып, жүректері  жібімей-ақ қойды.  Бұзу-жаруды бізден бастайды.  Жақында ауылымызға сән келтіріп тұрған жалғыз  кітапхананы жауып,  қара суықта кітапхананы  әкімдіктің 3-қабатына көшіреді дегенде, тағы мәселенің соңына түсіп, мән-жайын анықтадым.  Ақыры,  ыңғайлы ғимарат тапқанша  қозғалмайтын болды. Қазіргі кездегі  өзекті мәселе, аудан мен ауыл арасын  жалғайтын көлік жолының сапасы сын көтермейтін жағдайда тұр.  Ауылдан 20 шақырым қашықтықта жатқан бұрынғы  «Қазақстанның 40 жылдығы» кеншарынан мыс  табылып, кен орны ашылған болатын.  Айтпақшы, осы «Алтай полиметал» ЖШС-ның   төрағасы Руслан Юн Егіндібұлақтан офис ашып беріңдер деп қиылғанда, Мақсұтов мырза шыр-пыр болып  жолатпай қойды. Юн мырзаның  қалауын орындағанда, қазір жерлестерімнің  күйі әлдеқайда  жақсы болар еді.  Кен өндірісінен  шығатын  жүк тиеген  ауыр  көліктер  Егіндібұлақты басып өтеді. Кезінде  Қошанов жөндеп беріп кеткен көлік жолының  алжа-алжасы шыққан.  Менікі  айту-азаматтық  парызым, оны жөндеу әкімдерге сын.

Әкімдіктегілер «бүй» дейді

Аудан әкімі Елдар Дүйсетаевтың қарасын көрмек түгілі,  дауысын естімедік. Баспасөз хатшысы Баршын  Жұмаханова бізге қоңырау шалып,  мәселенің мән-жайын түсіндірмекші болды.  Проблеманың ұңғыл-шұңғылын  сұрастырған соң, терең түсінік бере алмады. Аудан әкіміне шығып, хабардар етейін деп сөзін  қайырды.  Артынша, ол  тағы байланысқа түсіп, Елдар  Серікұлының ұялы телефоны ағытылып тұр деп ақталды. Тек әкімнің әлеуметтік мәселер жөніндегі орынбасары Сайлау Әлиұлының жеке телефон номерін ұсынды. Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Егіндібұлақтағы ауылдық кітапхана қаладағы  кәсіби мекеменің эксприменттік тексерісінен соң, апатты жағдайда тұрғаны расталғанын  айтты. Одан әрі,  келер жазға дейін рухани ошақ бұрынғы орнында қалатынын жеткізді.  Болашақта кітапхана бұрынғы мектеп-интернаттың 2 қабатты жатақанасына көшіріледі. Қазір ғимаратты мәдениет бөлімінің балансына өткізу  мақсатында құжаттар дайындалып жатқан көрінеді.  Аудандық жерге жалтақтап отырған жергілікті басшылар болса, телефон көтермей жауапкершіліктен қашқақтады. Айтпақшы, апта бұрын ауыл әкімі Мейірлан Темірханмен  тілдескенімізде: «кітапхана өз орынында, елдің даурықпа сөзі»  деп шорт кесіп, түсінік берместен телефонын тастай салған.  Дүйім жұрттың жанына батып отырған жырым-жырымы шыққан жол мен дендеп тұрған денсаулық саласындағы  ахуал қашан түзеледі деген сұрағымызға  басшылардан жауап алмадық. Толғандырған түйткіл  басы ашық күйінде қалды.

Түптеп келгенде, биліктің жоғары сатысындағы жауаптылардың көңілі жеткілікті бөлінбейінше,  егіндібұлақтықтардың басындағы қасірет қашанға созылары беймәлім.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56