«Егістен сөреге дейін»

Президент тапсырмасы қаншалықты жүзеге асады?

Б.ЕРНАЗАР

04.05.2022, 14:15

1117

Түркістан облысында республикадағы көкөніс пен жеміс-жидектің басым бөлігі өндіріледі. Мақта дақылын егетін бірден-бір өңір. Ет экспортының әлеуетін көтеріп отырған да Оңтүстіктің шаруалары. Республикадағы барлық жылыжайлардың 70 пайызы, тамшылатып суару әдісі енгізілген алқаптардың 70-80 пайызы күнгейдегі диқандардың еншісінде. Мойындау керек, Түркістан ірі аграрлы өңір саналады. Ауыл шаруашылығында тың жобалар баршылық. Бірақ сонымен бірге бұл салада шешілмеген мәселелер де жоқ емес.

Облыстағы жауапты басшылардың айтуынша, бүгінде Түркістанның ауыл шаруашылығы үш бағытта дамып келеді. Оның біріншісі – ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруді жекелеген тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарында дамыту. Қазір бұл салада ілгерілеушілік бар. Облыста отбасылық шаруашылықтар құрылып жатыр. Былтыр жаңадан ірге көтерген 525 шаруашылықтың 162-сіне «Еңбек» бағдарламасы арқылы гранттық қолдау көрсетілген.

Екінші бағыт – «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы. Бұл жобаға шаруалар тарапынан қызығушылық зор. Оңтүстіктің жылы климаты жобаны жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік береді. Диқандар ақпаннан бастап, қара күзге дейін бір егістікке екі немесе үш қайтара өнім егеді. Яғни сәйкесінше, бір алқаптан түсетін пайда жылына үш есеге көбейеді деген сөз. Былтыр осы әдіс арқылы 8 мыңнан астам гектарда 3 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 280 мың тонна өнім жиналды.

Үшінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу. Бұл енді, әрине, көп қажыр-қайратты, ресурсты қажет етеді. Аталған бағыт бойынша қазір Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жүріп жатыр. Белдеуде ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін кәсіпорындар, шаруашылықтар іске қосылады. 35,1 миллиард теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендіріледі. Қазір 2,2 мың гектарға 65  жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылды. Жаңбырлатып суару арқылы ағын суды 2 есеге үнемдеуге, ал алынатын өнімнің көлемін 3 есеге дейін арттыруға болады.

Жақында Сайрам ауданында Dala-fruit.kz ЖШС-нің бау алқабында «Егістен сөреге дейін» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жөнінде республикалық семинар-кеңесте осындай мәліметтер жария етілді. Айта кетері, аталған шараға облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, қаржы мекемелері, ірі сауда желілерінің басшылары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысты. Басқосудың ең басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жақсы әдіс-тәсілдерді көрсету, тәжірибе тарату, өзара байланысты нығайту ғана емес, осы саладағы қалыптасқан жағдайға талдау жасау, проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу.  

«Егістіктен сөреге дейін» президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспары бойынша берген тапсырмасы аясында  пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып келеді.  Аты айтып тұрғандай, оның басты мақсаты – ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету. Шаруа мен тұтынушы арасын жақындастыру.  Сол арқылы баға тұрақтылығын сақтау.

Семинар-кеңеске қатысушыларға Түркістан облысы диқандары мен аграрлық саладағы тың тәжірибелер көрсетілді. Қатысушылар, әсіресе диқандардың өнімін тікелей нарыққа ұсынатын «Экобазардың» жұмысын жоғары бағалады.

– Түркістан облысының басқа өңірлерден ерекшелігі – ыстық және жылы күндердің ұзақ болуында. Өңірде ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа технологияларға басымдық берудеміз. Су үнемдеу, тамшылатып суару, үйіргелік жерге көкөніс егу, агроқұрылымдарды ірілендіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс күші де жеткілікті. 2019 жылдан бері «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәжірибесі кеңінен ендірілуде. Жоба арқылы шаруалардың табысы 2-3 есеге ұлғайды. Биыл «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәсілі арқылы 133 ауылдық округтегі 8,4 мың гектар жерде 3000 жоба жүзеге асырылуда. Еліміздің өзге өңірлеріне көкөніс жеткізуге мүмкіндік мол, – деді басқосуда өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысында егілген өнім ерте піседі. Облыстың республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте пісетін мезгілдік картоп, пияз, сәбізбен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар. Мәселен, биыл жиналған 200 мың тонна қырыққабат облыс қажеттілігінен 12 есеге асып түседі екен. Қалған өнімді басқа өңірлерге тасымалдап, осы саладағы алып-сатудың тиімді жүйесін жасаса, бұл шаруаға да, тұтынушыға да пайдалы. Семинарда Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жиында Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде бірнеше ұсыныс берілді. Өзге өңірден келген кәсіпкерлер мен диқандар, басшылар министр мен вице-министрге өткір сұрақтар қойып, мәселелерін жасырмай айтты. Диқандар газ бен электр және көмір тарифінің қымбат екенін, осы себепті оны субсидиялау қажеттілігін атап өтті. Сонымен бірге шетелден келетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне шектеу қою мәселесі де айтылды.

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01