Ел риза

Бекен КӨКІШҰЛЫ

31.03.2022, 18:00

1645

«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек».

Абай

Асқар таудың биік асқақтығын алыстағанда аңғарасың, ал адам баласының алыбын заман өте ұғынасың.

Халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыздың туған күні 12 қаңтарды Қазақстан халқы жыл сайын қанағаттанарлықпен еске алып, атап өтіп жүргені бәрімізге мәлім.

Дара тұлға – халқының демеушісі де, жебеушісі де, қамқоршысы да болды. Ел аманатын ақтап, аса зор сенімге ие болып, КСРО Жоғарғы Советінің халық сенген депутаты, Советтер одағы коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі болып үлкен абыройға ие болды. Димаш аға адалдықтың жаршысы, өз ұлтын сүйген іскер басшы, абырой арқалаған, азаматтық тұлғасы биік, өз елін көп жыл басқарып, шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында экономикамызды көтеріп, қарапайым халқының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартып, мемлекетімізді сол кездегі Кеңес одағы республикаларының алдыңғы қатарына жеткізді.

«Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай ар сақта» – деп айтқан әлемдік деңгейдегі ой алыбы Шәкәрімнің пікірін сақтаған осы Димаш аға болды.

Өзіне Құдай салып берген ақ жолдан таймағандығы сол, зейнетке шыққанда үйінің алдында жекеменшігінде ең болмаса «Москвич» немесе ескілеу болса да бір «Жигули» жеңіл машинасы болмағаны туралы кезінде баспасөз жазған.

Зейнетке шыққаннан кейін Талдықорғанның Крупская атындағы колхоз председателі, Социалистік Еңбек Ері Злиха Тамшыбаева Димекеңді қонаққа шақырғанда, баруға машинасы болмай сол кездегі Алматы әкімі Заманбек Нұрқаділовтен 5 сағатқа машина сұрап алып, барып қайтқан. Бұл жағдайды Зәкеңнің өз аузынан естіп ем.

Міне, адалдық! Міне, тазалық!

Айлық ақшасы 3000 сом болып, оның 1500 сомын КПСС-тің саяси бюросының нағыз мүшесі болғандықтан, ал 1500 сом өзіне академик ретінде тиісті болса, оның 1500-ін ай сайын Алматыдағы балалар үйіне беріп отырған. Кеңес Үкіметінің орталығында, немесе басқа республика басшыларының мұндай рақымшылығы ешқайсысында болған емес. Бұл білімділігі – тек сол кездегі басқарып отырған жалпы халқының жағдайы үшін ғана емес, жастарымыздың, немере-шөбереміздің болашағын, білім алуын ойлағаны деп түсінуіміз керек. Қонаевтың осындай ақылдылығынан, болашақты көрегендігінен кейін, нағыз қарапайым халқының досы, жанашыры, тұла бойы мемлекет үшін берілген адам демей не дейсің! Димаш аға елдің намысы, абыройы болды.

Көпті көрген кісі тіршіліктің түзу жолы болмайтынын жақсы біледі. Димаш аға, ойлы-қырлы, бұралаң-бұлтарысы мол өмір өткелдерінен сүрінбей өткен, ұйымдастырушылық қабілеті зор атақты ғалым-академик. Өмір жолы «Өтті дәурен осылай» деп аталған алғашқы кітабында толығырақ жазылған.

Шыны керек, асарын асап, жасарын жасаған, әжептәуір жасқа келген адамның өмірінің соңғы жылдары жазған 500 парақтан астам кітабын оқығанда таңғалмасқа болмады. Оны оқыған халқы, Қонаев ағаның ғалымдық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін пайдалана отырып, Қазақстанымызды қандай еңбекпен жаңартып, экономикасын көтергенін білді.

Сайып келгенде, Дінмұхамед Қонаев ұзақ жылдар басқарған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын саралап қана қоймай, оны сан салалы қызметінің ең өзекті мәселесі ретінде қарап, жүзеге асырып келгені кімге де болса құпия емес.

Жыл дегенің жылғадан аққан су деген сөз бар. Демек, Димаш аға қиындығы мен қызығы, қуанышы мен реніші қат-қабат жылдарда өз елін басқарған. Өмір де ай сияқты ғой. Бірде толып, бірде тұтқадай ғана болатын. Ағаның, қолда билік барда асып-тасымағаны ел-жұртына белгілі. Өмір жолын қарапайым жұмысшылықтан бастап, қыстың қақаған аязына маңдай сүйгізіп, жаздың аптап ыстығына жүзін күйдіріп, бірінші боп, ең ірі мыс өндіріс ошағын ұйымдастырып, түсті металлургияның аса ірі кәсіпорнын өзі ашып, өзі басқарған.

Қазақстан Ғылым академиясының академигі және оның президенті болып сайлану аз абырой ма? Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, КСРО Жоғарғы Советінің халық сеніп сайлаған депутаты болуын: «көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді дегенді естен екі елі шығармалық». Осы қызмет бабындағы өсу жолдары, атағы түгелімен өз халқына сіңірген адал еңбегінің қорытындысы деп түсіну керек. Димаш ағаның көргені де, көкейіне түйгені де, бір емес, бірнеше адамға азық боларлық. Сондықтан да өмір бойы халықтың ықыласына бөленіп жүріп өмірден өтті.

Ақиқат – ол адам барда, сол кезеңнің куәсі тірі тұрғанда өлмек емес.

Құрметті оқырман, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өз еліне сіңірген адал еңбегін түгел айтып жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан қала аты берілгендігі үшін қысқаша Ел ризалығын білдірдім.

Димаш ағаның өмір жолы мен халқы үшін жасаған еңбектері кемінде 15-20 томдық кітап болары сөзсіз (Жазушылар одағының жазғыш бауырларымыздың құлағына алтын сырға). Енді қорықпай жаза беріңіздер.

Нағыз қарапайым халықтың ұлы –  Димаш аға, Сізді ел-жұртыңыз өмір бақи ұмытпайды, иманды болыңыз!

Сіз бұл өмірде жоқ болғаныңызбен, өзіңіздің сүйікті Алматы облысының орталығы, бұрынғы Қапшағай қаласын, өз халқыңыз Сіздің атыңызға беріп Дінмұхамед Қонаев қаласы болды. Ел-жұртыңыздың көптен күткен арманы орындалды.

Тегтер: Жолдау Президент Қазақстан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 17:47
Республикалық референдумға қатысу – азаматтық борыш
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16.05.2022, 16:50
Қарағандылық шаруалар қауырт қимыл үстінде
Әділ АҚЫЛБАЙ 13.05.2022, 11:45
Отандық спортқа отандық бизнес демеуші
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2022, 17:11
Қайырымдылық қоғамға пайдалы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12.05.2022, 08:07
Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
Сайт әкімшілігі 10.05.2022, 06:43
Қостанайда 11 отбасы баспанасыз қалды

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27