Елді көп күттірген электронды билет

Шымкентте ақыры енгізілетін болды

М.СӘУЛЕБЕК

01.10.2020, 10:35

1068

Шымкент автобустарына электронды билет жүйесін енгіземіз деген әңгіме осыдан бес жыл бұрын айтыла бастаған-ды. Сол жолы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың командасы іске білек сыбана кіріскендей сыңай танытқан еді.

Шымкентте кореялық  Korea Smart Card компаниясы өкілдерімен кездесулер өтті.

– Енді таяу арада жол жүру ақысы толығымен автоматты жүйеге көшіріледі. Ол 100 пайыз инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Электрондық қондырғыларды автобустарға орнату, арнайы жол жүру картасын шығаруды өз қаражаттарымен орындамақ. Қуантарлығы, бұл қызмет түрі бұдан былай көлеңкелі жолмен табыс тапқысы келетін қоғамдық көлік компанияларының жұмысына тосқауыл қояды. Сонымен қатар жолаушылардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасайды. Алдағы 10 күн ішінде кореялық мамандар Шымкентке келіп, қоғамдық көлік саласына зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Бірер ай ішінде қаладағы қоғамдық көлік саласы толығымен электронды билет жүйесіне көшіріледі, – деген ақпарат таратқан болатын сол кезде қалалық әкімдік. Алайда  содан бергі аралықта бақандай бес жыл өтіпті. Электронды билет жүйесі ара-тұра айтылып қалғанымен, әлі қолданысқа енгізілген жоқ.

Атқамінерлер үшін өте қиын шаруаға айналған электронды билет жүйесін Мұрат Әйтеновтің командасы да қолға алып жатыр. Осы аптада Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге «Төлем» электронды билет жүйесін енгізу мәселесі бойынша баспасөз брифингі өтті. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «QazSmartTrans» ЖШС басшысы Сержан Ақылбаев жаңа жоба жайлы жан-жақты түсіндіріп берді.

– Электронды төлем жүйесін енгізу QazSmartTrans серіктестігінің жеке инвестициясы есебінен атқарылуда. Инвестиция көлемі – 1,2 миллиард теңге. Бүгінде стационарлық валидаторлар 350-ден астам автобусқа орнатылды. 30 қыркүйекке дейін барлық автобусқа қойылады. 15 қазаннан бастап, төлем жүйесі енгізіледі. 1 қарашаға дейін жолаушылардың жолақысын төлем картасы арқылы және қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі бар. 1 қарашадан бастап, төлемақы карта арқылы – 70 теңге, қолма-қол ақы – 100 теңге болады. Бұл жобаны көптен күткен едік. Шымкент қаласындағы қоғамдық көлікті модернизациялау бірнеше компоненттерден тұрса, соның бірі –электронды билет жүйесі. Жобаны іске асырудағы негізгі мақсат  –  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдайларды жасау,  қалалық бюджетке түсімдерді арттыру, жолаушылар ағынының  таралуы бойынша нақты статистикалық есебін беру, нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршрутарды субсидиялау, – деді Мақсұт Пернебайұлы. 

Қоғамдық көлікте төлем жасау үшін электронды карталардын 4 түрі қарастырылған – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларына,  студенттерге және  жеңілдіктерге арналған карталар.  

Компания басшысы Сержан Ақылбаевтың айтуынша,  көлік картасының бағасы 500 теңге.  Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. Төлем карталары қалада 3000-нан астам орында, дүкенде сатылады. Картаны банктердің банкоматтары, мобильді қосымшалар арқылы толтыруға болады. 

«QazSmartTrans» ЖШС тарапынан 14 мың көлік картасы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне, Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төсбелгілерімен марапатталғандарға  және І  топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады. Бүгінде смартфон пайдаланушыларына арналған Open Shymkent мобильді қосымшасы әзірленді.

Сондай-ақ енді Шымкент қаласының геопорталы, дәлірегі, қалада орналасқан әрбір нысан туралы толық ақпарат жинақталатын арнайы сайты болады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов мәлім етті.  Аталған порталды кезең кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін І кезең іске қосылады деп күтілуде. Онда жер қатынастары саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы енгізіліп, толығымен автоматтандырылады. Яғни, қаланың Бас жоспары, жерге қатысты ақпараттар, мекенжай анықтамасы қосылады.

Жалпы портал – қала аумағындағы нысандар мен процестер туралы шынайы және өзекті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Жоба аясында сәулет және жер қатынастары саласында кәсіпкерлік бағытындағы процестерді автоматтандыру, қызмет көрсету сапасын жоғарылату және мерзімін қысқарту жоспарлануда. Атап айтқанда, сәулет-жоспарлау тапсырмасын және инженерлік коммуникацияларға қосылуға арналған техникалық шарттарды алу, оларды келісу және құжаттарды беру секілді процестерін геоақпараттық сервис арқылы автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Сервис арқылы кез келген қала тұрғыны жер учаскесі туралы, оның кадастрлық құны, кепілдік жарнасы, жер учаскесінің орналасқан жері және өзге де ақпаратты көре алады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 20.10.2020, 10:51
Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2020, 10:41
Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:17
Карантиндік шектеулер күшейтілді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 20.10.2020, 10:13
Күштінікі – диірмен тартады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:05
Қарағанды билігі жасыл желекке неге шүйлікті?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38