Ергебеков Жуалыны тоздырып жіберді

Сайт әкімшілігі

18.02.2021, 17:09

9720

      Әулиеатаға әкім болып келгеніне бір жыл болған Бердібек Сапарбаев күні бүгінге дейін орынбасары, аппарат жетекшісі және бірнеше басқарма басшысын ауыстырғанымен, әзірге аудан әкімдерінің ешқайсысына тиісе қоймады. Дегенмен «әкімдерді орнынан ала салудың оңай емес» екенін айтқан Сапарбаев кімнің қызметте қалатыны, әлде креслосымен қош айтысатыны жыл қорытындысына байланысты екенін ескерткен болатын.

       Міне, межелі мерзім келіп, аудан әкімдері халыққа есеп беріп жатыр. Өз кезегінде өңірдегі белсенділер қызметімен қош айтысуы мүмкін әкімдердің тізімін де жасап алыпты. Бұл ретте креслосы жар басына шығып қалған, тізімнің ұшар басында Жуалы ауданының тізгінін ұстап отырған Нарбай Ергебеков тұр.

          Жуалы ауданының тұрғыны Ерлан Тоғайбаев «Ергебеков халыққа жақын болу үшін емес, қара басының қамы үшін әкім болып отыр» дейді.

— Аудан әкімі Нарбай Ергебеков басшылыққа келгелі елге бір пайдасы тимеді деуге болады. Тек мемлекет есебінен кәсіпкерлігін дамытып отыр. Әкімнің Рысбек батыр көшесіндегі кеңсе тауарлары дүкені, жекеменшік «Нұрлы ұрпақ» балабақшасы, кафе, көлік жуу орталығы дейсіз бе, бір сөзбен айтқанда, бесаспап. Одан қалса, аудан орталығының жарық жүйелерін жөндеу жұмыстары мен аудандағы балабақшалардың  ыстық тамағына жарияланған тендерлердің барлығын аудан әкімінің туыстары, әйелі, бала-шағасы ұтып, табыс көзіне айналдырған. Осы кісі басшылыққа келгелі ауданымызда шу көбейіп, береке кетті. Тоз-тозын шығарып бітіретін болды, – дейді күйінген Ерлан Тоғайбаев.   

       Ал Эльвира Жарылқасынова есімді белсенді азаматша ауылдастарының зарын жеткізіп, «байланысты дұрыстаудың, аудан орталығына тиіп тұрған ауылдағы небәрі 144 отбасына интернетті ақысыз кіргізіп берудің жолын табудың, тым құрығанда осы бағытқа кәсіпкерлерді жұмылдырудың орнына шешімін президенттен бастап, жоғарыдағы құзырлы орындар табады деп, соларға сеніп қол қусырып отыр» дейді.

        Эльвира ханымның айтуынша, аудан әкімі Нарбай Ергебеков халыққа есеп беру барысында ауданда 49 елді мекен болса, соның 20-сында интернет өте нашар алға тартыпты. «Бұл ауданның жартысына жуығы. Сонда сол елді мекендерде тұратын оқушылар мен студенттер осы уақытқа дейін қалай онлайн сабақ оқып, мұғалімдер қайтіп жұмыс істеп келді? Бұл сұрақ мазаламады ма, сізді? Жауабын білмейсіз бе? Онда мен айтайын. Ұстаздар байланыс ұстайтын сай-сайды жағалап, оқушылар мен студенттер трактор, қора-жайдың төбесіне мініп, сабақ оқуға мәжбүр болды», – дейді ашынған тұрғын.

       Қоғам белсендісінің айтуына қарағанда, Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімі тарапынан Дихан орта мектебіне берілуі тиіс 100 роутердің қызығын кім көріп отырғаны да белгісіз. Әкім Дихан ауылының тұрғындарына берген жауабында ауылды өткен жылдың қараша айында интернетпен қамтитынын айтқан екен.

     – Бүгін аудан басшысының жасаған ісінен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа берген уәдесі көп болып тұр. Ауданның соншама мүмкіндігі бола тұра, облыс бойынша ең артта қалған, ең төменгі көрсеткіштерге ие болып отыр, мұның барлығы  осындағы басшы атаулының жерлестеріне жаны ашымастығының кесірі. Сіздің және аудандық білім бөлімінің дер кезінде дабыл қақпауының, ұсыныс айтпауының зардабын қарапайым халық тартуда, – деді сөзін тамамдаған Эльвира Жарылқасынова.

      Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та есеп беру жиынында Ергебековтің атқарған жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты.

— Қазіргі уақытта Жуалы ауданы өз әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша соңғы орыннан көрінуі соның дәлелі. Өткен жылы кәсіпкерлік саласындағы жобаларға ешқандай сұраныс болмады. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге қатысты  көрсеткіш те аса жоғары емес, өсім тек 1 пайызды ғана құрайды. Ауданда 500 кәсіпкер тіркелсе, іс жүзінде оның 16-сы ғана жұмыс істеуде, – деді өңір басшысы.

        Осы және басқа да айтылған сын-ескертпелер Жуалыдағы тіршіліктің тұралап тұрғанының көрінісі болса керек. Ілгерілеудің орнына іркіліп қалған аудан экономикасының бойына қан жүгіртуге, тығырықтан шығаруға әкімінің әлі келмей тұр. Жұмыстың көзін таба алмаған Ергебековті жұртшылықтың кететін әкімдердің ұшар басына жазып қойғандары, міне, осындай сындардан кейін болса керек. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қызықтың көкесі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есеп беруінде болуы бек мүмкін. Өйткені Сапарбаевтың да былтыр келе сала біраз уәдені үйіп-төккені елдің есінде.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 08:20
Таиландта комаға түскен қазақстандық көз жұмды
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 20:00
Алматыда көру қабілеті бұзылған балалар арасында шоудаун бойынша Қазақстандағы алғашқы турнир өтеді
Б.СӘРСЕНБІ 02.06.2023, 13:24
Идея – жастардан, қолдау – мемлекеттен!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.06.2023, 12:23
Мағынасыз көше атаулары өзгереді
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.06.2023, 07:55
БАӘ Қарағандыдан саумал сатып алады
Бифат ЕЛТАЕВА 01.06.2023, 13:08
Ерікті жастардың қоғамға тигізер пайдасы

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11