Григорян халықты қашанғы басынады?

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

02.11.2021, 17:01

1467

Қарағандыда жолаушы тасымалына шамамен сексен пайыздан астам автобусын шығарып отырған 3-ші автопарк басшысы бір күнде қалааралық автобустарды тоқтатып тастап жұртты ұлардай шулатты. Біреу тойып, біреу тоңып секіретін заманда бүкіл Қарағанды қарап отырған үшінші автопарктің бастығы Артур Григорянға бюджеттен бөлінетін қаражат аз көрініп, наразылық танытқан.

Қарағанды қаласында және қалааралық бағыттардың басым бөлігіне жолаушы тасымалына автобус шығаратын 3-ші автопарк бастығы бір күнде ашуына мініп, облыс орталығынан аудандар мен серіктес қалаларға қатынайтын автобустарды тоқтатып тастады. Атап айтқанда: Қарағандыдан Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск, Шахан, Топар, Егіндібұлаққа жүретін жеті бағыт бойынша автобустар жүрмей қалып, түк түсінбеген жұрт вокзалда сабылып қалды. Мұндай сәтті жақсы пайдаланатын такси жүргізушілері әдеттегідей жолақы құнын екі есеге өсіріп жіберген.

Жұрт шулай бастаған соң Қарағанды билігі 3-ші автопарк бастығымен жабық есік жағдайында келіссөз жүргізді. Журналистермен тілдесуге үнемі ықылассыз болатын автопарк басшысы Артур Григорян бюджеттен бөлінетін субсидияның тым аз екенін алға тартып, қосымша қаражат бөлуді талап етіпті. Алайда ақшаға келгенде ұрымтал тұстан тосын әрекетке бара алатын автопарк басшылығы алдын ала автобустарды жүргізбей қою жөніндегі шешімін билікке алдын ала ескертпеген. Екі ортада ештеңеден хабары жоқ жолақыға тиынын санаған жолаушы зардап шегіп тентіреп қалды.

Келіссөз барысында биліктегі шенеуніктер автопарк басшылығының ашуын басып, райынан қайтарған. Шенеуніктер: «Қосымша субсидияға қаражат тауып береміз», – деп уәде беріп отыр. Айтуларынша, субсидия көлемін ұлғайту мәселесін келер жылы қарастырады екен. Дегенмен биліктегі ақ жағалалылар 3-ші автопаркке биыл қосымша қанша қаражатты тауып беруге уәде бергенін ашып айтпады. Бұл мәселенің неге соншалықты құпия болғаны белгісіз.  

Негізінен Қарағандыда барлық автопарктерге 2021 жылы әлеуметтік маңызы бар барлық ауданаралық бағыттар бойынша шыққан шығындарды өтеу мақсатында бюджеттен 950 млн теңге бөлініпті. Алайда 3-ші автопарк бір жылға кететін шығынның өзі 2,5 млрд теңгені құрайды деп мәлімдеген.  Ойына келгенде автобусын тоқтатып қойып кәмпит сұраған жас баладай бұртиған автопарктің қылығына жолаушылар налып қынжылды. Алайда келіссөзден кейін райынан қайтқан 3-ші автопарк басшылығы түстен кейін қалааралық автобустарды біртіндеп жолға шығара бастады.

Әлеуметтік желі қолданушылары: «бір кәсіпорынға басыбайлы тәуелділіктен арылатын кез келді. Ол үшін облыс бойынша жолаушы тасымалындағы басқа автопарктерді қолдау керек немесе Алматы қаласындағыдай муниципиальды автопарктер құру керек», – деген пікірлерін білдіріп жатты. Әрине биліктің құлағына алтын сырға. Шынымен де бір автопаркке деген тәуелділіктен құтылатын уақыт болған тәрізді. Автобус жетпей қалады десе, Саран қаласындағы аты дардай автобус шығаратын зауыт бар емес пе?..

Тегтер: қоғамдық көлік автобус мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:27
Қарағандыдағы 7330 үй басқарудың жаңа жүйесіне енуге қауқарлы
Кемел ЖАН 18.05.2022, 13:35
«Жаңа Қазақстанның» мақсаты – парасыз мемлекет құру

Аңдатпа


  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20
  • Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
    18.05.2022, 06:17