Иірімге түскендер табылмай жатыр

Б.ЕРНАЗАР

01.07.2022, 09:21

2713

Түркістан облысында суға батып кеткен шетелдік екі студентті іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, олар Төле би ауданындағы Ақсу өзенінің Иірім деп аталатын жеріне шомылған. Шамасы, шетелдік студенттер бұл жерге шомылудың қауіпті екендігін білмеген сияқты.

Төле би ауданы таулы аймақ саналады. Сондықтан мұнда келіп, табиғат аясында серуендеушілердің қарасы көп. Өкінішке қарай, демалушылар арасында суға бату, із-түссіз жоғалуы сияқты жайттар  кездесіп тұрады. Былтыр осы уақытта Сайрам-Өгем ұлттық паркі аумағында демалуға кеткен жеті турист жоғалып кетті. Олардың үшеуі аман-есен, ал төртеуінің мәйіттері табылды. Құтқару жұмыстары 28 күнге созылды. Кейіннен жасалған болжам бойынша марқұм болған туристер қол ұстасып, Өгем өзенінен өтпек болған кезде суға құлаған, ал ағысы қатты тау өзені қайта шығуға мүмкіндік бермеген болуы мүмкін. Айта кетері, жоғалған туристер Қазақстанның өзге өңірлерінен келгендер. Яғни жергілікті жердің жай-жапсарын жақсы білмейді. Иірімге түскендер де сырттан келгендер.

Иірім – табиғаттың жаратқан таңғажайып мекені. Алатаудың биік шыңдарынан бастау алатын Ақсу өзені өте терең шатқал арқылы ағады. Иірімге келген кезде өзен арнасы тұйықталады. Ары қарай кететін арна болмағандықтан, су осы жерде төмен қарай кетіп, бірнеше метр жердегі тар қуыстан қайта шығады. Төмен қарай сіңетін жерде су үнемі айналып тұрады. Оның Иірім аталатыны да содан. Соңғы уақытта Иірімнің туристердің сүйікті орнына айнала бастағанын, бұл жерге тіпті көптеген адамдардың келіп шомылатынын әлеуметтік желіге жүктелген суреттерден де байқауға болады. Алайда, Иірім адамды кез келген уақытта төмен тартып кетуі мүмкін. Шамасы шетелдік студенттер дәл осындай жағдайға тап болған сияқты.

–  26 маусым күні Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Төле би ауданының Ханарық ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Ақсу шатқалындағы Ақсу өзенінде 2001 жылғы 2 студенттің белгісіз жағдайда суға түсіп, батып кеткені туралы ақпарат түскен болатын. 21 студенттен құралған топ Шымкент қаласынан келген. Барлығы Үндістан Республикасының азаматтары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері, 1 жүзу құралы және 4 техника, полиция департаментінен 10 қызметкер және 5 техника күштері мен құралдары жұмылдырылды, – делінген төтенше қызмет өкілдері таратқан мәліметінде.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті таулы жерлерге бармас бұрын ауа-райы жағдайлары мен кедергілердің ықтималдығын ескере отырып, ықтимал қауіптерді мұқият бағалау керектігін ескертуде.

Соңғы күндері Түркістан облысында ауа температурасы 40 градустан асып кетті. Бұл өз кезегінде тыйым салынған жерлерге шомылу, соның салдарынан туындайтын бақытсыз жайттарды жиілетуі мүмкін. Осыған байланысты полицейлер суға түсу ережесін бұзғандарды әкімшілік жауапқа тарту шараларына кірісті.

– Тәртіп сақшылары суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар атқаруда. Мәселен, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарына жасөспірімдерге суға шомылуға тыйым салынған жерлерге баруға рұқсат бермеу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар балаларды қадағалап, суға шомылу анықталған жағдайда әкімшілік шара көрсетілетіндігі туралы ескерту жасады, –  дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Полиция қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар қауіпсіздік шараларын елемеуде. Әсіресе балалар қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Осыған байланысты полицейлер аудандағы каналда шомылып жүрген балалармен сөйлесіп, судағы ережелер мен оның қаупін ескертіп, ата-ананың қарауынсыз суға түспеуге, терең жерлерге бармауға кеңес берді. Полицейлер рейд кезінде суға шомылып жүрген балаларды анықтап, олардың үйіне барып, ата-аналарына Әкімшілік құқық бұзушылық кодекс бойынша 32 ескерту хаттамасын толтырды.               

Тегтер: төтенше жағдайқауіпсіздік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.08.2022, 09:05
Діннен тірек таба алмай адасқандарға ақпараттық түсіндіру тобы көмекке келуде
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 10:21
Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан үш адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:51
ШҚО-да қарттар үйінің лауазымды тұлғалары 7,4 млн теңге жымқырған
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 16:56
Жас таланттарды анықтайтын жоба
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 15:06
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 10:22
Қазақстанның бірқатар өңірінде бейсенбі күні бұршақ аралас жаңбыр күтіледі

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49