Кәсібін дөңгелеткен азамат

Миуа БАЙНАЗАРОВА

19.02.2021, 19:23

177

         Қармақшы ауданының диқандары облыста егін жинау науқанының қорытындысы бойынша биыл да үздіктер қатарынан көрінді. Аудан егін шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Сала мамандары ауызбіршіліктің, тынымсыз еңбектің арқасында бір адамдай жұмыла білді. Осы орайда, өзінің  кәсібімен ауданның абыройын асқақтатып отырған «Достық Жер МК» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаевпен кездесіп, жасап  жатқан  тірлігі  туралы тілдескен едік. Мұрат Абайұлы тізгіндеген шаруашылық – аудандағы ауқымды ұжымдардың бірі. Бүгінде серіктестік диқандары жаз бойы мәпелеп өсірген астықты ысырапсыз жинап алды. Жаз жауынсыз өтсе де, ақ маржанның шығымы жақсы болды.

          – Шаруашылықта, жалпы, 270-ке жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Күріш – суды көп қажет ететін дақыл. Шілде айының орта кезінен бастап су көлемінің аз болғаны рас. Осындай қиындыққа мойынсынбай,  қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, күрішті сусыз қалдырмай, өсіріп шықтық, – дейді шаруашылықтың бас директоры. Сондай-ақ шаруашылық басшысы ауылдың қазіргі жағдайын баяндап, шаруашылықтың жаңа техникалармен толықтай жабдықталғанын көрсетіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

     – Алдағы уақытта Байқоңыр қаласынан демалыс саябағына арналған аттракциондар әкелмек ойымыз бар. Бұл ауыл балалары үшін сыйлық болары анық. Сонымен қатар ауылдың атын мен мұндалайтын үлкен әріптермен жазып, ауыл паспортына айналдырмақпыз, – дейді кәсіпкер.

        «Достық Жер МК» ЖШС директоры ІІІ Интернационал ауылын абаттандыруға, жарықтандыруға және экономикалық ахуалын көтеруге мол қаржы жұмсап келеді. Мәселен, ауыл орталығына балалар ойын алаңы мен жаттығу құрылғыларын орнатыпты. Шаруашылыққа жаңа техникалар алынған. Серіктестік сонымен қатар спорттық-мәдени шараларға да демеушілік жасап, мектепті жаңа спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Ауыл тұрғындарына күзде жемшөбінен бөлек, отын-суы мен күрішіне дейін тегін көмек беріп тұрады. Бұдан бөлек, ауыл мектебі мен балабақшасы, емханасы да серіктестіктің қамқорлығында. Жалпы, қол астындағы жұмысшылардың жұмысын ұйымдастыру білікті басшының ғана қолынан келетін іс. Білікті басшы  және ауызбірлігі мықты ұжым ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізетіні анық. Осы  орайда, «бір жағадан бас, бір  жеңнен қол» шығара білген Мұрат бастаған ұжым «Алтын сапа» марапатына да қол жеткізген. Басшының өткен өміріне көз салсақ, ол ең әуелгі кездерде жүргізуші болып, шет өңірлерге күрішті өзі тасыған сәттері де болған. Ыстығына  төзді, суығына тоңды. Бірақ алға қойған үлкен мақсатқа қол  жеткізді. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демей ме, қазір  оның жасап жатқан қайырымдылық шараларын қалың қауым біледі. Ол  басқарып отырған компания республикадағы күріш өндіруші компаниялардың үштігіне енген. 

        Мұрат Сәрсенбаев жетекшілік еткен «Абзал және Компания» Қазақстан мен ТМД мемлекеттерінің аумағында өзінің нарықтағы позициясын дамыта отырып, едәуір ауқымға ие болды. 2011 жылдан бастап өнімнің 30 пайызы экспортқа шығарылды. Миллиондаған тұтынушылар «Абзал және  Компанияның» өнімін таңдады.

  – Сонымен қатар біз сапа үшін ғана жұмыс жасаймыз. Сол үшін өнім бағасы қымбат болуы мүмкін, алайда халық соған қарамастан, біздің күріш өнімін тұтынады, – дейді А.Сәрсенбаев.

       Расында, өзге мемлекеттердің Қызылорданы Сыр күріші арқылы тануында «Абзал және К» толық серіктестігінің үлесі бар. Компания өз қызметінде ауылды қолдауға, мәдени-әлеуметтік жобаларға, қоғамдық іс-шараларға демеушілік жасауға көңіл бөледі. Қайырымдылық жасаудан да өзгелерден көш ілгері тұр. Әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейге жетуі де корпоративтік  мәдениетінің бір бөлігі.

          Мұрат Абайұлы бір сөзінде: «Әлеуметтік инфрақұрылымның қайта қалпына келтірілуі және дамуы, кадрларды даярлау, денсаулық сақтау, шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашу, мәдениет және спорт, сонымен қатар ауылды көркейту мен көгалдандыру бойынша да тындырымды дүниелер  жасалды», – деген еді. Туған жеріне әркез тағзым жасап, өлкенің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, жылағанды жұбатып, қайырымды істердің жанынан табылып, үлкеннен бата, кішіден алғыс алу көптеген қалталы азаматтар мен басшылардың қолынан келе бермейтіні анық. Мұны тек  Мұрат секілді білікті басшы ғана  біледі.

       Компанияда бірнеше жыл бұрын әлеуметтік жауапкершілік қызметті жүзеге асыруға арналған арнайы корпоративтік дамыту бөлімі құрылған-ды. Осы азғана уақыттың ішінде Қызылорда облысы Сырдария ауданы Нағи Ильясов атындағы ауыл және Бесарық ауылдық округтерінде құны  250 миллион теңгеден асатын екі ірі жобаны жүзеге асырғанын Сыр жұртшылығы жақсы біледі. Сол кезде «туған жерге ту тіккісі келген азаматтар осындай болу керек» деп халық дән риза болған-ды. «Алдағы уақытта да ауыл өмірінің жағдайын жақсартуға байланысты жобаларды  жүзеге асыра береміз», – дейді Мұрат Сәрсенбайұлы.  

        Осы орайда, «Елде болса ерінге тиер» мәтел еске түседі. Бұл қанатты сөз Мұрат Сәрсенбаевтың басты ұстанымы десек те болады. «Халқымда болса екен, елдің деңгейі, әлеуметтік ахуалы жоғарыласа екен» дейді ол үнемі. Кәсіпкерлігі өз алдына, ал оның жеке өмірі де соншалықты ерекше. Ол әке жолынан таймай, «Әке көрген  оқ жонар» деп, атакәсіпті дөңгелетіп әкеткен азаматтардың бірі. Әкеге қарап бой түзеген. Әкесі Абай Сәрсенбаев та күріш саласында қажырлы қызмет жасаған азамат. «Еңбек бәрін жеңбек» деп, болашақ үлкен компанияның алғашқы даму белестерін еңсеріп, алғашқы іргетасын қалап, кейінгі буынға табыстаған белгілі азаматтардың бірегейі.

       Адамдық қасиетті жоғары ұстап, тәрбиеге салғырт қарамаған әкеге ұлағатты ұлы зор алғысын айтады. Талай белесті бағындырған компанияның келешегі кемел, болашағы айқын. Ерді жеңіске жеткізген де, елге атын шығарған да осы еңбек. Біздің кейіпкер болашақ буынға да осыны тілеп, «алтын шыққан жерді белден қазуға» ерінбеуін тілейді. Жуырда Мұрат Сәрсенбаев басқаратын «ІІІ Интернационал» серіктестігінде егін жинау науқанының аяқталуына орай, «Алтын дән» шарасы өтті. Мықты басшының іскерлігі мен дала ерлерінің ерен ерлігі мен еңбегінің арқасында 2192 гектар  жерге егілген күріштен 1 млн пұт астық жинап алды.

      – Өткен жылы Жер-ана несібесіз қалдырмады. Биыл да жылдағы ізбен егін салдық. Түсім жоғары. Еңбеккерлерге биылғы алтын күзде 48 млн теңгенің сыйлықақысын үлестірдік. Бұдан бөлек, жыл бойы алатын атаулы көмектері бар. Сондай-ақ бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға өз тарапымыздан көмек берудеміз. Биыл қарттарға демалыс орнын дайындап жатырмыз. Онда ауылдың көнекөздері бос уақытын тиімді өткізіп, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнайды. Мектеп оқушыларының білімін көтеруде де кең ауқымды жоспар бар. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауылдан спорт кешенін салу ойда жүр. Ал биыл шаруашылық есебінен шағын футбол ойнайтын жазғы алаң, мейрамхана, монша саламыз, – дейді серіктестік директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Тегтер: кәсіп нәсіп азамат бизнес

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 12:20
Бөкейде дүбірлеген той өтті
Миуа БАЙНАЗАРОВА 09:44
Сапалы білім – болашаққа құйылған инвестиция
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:10
Сейітқазы Матаев: Төртінші билік? Биліктің көзіне шыққан сүйелміз
Еркежан АРЫН 25.10.2021, 08:48
Қазақстандағы гендерлік саясат үнемі сабақтастық пен тепе-теңдік принциптеріне негізделген
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2021, 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01