Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

03.12.2021, 10:15

721

Батыс Қазақстан облысының бизнес саласында кәсіпкер әйелдердің үлес салмағы жылдан-жылға артып келеді. Бұл туралы жақында Оралда өткен «Бизнестегі әйел: табысқа жетер жол» атты облыстағы кәсіпкер қыз-келіншектердің басын қосқан форумда кеңінен айтылды.

Форумда құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы Ғали Есқалиев маңызды жиынның еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келгеніне екпін бере келе, кәсіпкер әйелдердің отандық бизнестегі айрықша маңызын атап өтті.

–Қыз-келіншектер еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Бүгінде олардың шағын және орта кәсіпкерліктегі үлесі ер-азаматтармен теңесті. Жеке кәсіп ашқан әйелдер жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылық кәсіпкерлікті қалыптастыруға септіктерін тигізуде. Әрі отбасының ұйытқысы. Әйгілі император Наполеон «Өркениетті әрі білімді ұрпақтың қалыптасқанын қаласаңыздар, бірінші аналарға білім беріңдер» деген екен. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» дегені де сол бесікті тербететін әйелдер рөлімен тікелей байланысты. Қай қоғамда болсын әйелдің арқалаған жүгі жеңіл болған емес. Оларға әрдайым қолдау қажет. Өз тарапымыздан кез келген оң бастамаларыңызды қолдауға әзірміз, – деді Ғали Есқалиев.

Форумды ұйымдастырушылардың бірі, БҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынованың айтуынша, кәсіпкер әйелдердің бизнес бастамаларының дамуына жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор.

–Жеке кәсіп ашуға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осыдан бес жыл бұрын бастаған «Бизнес бастау» жобасы үлкен жәрдемін тигізді. Жобаны жүзеге асыру барысында біздің облыстың 1653 тұрғыны бизнесті жүргізу курстарынан өтті, соның 806-сы әйелдер. Жалпы, Батыс Қазақстандағы бизнес жобалардың 42 пайызы немесе 215 млн теңгесі осы «Бизнес бастау» түлектерінің үлесіне тиесілі. Түлектер курсты тамамдап, өз істерін ашқан соң, басқа да бизнеске ұмтылған азаматтарға тәлім-тәжірибелерін беруде, шеберлік сыныптарын өткізуде. Мамандық аламын дегендерге кондитер, тігін, қолөнер цехтарының, ауыл шаруашылығы саласындағы ірі агрокешендердің есігі ашық. Мәселен, «Арба» қоғамдық бірлестігі базасында мүмкіндігі шектеулі, арбаға таңылған қыз-келіншектер тырнақ бояу, массаж жасау және құрақ көрпе тігу курстарынан өтті. Қатаң карантин кезінде де қарап жатпай, біздің қаржыгерлеріміз кесте бойынша әлеуметтік желілерде тегін онлайн кеңес берді, тікелей эфирге шықты, – деп атап өтті Л.Тұрсынова.

Келер жылы облыстық іскер әйелдер кеңесі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі өрістетпек ниетте. Нақты айтқанда, кеңес жанынан ауылдық жерлерде кооперативтер құру жоспарлануда. Пилоттық жоба Ақжайық ауданында басталмақ. Қазірдің өзінде іскер әйелдердің басын біріктірген аудандық филиал белсенділері 15 сүтті сиыр сатып алып қойған. Көктемде тағы 10 сиыр сатып алып, жергілікті сүт өнімдерін өндіретін шағын цехты іске қоспақ.

Облыстық іскер әйелдер кеңесі, сондай-ақ БҚО әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығын құру, Оралда облыстық қолөнершілер орталығын ашу туралы бастама көтеріп, бұл бастамалар облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапты.

«Атамекен» ҰКК жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова «Бизнестегі әйел: табысқа жетер жол» атты облыстағы кәсіпкер қыз-келіншектер форумының ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Оның баяндауынша, жуырда республиканың барлық өңірлерінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын 17 ресурстық орталық ашылатын болады.

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева форум қатысушыларына бұрынғы кеңестік кезеңде нәзік жандылар жіберілмеген мамандықтар тізімінің жойылғанын мәлімдеді. «Қазіргі қазақ әйелі дүниежүзіне өзінің іскерлік қабілетін әбден дәлелдеді. Сондықтан оларға ешқандай алалаушылық жасалмауы тиіс. Қолынан келетін кәсібін ашып, әлеуетін толық ашуына Қазақстанда қолайлы жағдай бар. Тек соны барынша пайдалану керек», – деді мәжіліс депутаты.

Форумда NURBERGEN Health Resort шипажайының басшысы Айна Баемирова, West Women кооперативінің директоры Зүлфия Көбеева, көпбалалы кәсіпкер ана Гауһар Сұлтанғалиева, Ақсай қаласындағы №4 мектептің 11-сынып оқушысы Гауһар Жұмағұлова өздері қолға алған жобаларын таныстырды. Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегаттардың қатысуымен дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.

Тегтер: кәсіп нәсіп бизнес шаруа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым Еркебаева 09:25
Зейнеткерлердің зейнетақысы бес жыл бойы ұрланып келген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.01.2022, 12:00
Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»
Мариям МАҚСАТ 20.01.2022, 08:53
Кім кімді алдады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.01.2022, 17:45
Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?
Қайрат Балабиев 19.01.2022, 16:57
Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 19.01.2022, 15:33
Шымкент: шығын әлі есептеліп жатыр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48