Кәсіпкердің көлігі өзеннен табылды

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

19.04.2021, 15:25

1116

Қарағанды облысында Нұра өзенінің кейбір бөлігінде су деңгейі көтеріліп, жолдарды шайып кеткен. Өкінішке қарай, өңірде қызыл судың әлегі төтенше оқиғаға алып келді. Нұра ауданының Кәрім Мыңбаев ауылынан шыққан 62 жастағы кәсіпкер Нұрлан Сүлейменов сол бойы бағыт алған жеріне жете алмай, із-түзсіз жоғалған. Туыстарының айтуынша, ол Тассуат ауылына жолдан соғып, кейін басқа жаққа бармақшы болған екен.

       Бүгінде құтқарушылар мен полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары кәсіпкерді іздеп жатыр. Кәсіпкер жоғалып кеткен соң, келесі күні оның көлігі Нұра өзенінен табылған. Ол көлігімен өткен Тассуат ауылының тұсындағы көпір талай жылдан бері тозығы жеткен ескі, авариялық күйде тұр. Айта кету керек, жылда көктемде  Нұра өзені тасығанда қызыл судың тақсіретін  осы Тассуат ауылының халқы жиі көреді. Тассуат ауылын сыртпен байланыстырып тұратын көпірді жылда су шайып кетеді. Өзеннің әр жағында қалып қойған халықты орайы келгенде  тұрғындар трактормен алып шығады. Трактор өте алмаса, жұрт құтқарушылардың қайығын тосып күн өткізеді.

        Тассуат ауылының  қала мен ауданға қатынайтын екінші айналма жолы Осакаров ауданы арқылы өтеді. Алайда бұл жол шұрық-тесік болғандықтан, көліктің  соры көрінеді. Журналист Ботагөз Омарованың айтуынша,  көпірді жөндеуді сұраған жұрттың жанайқайына аудан тұрмақ, облыс билігі де құлақ аспай келеді. «Авариялық жағдайда тұрған көпір туралы мен жылда айтып келемін. Бұл көпір әбден тозған, өзі әзер тұр. Ол аздай, жылда оны су басып қалады. Кезінде менің шағымымнан кейін сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошанов ауыл тұрғындарымен сөйлесіпті. Алайда облыс әкімінің кездесуіне билік арнайы жақсы көңіл күйдегі адамдарды дайындап қойған. Әкім солармен сөйлесті де кетті, басқа еш өзгеріс жоқ. Жалпы, Қарағанды облысы шенеуніктердің қызмет бабында өсіп кетуіне ғана қолайлы аумақ. Мұнда әкімдер уақытша келеді де, өсіп кете береді. Ал халық өз проблемаларымен жеке қалады.  Тассуат ауылының көпірі соған дәлел», – деп мәлімдеді журналист, блогер Ботагөз Омарова.       

Төтенше жағдайлар департаменті жоғалған кәсіпкерді тікұшақ көмегімен де іздеп жатқанын мәлімдеді.  «Нұра өзенінің арнасынан асып, су шайып кеткен бірнеше жолдағы су деңгейі төмендеген, әзірге  елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Облыста су тасқынына қатысты жағдай тұрақты, тек Нұра ауданы мен Осакаров ауданы бақылауда тұр», – деп хабарлады Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15:49
Сұлулық қуғандар жер сипап қалды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 14:40
Бордақы малдан жем қымбат
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 08:42
Жетімдерді жетелеген жігіт
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12.05.2021, 07:57
Мүгедектер арбасына жол тар болып тұр
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 11:37
Оралда мектеп оқушысы бесінші қабаттан құлап кетті
М.СӘУЛЕБЕК 08.05.2021, 09:23
Жолдың сапасы жақсарады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06