15.09.2020, 04:33
725
Қарағандыда «KazФеррит» көмір байыту кәсіпорнының жұмыскерлері наразылық митингісін өткізді. Көмір байыту кәсіпорны жабылатын болса, мұндағы 500 жұмыскер жұмыссыз қалуы мүмкін. Карантин кезіндегі жағдайдан шошынған жұрт жұмыссыздар қатарына қосыламыз ба деп қорқады. Жұмыскерлердің алаңдап отырғаны – көмір байыту кәсіпорнының бүгінгі жағдайы. Кәсіпорында, жұмысшылардың айтуынша, жалақы тұрақты, еңбек жағдайы жасалған. Алайда екі фирманың кәсіпорын аумағындағы жерді бөлісе алмауы жағдайды қиындатып жіберген.
«КazФеррит» көмір байыту кәсіпорнына тамызда зауыт цехы тұрған жер бөлігін өзге фирмаға беру керек деген сот шешімі келген. Егер бұл жерді беретін болса, цехты бұзуға тура келеді. Ал цех бұзылса, бүкіл кәсіпорын жұмысы мен көмір өндіретін кен орнының жұмысы тоқтап қалады. – Осы жұмысқа сеніп несие алдық, арамызда ипотекаға үй алғандар көп. Қазір мынадай карантин жағдайында жұмыс табу қиын. Сол себепті біз зауыт жұмысын тоқтатуға жол бермейміз, қаншама адамның жұмыссыз қалуы бұл масқара ғой, – деп мәлімдеді кәсіпорын жұмыскері Марат Мырзатаев. Бір қызығы, 2014 жылы кәсіпорын маңындағы жер бөліктері басқа фирманың еншісіне өтіп кеткен. Кәсіпорын акциясының көптеген пайызы жеке фирмаларға тиесілі. Осындай акциясы бар фирманың бірі кәсіпорын басшылығымен келіспей, кейін цех тұрған жер бөлігін өз атына аударып алған.
— Әкімшіліктің шешімін күтеміз, біз кәсіпорын жұмысының тоқтап қалмауы үшін әрекет етеміз. Қалай дегенмен де заң біздің пайдамызға шешілуі тиіс. Заң бойынша жер біздікі, ол басында жобаға еніп қойған, – дейді «KаzФеррит» көмір байыту фабрикасының директоры Иван Назаренко.
Наразылық митингісіне жетіп келген атқамінерлер сот шешімі тұрған соң, нақты мәселеден шығудың жолын көрсете алған жоқ. Дегенмен «кәсіпорын жұмысының тоқтап қалмауына атсалысамыз» деп, әдеттегідей уәде берді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР