Келмеске кеткен «Кутузовты» көксегені несі?

Мариям МАҚСАТ

22.09.2020, 09:53

2139

Павлодар облысының полиция департаменті мемлекеттік тілді де, Елбасының есімін де құрметтемейтінін анық көрсеткендей. Облыс орталығындағы ең ұзын көше бір жылдан астам уақыт бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталса да тәртіп сақшылары әлі күнге дейін оныңбұрынғы атауы – Кутузовты ұмыта алмай жүр.

Павлодар қаласының қақ ортасында осыдан 40 жыл бұрын Кутузов көшесінің құрылысы басталған-ды. Бүгінде бұл көше облыс орталығындағы алғашқы әрі, әзірше, жалғыз даңғылға айналып, сапаржай мен әуежайдың арасын жалғап тұр. Ең ұзын көшенің бойында «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы, мемлекеттік рәміздер саябағы, ассамблея саябағы, Ауған соғысы ардагерлерінің саябағы, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры, Торайғыров университеті сынды маңызы зор нысандар орналасқан.

Жергілікті тіл жанашырлары 2000-ыншы жылдардан бастап, осы Кутузов көшесінің атауын өзгерту туралы талай рет түрлі ұсыныс жасады. Бірақ ұсыныс жасаушылардың ортақ мәмілеге келе алмай, өзара «қырық пышақ» болуынан, сөздері шенеуніктерге жете қоймады. Әркім өз атасының есімін бергісі келіп, Қанжығалы, Малайсары, Бұқар жырау аталсын, деген түрлі ойын ортаға салды. Ал жалпыға ортақ атаулар ұсынған сәтте көше атауларын ауыстыруға мораторийлер, шектеулер жарияланып, бұл іс тағы кейінге шегеріле берді.

Содан не керек, 2018 жылдың көктемінде мыңдаған павлодарлықтың қатысуымен қоғамдық тыңдау өтіп, Кутузов көшесін Тәуелсіздік даңғылы деп, өзгерту ұсынылды. Бұл бастаманы қолдаған ұлт жанашырлары «қызыл кеңірдек» болып, қалай болғанның өзінде қазақша атаудың берілгенін қалады. «Ресей әскербасының есімі өзгермеуі тиіс, ол – тарих», деген орысқұлдар да табылды. Әйтеуір, бұл жолы қазақ тілінің жанашырлары басым дауысқа ие болып, мәслихат депутаттары қолдау білдіріп, 40 жылдық сең қозғалды. Қазақ тарихына түк қатысы жоқ Кутузовтың орнын ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған қасиетті ұғым – Тәуелсіздік басты!

Ал былтыр наурызда Елбасы президенттік тақтан кеткен соң, мемлекет басшысының орнын басқан Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардың орталық көшелерін Нұрсұлтан Назарбаев деп, өзгертуді ұсынып, әп-сәтте тиісті жиындар ұйымдастырылып, құжаттар қабылдана қойды. Нәтижесінде, талай талқыдан өтіп, қоғамдық тыңдауда дискуссияның өзегіне айналған Тәуелсіздік даңғылы өз орнын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына босатып берді. Кутузов көшесі небары бір жыл ғана Тәуелсіздік деп, аталды. Әу баста, ең ұзын басты көшенің Елбасының атымен аталуын жат көрген тұрғындар болды. Бірақ уақыт өте келе, көпшіліктің құлағы бұл атауға да үйреніп кетті. Тек мемлекеттік мекеме — облыстық полиция департаменткерінің емес.

Нұрлан Мәсімов басшылық ететін департаменттің ақпараттарында әлі күнге дейін Кутузов деп жазылып жүр. Мысалы, аталмыш органның баспасөз қызметі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге дайындаған мына бір ақпаратқа көз шалып өтіңіз:

«Полицияның хабарлауынша, мобильді кешендер Кутузов 203 (199 үйдің жанында), Кутузов 46/1, Лимонная 31 (Кутузов — саяжайдың соңы әуежайға, Береговая 67), Камзин 72 (49 үйдің жанында), Чкалов (Агродизель, 100 үйдің жанында), Ак көшесінің қиылысында орнатылады. Сәтбаев-Достоевский, Суворов 15 (60 үйге қарама-қарсы және «Алтын балық» дүкені), Ломов 149 («Мечта» СҮ қарама-қарсы), Мир 17 және «Тойота центрге»қарама-қарсы автожолда».

Сөздердің өзара байланыспауы, мекен-жайлардың толық еместігі былай тұрсын, осыдан екі жыл бұрын атауы өзгерген көше әлі де бұрынғыдай аталып жүр. Мұны павлодарлық белгілі журналист Есенбек Санатұлы да байқап, әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай жазба қалдырыпты:

«Біздің Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі атауы өзгерген жер-су аттарын, қасақана, бұрынғы атауымен жазады ғой деймін. Семейді Семипалатинск деп, бірнеше рет жазғанда, ескерту жасадым. Қазір, Кутузов көшесі деген жоқ бізде. Тәуелсіздік даңғылы болып, артынша, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы атанған. Чкалов көшесі Сағадат Нұрмағанбетов көшесі болған. Ал, Суворов Малайсары батыр, деп аталады. Ал, біздің полицейлер ескі атауларды әлі көксейтін сияқты. Қалалық ішкі саясат бөлімі, тілдерді дамыту бөлімі ескерту жасасаңыздаршы!!!» (автордың орфографиясы сақталды).

Иә, соңғы жылдары Павлодар облысында бұрын-соңды болмаған өзгеріс – қала, елдімекен атаулары қазақшаланып, жергілікті жұртшылық бір марқайып қалған еді. Көпшіліктің облыстың экс-әкімі Болат Бақауовты құрметтеуінің бірден-бір себебі де осы. Ел арасында «Бақауовтың кезінде ана көше, ана ауыл атауы қазақшаланды», деген әңгімелер жиі айтылады. Сөзіміз құрғақ болмас үшін мына бір деректі келтірейік. Тек өткен жылдың өзінде облыс орталығында бір мезетте 13 көшенің атауын өзгерту туралы тиісті қадамдар жасалып, құжаттар ретке келтірілді! Енді Павлодар қаласында Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердиев, Бұқар Жырау, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов, Ермахан Бекмаханов, Едіге би, Сағадат Нұрмағамбетов, Қабдеш Нұркин, Ақ жол, Желтоқсан, Жібек жолы, Ақбеттау көшелері бар. Оған дейін де көшелердің орысша атаулары Баян батыр, Малайсары батыр, Құдайберген Сұрағанов деген батырлардың есімімен ауыстырылған болатын.

Осындай игі істер атқарылып жатқанымен, облыстық полиция департаменті бұрынғы атаулардан арыла алмай келеді. Бір емес, бірнеше рет қазақша көше атаулары ескі орысша атаумен жазылған соң «осылар қасақана жасай ма?» деген ойдың оралатыны жасырын емес. Бұған қатысты полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері мынадай түсініктеме берді:

«Павлодар облысы ПД жасалған ескертулерді назарға алып, түзетулер енгізді. Ескі көшелердің атаулары тұрғындарға қолайлы деген пікірмен жазылған еді».

Осы уақытқа дейін жасалған ескертулерді енді бірден түзете қоярына күмән көп. Бұл – бір. Екіншіден, ескі атауларды тұрғындарға қолайлы болуы үшін жазу қисынға келмейді. Керісінше, мемлекеттік орган өкілдері жаңа қазақи атаудың халықтың құлағына тез сіңіп, орысша атаулардың тарих қойнауына тереңінен еніп кетуі үшін әрекет етуі керек-ті. Ал олардың жасап отырғаны мынау. Өкінішті-ақ...

Тегтер: даңғыл көше атау тәуелсіздік полиция департамент облыс түзету мемлекеттік орган

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 17:05
Дүниежүзілік банктен гуманитарлық көмек келді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 17:12
«Бадамда» инфрақұрылым мәселесі шешімін табуда
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 17:10
Шымкентте «Ойлы болсаң, озып көр» байқауы өтеді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:56
Шымкентте жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:55
Жастарға арналған денсаулық орталығы жұмыс істейді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:52
Биыл 19 ауыз су нысаны пайдалануға беріледі

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33