Кезекті көзбояушылық па?

Мариям МАҚСАТ

13.10.2020, 04:14

630

Біздің елде шенеуніктердің қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы жағдайлардан соң ғана жылы орнынан қозғалып, қандай да бір тексеріс жұмыстарын жүргізуі – қанға сіңген қасиет болып кетті. Сол сияқты павлодарлық полицейлер бес адамның өмірі қыршыннан қиылған соң ғана жолдағы ауыл шаруашылығы техникаларын бақылауға алуға кірісті. Оның өзі бес-ақ күн тексереді. Сонда бұл кезекті көзбояушылық па, әлде шын мәнінде, тәртіпсіздіктің алдын алу ма?

3 қазан күні Ақтоғай – Шолақсор бағытында елді есеңгіреткен жол апаты орын алды. ВАЗ 21041 көлігін тізгіндеген 43 жастағы облыс тұрғыны шөп үйілген тіркеменің астына кіріп кетіп, жеңіл көліктегі бес адамның барлығы сол жерде жан тәсілім етті. Белгілі болғандай, ауылдың төрт тұрғыны «Жигули» көлігі бар ауылдасын облыс орталығына апарып келуге қолқа салып, Павлодар қаласына жеткен. Сенбі күні кешкісін үйлеріне қайтып келе жатқан кезде, тасжолдың үстімен әлгі «Жигулимен» бір бағытта келе жатқан трактордың тіркемесінің астынан бір-ақ шыққан. Ауыл шаруашылығы техникасының жүргізушісі дін аман. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осы оқидан соң бірден, яғни 5 қазан күні Павлодар облысында «Ауыл шарушылығы техникасы» профилактикалық шарасы басталды. Небары бір тәуліктің ішінде трактор тізгіндеген 100-ден астам жүргізушінің ереже бұзғаны анықталды. Мысалы, трактор тізгіндеген 38 адамның жүргізуші куәлігі болмай шығып, сол үшін жаза арқалады. Тағы 25 жүргізуші басқарған көліктің техникалық ақаулары бары, ал 10-ы техникалық байқаудан да өтпегені белгілі болды. Үшеуі тракторларды жалған нөмірмен, тағы төртеуі ішімдікке сылқия тойып алып жүргізген.  Сөйтіп, бір тәулікте барлығы 18 ауыл шаруашылығы техникасы айып тұрағына қойылды.

Жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы Ғалым Сарғұловтың айтуынша, техникалардың жарық, дыбыс дабылдары мен жарық беру құралдары, рөл мен тежеу жүйесінің жұмысы, жүргізуші куәлігі мен техниканы тіркеу құжаттары, медициналық қорапшаның, өрт сөндіру құралының, апаттық белгілердің бар-жоғы тексеріледі.

– Шөп, ағаш тіркеп алған ауыл шаруашылығы техникаларына аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жолдармен жүруге болмайды. Тіркемесі бар тракторлар тек ауыл арасындағы жолдармен жүкті тасымалдауы керек. Ондай жол болмаса, полиция органдарына хабарласып, тәртіп сақшыларының бірге еріп жүруін ұйымдастыру қажет, – дейді Ғ.Сарғұлов.

Шөп науқаны кезінде мұндай профилактикалық шараның жүргізілгені жақсы, әрине. Алайда бұл істі ертерек бастауға болмас па еді деген сауал туындайды көкейде. Сол кезде бес адамның өмірін жалмаған ірі жол-көлік оқиғасы болмас па еді. Әрі бес күндік шара кезінде тәртіпсіздікті тыйып тастау да мүмкін емес. 10 қазаннан кейін ауыл шаруашылығы техникаларының шөп пен ағашты тиеп алып тасжолмен жүйткімесіне кім кепіл? Осындайда адам өмірі мен қоғамдық тәртіпті емес, есеп беру мен көзбояушылықты жоғары орынға қоятын шенеуніктердің әрекетіне қайнайды қаның.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 25.01.2021, 09:28
Төтенше жағдай: "АрселорМиттал Теміртау" цехында шатыр опырылды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.01.2021, 17:30
Қарағанды облысында карантин күшейеді
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 22.01.2021, 17:00
Семейді қыстан сақтауға "қолы қойылмаған" Сақтағанов келді
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 21.01.2021, 17:44
"Ұлттық ат бәйгесін ас беру деңгейінде ғана қарастыруға болмайды"
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.01.2021, 16:13
Алименттен жалтарған әкенің көлігі тәркіленді
Мариям МАҚСАТ 21.01.2021, 14:14
Павлодар атауы өзгере ме?

Аңдатпа


  • "Вакцина жасатқандар жарты жылдан кейін жаппай өле бастайды», бұл ақиқат па?
    25.01.2021, 09:46
  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32