Көше ортасындағы "Көктөбе"

Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ

10.09.2020, 10:55

805

Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты «Қалқаман» ықшамауданының ортасында орналасқан өздерінің «Көктөбелері» бар.

Қайбір жылдары орталық кәріз құбырын жүргізген мердігерлер мешеулігінің кесірінен көшенің қақ ортасында пайда болған төмпешікке аудан тұрғындары «Көктөбе» деп ат қойып үлгерген. Иә, көкелерінің арқасында небір тендерлерді ұтып үйренгендер өздері білмейтін салаға да қол салып үлгерген сыңайлы.

     Жер астымен жүргізілген инженерлік жүйелерді түсіне алмай, жүйкелері жұқарып әбден әлекке түскен мердігерлер көшеде қазылмаған жер қалдырмады. Бір жерді қаза бастаса астынан жоғары кернеулі су құбыры шығып қалып, ол жерді көме сала бірер метр берірек қазғандар енді үлкен электр желісіне ұрынды. Оны жұлып кетіп, үлкен көлемде айыппұл төлеп әзер құтылғандар қазған орларын көмер-көмбестен бірер метр тағы жылжиды. Бұл жолы тағы қателескендер шұңқыр ішінде тұрған өз адамдарын байқамай қалып, үстіне топырақ құлатып, ажалы сол жерде жеткен марқұмның да ың-шыңын шығармастан жауып тастады. Кісі өлімі орын алды, сасқан адам көрінер емес, жұмыс жалғаса берді. Жер астындағы инженерлік жүйенің сызбасын теріс ұстаған техниктері тесетін жер таба алмай, тереңірек баруға тағы қорқып, қаланы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған үлкен су құбырының үстінен кәріз жүйесін жүргізіп шықты. Қыңқ еткен біреу табылмады. Соның салдарынан бұрынғы Мұхтар Әуезов, қазіргі Бәйкен Әшімов көшесінен Латыф Қыдырбеков көшесінің бойымен «Примера» тұрғын үй кешеніне қарай тартылған кәріз жүйесінің бір басы жер үстінде орналасты. Шамамен бір метр биіктікте. Мұндай биіктіктерді жағрапияда теңіз деңгейінен пәленше метр биіктікте немесе төмен орналасқан деген терминмен беретін болса, құбыр жүйесіндегі бұл құбылысқа жергілікті тұрғындар «Көктөбе» деп ат берген. Негізгі аты –«Боқтөбе».

      Әлемді шыңға орналасқан «Медеу» мұзайдынымен таңдандырған бұл қазақ бүгінде «Боқтөбесімен» таңғалдыруда. Бұрын-соңды мұндай жобаның (кәріз жүйесінің) жер бетінде орналасқаны жоқ. Негізгі техникалық талапқа сай болса, кемі екі метрдей тереңдікте орналасуы тиіс құбырдың жер бетіне шығып кетуін кім, қалай түсіндіріп берер екен? Жаңбыр суының өзіне еріп кететін «рафинад» бардюрлерін жыл сайын ауыстырып қана жан бағуда.

Енді бір сорақылығы – сол жерде орналасқан тұрғын үйлердің көбі орталық жүйеге қосыла алмайды. Өйткені кәріз жүйесі үй деңгейінен әлдеқайда биік тұр. Тіпті апатты жағдай орын ала қалған жағдайда кәрізден ағатын неше түрлі боқтық елді басып қалуы да ғажап емес. Жаз бойы жер қазудан қажыған қарт бригадир жыл соңында жылу жинағандай жылмиып, жалына келгенде үлкен кісінің көңілін қимай, қол қойып бере салғандарына тұрғындар әлі өкінеді. Сондағы айтқан сылтауы: жұмысшыларым еңбекақыларын ала алмай жатыр, жыл басында бәрін тап-тұйнақтай етеміз. Әкімшілікке барған тұрғындардың үнемі еститіні: «Өздеріңіз қайтадан қалталарыңыздан қаржы шығарып, проект жасатуларыңыз керек т.б.» Неге? Таусылмайтын түрлі сылтау айтып, қомақты ақша талап еткендер ештеңеден қымсынар емес. Кей күндері «ароматы» аңқитын «Көктөбенің» «баурайынан» бала-шағаны және қуып кетіре алмайсың. Балалар еркін ойнайтын жалғыз алаңқай осы жер.

      Кезінде балалар алаңы салынады деп сақтап жүрген ашық алаңқайға ертеңгі праймеризге қатысқалы отырған «Нұр Отан» мүшесінің біреуі қол салды. Сатылып кеткен сол жерге аяқастынан үшқабатты жатақхана салуға жанталаса кіріскендердің үшінші қабаттағы үйлердің терезесінен жоғары кернеулі тоқ сымдарын қолмен ұстауға болатынын көре тұра, бұған кім ұлықсат берді екен деп таңғалмасқа тағы шараң жоқ.

     Әкімшілікке қанша шағымданса да, ешкім елең етпеген соң, еріксіз телеарналарды шақырған жұртшылық қалалық жер қатынастарын реттеу қызметкерлерінің араласуымен өріліп қойған үстіңгі екі қабатын алғызып тастаған. Ал төменгі қабатына әсер ете алмады, әлде осының өзін зор жеңіске балаған тұрғындар соңына дейін дұрыс қуынбады. Әкімшілікте отырған «әлдебіреудің» аты-жөні жиі айтыла бастаған соң, барлығы ол кісінің осал емесін байқады ма, қайдам, іс осымен тәмамдалды. Бұл күнде 10 пәтерлік әлгі үй «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» болып тұр. Иесі кім? Пәтер қылып сатып жіберді ме, жоқ әлде жалға өткізіп отыр ма, ол жағы да белгісіз. Иелері де ешкіммен араласуға құлықсыз. Тек қоқыстан табылған шифер жабындылармен жағалай қоршалған сол үйдің көшенің сәнін кетіріп тұрғаны ғана баршаға аян. Егер де Алматының қақ ортасында келеңсіздіктерге бой алдырып отырғанымыз мынау болса, шалғайдағы ағайынның даусы мүлде жетпейді деген сөз.

     «Боқтөбе» баурайында асыр салған балаларының ертеңіне алаңдаулы халық кімге барып мұңын шағарын білмей дал болуда. Ал осы көзжұмбайлыққа жол берген әкімшіліктегілер праймеризге қызу дайындық үстінде.

Тегтер: мәселе әкім халық әкімшілік шағым арыз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43