27.10.2021, 16:00
932
Газетіміздің өткен санында жантүршігерлік жол-көлік оқиғаларының көбейіп кеткені туралы жазып едік. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, Алматы облысында жол апатынан 14 жастағы бала бақилық болды. Құлжа тас жолы бойымен жүйткіп келе жатқан жүк көлігі жасөспірімді қағып өткен. Бала оқиға орнында тіл тартпай, жантәсілім етті. Енді марқұмның ата-анасы ұлының өліміне себепші болған жүргізуші жазадан жалтарып кете ме деп қорқып отыр.
Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылының тұрғындары – Тохтахуновтар әулеті осылай қара жамыламыз деп ойламаған. Бәрінен де жан жүрегі баласынан айырылған анаға қиын. Басына осындай қайғы түскеніне әлі сене алар емес. Баланың суретіне қарап жылай береді… Одан басқа амалы да жоқ. Ешкім оған 14 жасар Рамзанды қайтарып бере алмайды. Бар тілегі – кінәлі жазасын алса екен дейді.
Себебі күдікті қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуі әбден мүмкін. Осыны айтып, марқұмның әкесі Бахтияр әлеуметтік желіге видео жүктеген. Онда: «13-і күні болды… Кешкісін самсаханаға барамын деп шығып кеткен еді. Күнде сол жерден нанын, самсасын алып жүрген бала ғой. Бағдаршамды күтіп, жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп жүретін. Көлік аса қатты жылдамдықпен жүйткіп өткен. Газды үдеткен қалпы тежегішті де баспай, өте шыққан», – дейді ол.
Рамзан үйдің үлкені болатын. Өзінен кейін екі інісі бар. Оқыс оқиға Құлжа тас жолының бойында орын алған. Куәгерлердің айтуынша, Рамзан бағдаршамнан 150-200 метрге дейін ұшып кеткен көрінеді. Олар жасөспірімнің денесі бірнеше бөлікке бөлініп кеткенін айтады. Баланың аяқтары мен қолдары сынған. Оқиға кезінде жүргізуші қылмыс орнынан қашып кетпек болған, бірақ басқа жүргізушілер оның жолын жауып тастаған көрінеді. «Баланы қаққан көлік оқиға орнынан 200 метр өтіп барып тоқтады. Оны бір кісі сүйреп әкелді. Ішімдік ішіп, қызып алғаны көрініп тұрды. «Адам қағып кеттім-ау» деп ойланып тұрған ол жоқ. Темекісін шегіп, ештеңе болмағандай тұрды», – дейді куәгер Жандос Алтынов.
Рамзан болса жолды оңды-солды кесіп емес, рұқсат етілген жерінен өткен. Мұны облыстық полиция департаменті де растап отыр. Алматы облыстық полиция департаменті бұл жол-көлік оқиғасы Алматы – Көкпек – Көктал автожолының 16-шақырымында болғанын хабарлайды. «Wuling автокөлігінің 59 жастағы жүргізушісі жолдың жүру бөлігін оңтүстік бағытта кесіп өтіп, жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Оқиға болған кезде қайтыс болған адамның жеке басы белгісіз еді. ЖКО фактісі бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында қаза тапқан адамның жеке басы анықталды, ол Талғар ауданы Гүлдала кентінің 14 жастағы тұрғыны болып шықты. Жүргізуші күдікті деп танылып, Талғар АПБ-нің УҰИ-на қамалды», – дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.
Марқұмның туыстары баласының өліміне себепші болған көлік жүргізушісі жазадан жалтарып кете ме деп қауіптенеді. Баланың ата-анасы күдіктінің мемлекеттік органдарда байланысы бар деп санайды. Себебі тергеу сотының қаулысымен күдікті кепілмен босап шыққан. Қазір үй қамағында. Енді баланың ата-анасы 59 жастағы азаматтың тиісті жазасын алуын талап етіп отыр. Ал полиция департаменті қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын, тергеу барысы Алматы облыстық ПД басшылығының бақылауында екенін айтады.
«Олар енді бәрін өздері қалағандай реттей алады, жазадан құтылып кетуі мүмкін. Осындай арсыз адамдар мас күйінде көлік жүргізіп, қаншама адамның обалына қалды, баламызды өлтірді. Мен оның жазасын алғанын қалаймын, заң жүзінде әділ шешімін тапса екен», – дейді марқұмның әкесі Бахтияр Тохтахунов. Айтуынша, Рамзан бір аптадан кейін 15 жасқа толуы керек еді.
Жастай қиылған ғұмыр… Әлі өмірдің қызығы мен қиындығын көріп те үлгермеген бала… Кінәлі жазадан құтылып кетсе, билікке сенімнің одан сайын төмендейтіні белгілі.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР