Майнерлер Қарағандыны майшелпекке айналдырып алыпты

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

17.11.2021, 14:15

1033

Әкім Жеңіс Қасымбек жуырда аймақтағы кәсіпорындар жылына 1 млрд мегаватт-тан астам электрқуатын тұтынатынын айтып қалды. Баламалы жолмен келетін электр энергиясы жыртыққа жамау бола алмайды. Бүкіл аймақ тоқтан тапшылық көріп, пұшайман күйде отырған тұста криптовалюта өндірушілер Қарағандыны қолайлы климатқа айналдырып алған. Айналасы екі жылдың ішінде шекесі шылқыған «сұр» майнерлер өңірді энергодағдарысқа ұрындыруда. Онсыз да қуат көзінен тарығып отырған өңірге бұл жығылғанның үстіне жұдырық болып отыр. Қараша айында көлеңкелі бизнеспен шұғылданған екі фирма тәркіленді. Алғашқысы өндіріс ашу үшін құжат рәсімдеп, астыртын тоқ көзін тұтынып келген. Арада апта салып Теміртау қаласының маңынан тағы ірі криптовалюта өндірушер тұтқындалды. Олар қуатты компьютерлермен жабдықталған бақандай 10 контейнер орнатып, шылқып байып келген. Металлургтер өлкесін майшелпек қылған баукеспелер Оңтүстік Корея, Түркия және өз еліміздің азаматтары болып шықты.

–Алдыңғысының тарихын айтар болсақ, «Силициум Қазақстан» кәсіпорнының алаңында орналасқан. Облыста осындай «сұр» майнингтер көп шоғырланған. Біздің есебімізше, 80-90 мегаватт тоқ солардың еншісіне кетіп жатыр, – дейді әкім.

«Шыққан шығынды өндірсін»

Халықты сүліктей сорып жатқан криптовалюта өндірушілердің қылығына күйінген қарағандылықтар кімге шағынарын білмей дал.

–Кешкілік уақытта үйдегі шам сығырайып жанады. Тұрғын үйдің маңындағы гараждардың бірінде бірнеше қуатты компьютерлер орнатылған деген сыбыс естідік. Жанға бататыны – олардың қалтасын қампитқан қаржы біздің қалтамыздан төленуде. Қарақшылықтан қашанға дейін жапа шегуіміз керек? Мемлекет неге жүйелі шара қолданбайды? Мәселе осылай көпе-көрінеу жалғаса берсе, жұрт кедейдің  кебін киері кәдік, – дейді қала тұрғыны Ерболсын Жұматов.

Ресми дерек бойынша облыста небәрі сегіз фирма тіркеуге алынған. Бізде ТМД елдерінен, Еуропа мен Қытайға қарағанда электр энергиясының тарифі төмен. Барар жер, басар тауы қалмаған майнерлер Қазақстанның  нарқын табыс көзіне айналдырып отыр – дейді спикерлер.

–Әккілер қаланы жайпап, шалғай ауылдарға ауыз салған. Мәселен, мен ауылдағы жекеменшік жеріме тоқ тарта алмай зәрезап болып жүргеніме екі жыл болды. Себебі қуат күші жеткіліксіз. Шалғайдағы елді мекендердің қосалқы электр станцияларының аумағын жіті тексеру қажет. Жасырын мүдделердің пайдасында жергілікті әкімдердің де қатысы болуы мүмкін, – дейді кәсіпкер Сағадат Сағынұлы.

         Қарағандылық  кәсіпкер Төлеген Әшімов шаhарда бас сауғалаған майнерлерді тауып, жеке тұлғалардың шығынын солардың мойнына арту керек дейді. Құрылыс фирмасы директорының пайымдауынша, криптовалюта өндірушілерді бір жерге шоғырландыратын уақыт келді. Ол майнерлерге қолайлы мекенжай ретінде Қарағандыдағы технопарк маңын  ұсынып отыр.

Майнерлермен күрес мемлекетке сын

Таяуда еліміздің энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев «Цифрлық майнинг қызметін жүргізетін тұтынушылардың электр қондырғыларының кейбір мәселелері туралы» бұйрық әзірледі. Жоба аясында құзырлы ведомостволар жасырын майнинг кәсіпорындарды анықтайтын ревизия жасауға кіріспек. Жоспар бойынша 1 мегаватт және одан көп қуат жұмсайтын нысандар бақылауға алынады. Бірақ бұл шектеу нарық ойыншыларын бүтіндей тұқыртуға қауқарлы ма?

Республикамыздағы майнерлердің жүгенсіз кетуі үкіметтің электр қуаты нарығын дұрыс реттемеуден ушығып отыр. Еліміз электр қуаты тапшылығына киліге бастағанда майнерлік фирма құрамын деушілердің барлығына мұрсат бердік. Басты кемшілігіміз осында болып отыр. Қаржы заңы бойынша майнерлерге электр энергиясы профицит /артылғанда/ жағдайда жолдама берілуі керек. Осы күні ресми тізімге алынған майнерлер   салық төлемін жеке тұлғалармен теңдей бағада төлеп отыр. Сөйте тұра, қарапайым бұқараның есебінен олжаға кенелуде. Бұл парадокс емей, немене? Сондықтан майнер кәсібін ашуды жедел арада тоқтату керек, – дейді мәселенің мәнісін айтқан  экономист ғалым Аяпберген Таубаев.

Кембридж университеті ғалымдарының зерттеуіне сүйенсек, әлем елдері арасынан криптовалюта өндірушілердің кәріне ұшыраған үштіктің қатарында Америка мен Ресейден кейін Қазақстан тұр. Мұндай құқайды бастан кешірген Қытай мен Иран криптовалюта жасаушыларға қысқа уақыттың ішінде  ақырзаман орнатты. Аспанасты  елі биыл майнерлердің ісін қылмыс деп, заң жүзінде бекемдеп біржолата тоқтау салды. Иран майнерлерге шексіз шектеу қою арқылы жолын байлады. Бүгінде Ресей майнерлерге салық базасының ставкасын бұрынғыдан да өсіріп, бюджет кірісін толықтыруға міндеттеді. Ал біз қайтіп арыламыз? Күрделі дағдарыстан құтылу ендігі жерде отандық энергетиктер мен құқық қорғаушылардың қауқарына сын болмақ.

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30