Мал азығын жеткізудің машақаты көп

Сайт әкімшілігі

27.08.2021, 09:30

965

Павлодар облысы Баскөл ауылының тұрғындары соңғы 20 жыл бойы жемшөп тасудың ауыртпалығын тартып келеді. Ертіс өзені арнасының ар жағына өтетін көпір болмағандықтан, шабылған шөпті қораға дейін жеткізу қиынның қиыны. Осы жолдың бойында талай трактор суға кетіп, адам өлімі де тіркелген-ді.

Мал азығымен қамтудың машақатына әбден «қанық» болған ауылдықтар төрт түлік ұстауды қойды. Ет пен сүтті дүкеннен сатып алуға көшті. Ал шағын қожалықтары бар тұрғындар әлі күнге дейін жол азабын тартып келеді. Бұған дейін шабындық жерлерге өтуге мүмкіндік беретін Қ.Сәтбаев атындағы каналдың паромы әбден тозған. Ол апаттық жағдайда болғанына қарамастан, тұрғындар мал азығын сол арқылы тасиды. Одан басқа амал жоқ. Көпір тек бір тракторға арналғандықтан, шөп тиелген тіркемелер кезек келгенше ұзақ уақыт күтеді. Бәрінен де өзен арнасының ар жақ, бер жағына өткені үшін алынатын ақы тұрғындарды титықтатып тұр. Пароммен өтудің жол ақысы – 1000 теңге. Шаруалар күніне шабындық жерге бірнеше рет барса, бірнеше мың теңге төлеуге мәжбүр.

Мәселені шешу үшін жергілікті жұртшылық шенеуніктерге қарап алақан жайып отырған жоқ. Былтыр белсенді азаматтар бас қосып, Семейдің Курчатов қаласынан 12 жылжымалы көпір сатып алды. Әрқайсысы 350 мың теңге тұрады. Жеткізу қызметіне тағы 200 мың теңге төледі. Алайда тұрғындардың өз қалтасынан шыққан миллиондаған қаржыға сатып алынған көпір әлі күнге дейін орнатылған жоқ. Себебі оларды құрастыратын арнайы техника мен мамандар, тиісті рұқсат қағаздар болмай тұр.

Ауыл тұрғыны Амангелді Кенжеғалин осы қиындықтардың барлығы ауылдағы ағайынды әбден титықтатқанын айтып, базынасын білдірді.

– Соңғы 20 жыл бойы бұл мәселенің түйіні бір тарқамай-ақ қойды. Осы уақыт аралығында талай трактор суға кетті. Қайбір жылдары жылжымалы көпірдің өзі су астында қалып, өзен арнасының ар жағына жете алмай, қиналып едік. Басқа шығындар аздай, өткен-кеткен сайын 1000 теңгелік ақы алуы тағы бар. Мұндай ауыртпалықтардан кейін мал ұстағың келмей кетеді, – дейді тұрғын.

Май ауданының басшылығы бұл мәселені шешуге асықпайды. Жергілікті тұрғындарға ұсыныстарын айтып, кеңес берумен ғана шектеліп отыр. Аудан басшысының орынбасары Медет Шоқановтың айтуынша, аудандық деңгейде көпір салуға бағытталған бюджеттік бағдарлама жоқ. Сол себепті қазынадан қаражат қарастыру мүмкін емес.

– Баскөл ауылының маңында 5000-нан астам шабындық жер бар. Оның 3000 гектарға жуығы 23 шаруа қожалығы мен 17 тұрғынға жалға беріліп отыр. Май ауданының әкімдігі «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша инфрақұрылым тарту мәселесін қарастырған еді. Бірақ бұл жоба бюджеттік бағдарлама талаптарына сай келмейді. Сондықтан кәсіпкерлерге құны 3 млн теңге болатын жобалық-сметалық құжаттаманы жасау қажет. Сол кезде ғана облыстық бюджеттен көпір өткеліне қаражат сұрай аламыз, – дейді аудан басшысының орынбасары.

Демек, жүктің барлығы тағы жергілікті тұрғындардың мойнына жүктелген. Әкімдік «шөпті қалай тасысаңдар, өздерің біліңдер» деген сыңай танытып отыр. Бұған дейін көпір өткелінің құрылымдарына миллиондаған қаржы шығарған азын-аулақ малы бар ағайын тағы 3 миллион теңгені қайдан тапсын?! Жобалық құжатты жасаған күннің өзінде, облыстық бюджеттен қаржы бөлінеріне еш кепілдік жоқ. Сондықтан баскөлдіктер әлі бірнеше жыл апаттық жағдайдағы көпір арқылы мал азығын тасуға мәжбүр. Бұл уақытта тағы да оқыс жағдайлар тіркелмесе игі.

Тегтер: мал шаруашылығы мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39