МӘМС-тің ауыл тұрғындарына қайыры қанша?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

28.01.2021, 17:05

1869

Елімізде тұңғыш рет 1996-98 жылдары құрылған міндетті сақтандыру қорының жұмысы бел ортасына келгенде берекесіздікке батпандай батып, ақыры құрдымға кеткені мәлім. Су жаңа жасақталған МӘМС жүйесінің де шатқаяқтар тұсы бар. Жақында өңірдегі БАҚ өкілі Қарағандыдағы  емханалардың бірінде жаңа жүйенің халықты қалай жарылқап жатқаны жайлы жұрт арасында  сұрау жүргізген-ді. Дүйім ел әріптесіміздің қолындағы микрофонын жұлып алардай ашуға булығып: «Медсақтандыруға аударған қаржымыздың құрдымға кеткені ме? Мемлекеттік емханадағы шегі жоқ ұзын-сонар кезектің кесірінен қажетті маманға жете алмай, жолдан қайтамыз. Кеселіміз дендеген кезде ақылы клиникаларға жүгінеміз», – деп шағымданды. Халқының қарасы қалың қаладағылар қолжетімді медицинаға қарық болмай тұрғанда, қияндағы ауыл тұрғындары не күйде?

               Ауылдағылар  МӘМС-ке не үшін қаржы құяды?

— Медсақтандыру қорының тізіміндемін. Өткен жылы пандемия басталғанда қалқанша безім ауырды. Бірақ ауылда менің дертімді емдейтін  дәрігер жоқ. Ауруыма үш айдай төзіп бақтым. Аудандағы дәрігер «порталға қоямыз, уақыты жақындағанда хабарлаймыз» деді. Уақыт өте келе сырқатым дендеп, күндіз тынышым кетіп, түнде ұйқыдан айырылдым. Ақыр соңында баламның  қаржысына  облыс орталығындағы жекеменшік клиниканың біріндегі эндокринолог-дәрігерге барып қаралдым. Тиісті қызмет түрін уақытында алмасақ, медициналық сақтандыруға қаржыны не үшін төлейміз?  Ондай қордың қажеті қанша? Жүйкеге тиетін жүйенің талабы  барлық жекеменшік денсаулық сақтау мекемелеріне неге бірдей жүрмейді? – дейді  Жаңаарқа ауданында тұратын Мұрат Байқуатов.

      Шағым иесінің өтінішін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалының өкілдеріне жолдадық. Бас сарапшы Жанар Рақышевадан келген  жауап мынадай  болды: «Егер ауылда тиісті сала дәрігері болмаса, учаскелік дәрігер сырқатты  келісімшартқа отырған емханаға жолдамамен жібереді. Келісімшарт Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушісі тізімінде болуы шарт.  Сақтандырылған азаматтар осы тәртіппен ғана  қажетті маманға қаралады». 

Бұл жауаптың астарынан нені ұқтық? Сырғытпа сөз, «қосылғыштардың орындарын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» деген ойды меңзегендей.

                                       Кім кімді алжастырып отыр?

         Медсақтандырудың талабын кері  бұрып отырған емханалар да  бар. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Тоғызқұдық ауылында тұратын мектеп мұғалімі  Салтанат Бошанова облыстағы «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігіне  осы мазмұндағы назын жеткізген.

    – Салтанат мектепте мұғалім болып істейді. Көпбалалы әйелдің  үш жасқа толмаған баласы бар. Жас анаға емханадан қоңырау шалып, оған бір жылдың ақшасын салуды ескерткен. Егер ол шартты орындамаса, стационарлық қызметтен қағылатынын, флюрографиядан тегін өтпейтінін айтқан. Бұдан шығатын қорытынды, Салтанаттың қорға автоматты түрде түсуге тиіс жарнасы қайда кеткен? Базаға неге енгізілмеген?

        Былтыр пандемия кезінде емханалардағы салалық дәрігерлер (хирург, лор, невропатолог т.б.) жеті ай бойы науқастарды қабылдамады. Ауылда мұндай  мамандар атымен жоқ екені айқын. Олай болса қиналыспен  жан бағып отырған ауыл тұрғындарынан бір жылдық медсақтандыруың ақысын төлеуді табандап талап етуі абсурд, – дейді аталған бірлестіктің жетекшісі,  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әлеуметтік жаңғыру тобының мүшесі Ләззат Қожахмет.  

Алайда тиісті сала мамандары МӘМС-тің көлеңкелі тұстарына сәуле түсіріп, жұрттың көкейіне үміт отын жағу үшін барын салып бағуда. Денсаулықты кепілдендіретін қордың әлеуметті алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселесі үкіметтің құзырымен шешіледі. Өйткені қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі.

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15