Мандат пен мансап

Түркістаннан Мәжіліске баратындардың аты-жөндері қазірдің өзінде белгілі  

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

13.10.2020, 11:05

576

«Нұр Отан» партиясының праймеризі Түркістан мен Шымкентте өте қызу өтті десек, қателеспейтін сияқтымыз. Саяси доданың барысында тек биліктің белгілеп берген кандидаттарына басымдық жасалғаны айтылды. Қарамағындағы мұғалімдерді өзінің күйеуіне дауыс беруге мәжбүрлеген бір мектеп директоры партия қатарынан шығарылды...

  

Ал праймериздің қорытындысында әдеттен тыс ештеңе болған жоқ. Қарсыластарынан қара үзіп, мәре сызығын бірінші болып кескендердің дені сол баяғыша бай-бағландар. Үздіктердің қатарында шенеуніктердің де қарасы аз емес.

Мәселен, саяси додаға Қазығұрт ауданынан Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков бақ сынап, 66 пайыз дауыспен бірінші орын алды. Әуелхан Тұрғымбеков уақытында бірнеше ауданның әкімі болған, облыс әкімі аппаратының тізгінін бір емес, қайтара ұстаған, өте тәжірибелі маман. Енді оның осы тәжірибесі Парламентке қажет болған сияқты. Біздің білуімізше, Тұрғымбековтың кандидатурасы мәжіліске ұсынылады. Жалпы, аппарат басшысын Парламентке жіберу Түркістанда дәстүрге айнала бастағанға ұқсайды. Бұған дейінгі аппарат басшысы Бәйділда Жылқышиев қазір мәжіліс депутаты. Енді Жылқышиевтің жолы Тұрғымбековке бұйыруы әбден мүмкін.

Арыс қаласында өткен праймериздің қорытындысы бойынша, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек көш бастады.  «Праймеризге әкім қатыспасын» деген заң жоқ, әрине. Мәселе саяси додаға кімнің, қандай мақсатпен түсіп жатқандығында ғой. Мұрат Қадырбектің жасы биыл қырықта. Осы қырық жасына дейін ол мемлекеттік қызметтің сан саласында, республиканың әр қиырында  еңбек кеткен. Қарағанды облысында прокурор, Шығыс Қазақстан облысында судья болып істеген. Министрлікте департамент директорың орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында әкім орынбасары, бұдан кейінгі жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстық департаменттерінде басшылық қызметтерді атқарған. 2016 жылдың қыркүйегінде сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов оны Арыс қаласының әкімі қызметі лауазымына тағайындады. Былтыр маусымда Арыстағы әскери қоймада болған жарылыс Мұрат Қадырбек үшін өте ауыр сынақ болғаны рас. Бірақ ол бұл қиындықты ойдағыдай еңсерді. Арыс әкімінің кандидатурасы да мәжіліс депутаттығына ұсынылып жатқан көрінеді. Егер солай болса, Қадырбектің карьерасы тағы да күрт өзгерейін деп тұр. Кеше судья, бүгін әкім, ертең енді мәжіліс депутаты  болып кетуі ғажап емес.

Праймеризде Отырар ауданында бірінші болып, Шөкеевтің кеңсесшісі Гүлжан Құрманбекова келді. Құрманбекова біраз жыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лаузымын атқарған. Экономика саласына жауап берді. Мегаполистің басшылығына былтыр жазда Ерлан Айтаханов келгеннен кейін, Құрманбекова жылы орнын суытты.  Ол қызметтен кеткеннен кейін, Шымкенттің бюджет саласында біраз келеңсіздіктердің орын алғаны айтылды. Алайда бұл Құрманбекованың қызметтік тағдырына ешқандай әсерін тигізген жоқ.  Ол көп ұзамай, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке кеңесші болып барды. Кеңесшінің де көздегені мәжіліс депутаты екендігіне күмән келтіруге болмайды. Осы Отырар ауданынан белгілі бизнесмен, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжановтың ұлы Нұржан Сейітжанов 57 пайыз дауыспен екінші болып келді.

Додаға Бәйдібек ауданынан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбеков те ат қосып, 75 пайыз дауыс алды. Білісбеков бір кездері Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, облыстық СЭС департаментінің басшысы қызметтерін атқарған. Тендерлерді өткізумен айналысатын мемлекеттік сатып алу басқармасына жетекшілік жасағанына 3-4 жылдың жүзі болды. Білісбековтың мұндай майлы орынды мәслихат депутаты болу үшін тәрк етпегені айдан анық. Оның да  мәжіліс мандатына қарай қол созғанын аңғару қиын емес.

Осы жерде праймеризде Түркістан облыстық мәслихатының бірнеше шақырылымына депутат болып жүрген біраз халық қалаулылары топ жарғанын айта кетейік. Мәселен, Мақтаарал ауданын бақ сынаған Өмірзақ Мелдеханов – 62, Нұралы Әбішев 46 пайыз дауыс алды. Бұған дейін Шардарадан депутат болған Рабиға Қуатбекова праймеризге Арыстан қатысып, мәре сызығына екінші болып келді. Осылайша, мәслихаттың осы жолғы шақырылымындағы  жалғыз нәзік жанды Рабиға Әбдімұсақызы екінші қайтара депутат болу мүмкіндігін толығымен қамтамасыз етті деуге болады. Ал облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Рәшкүл Оспаналиева бұл жолы додаға Шымкенттен қатысып, 22 пайыз дауысты иеленді. Мегаполисте жақсы нәтиже көрсеткен нәжікжандылардың қарасы аз емес. Олардың қатарында Сайрамдағы қосалқы мектептің директоры Жадыра Таңатарованы, қалалық мәслихаттың депутаты Төрайым Сұлтанованы, бұрынғы басқарма басшысы, қазіргі уақытта колледж директоры Альбина Елшиеваны ерекше атап өтуге болады. Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев мегаполистегі Абай ауданынан бақ сынап, 73 пайыз дауыспен бірінші болып келді. Ташқараев та мәжіліс депутаты болады деген әңгіме бар. Осы ауданнан Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің ұлы, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген  Нұрсұлтан Балабиев 65 пайыз дауыспен алғашқы үштікке енді.

Байқағандарыңыздай, билік партиясының іріктеуінде билікте жүргендер немесе билікте жүргендермен байланысы барлардың бағы жанды. Ертең мәжіліске баратындардың аты-жөндері қазірдің өзінде белгілі деуге болады. Бірақ сайлау дегеніңіздің аумалы-төкпелі науқан екендігі рас.  Бүгінгі жоба-жоспардың ертең қалай өзгеретінін уақыттың еншісіне қалдырдық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 22.10.2020, 10:52
Қымбатқа түскен «ноу-хау»
М.СӘУЛЕБЕК 22.10.2020, 10:48
Ерікті болу еріккен адамның тірлігі емес
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.10.2020, 10:30
Жобалар жүзеге асуымен құнды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.10.2020, 10:18
Қауынқақтың орнына қауынқытырлақ, Ақмаржанның орнына Айсара
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2020, 10:14
Маңғаз кәсіпкерлер мемлекеттік тілді менсінбейді
Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16