22.12.2020, 08:55
550
Облыстық мәслихаттың депутаты, «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-нің бас директоры, праймериз жеңімпазы Қайнар Абасов Ордабасы ауданында бірнеше кездесу өткізді.
Ол экспромт, канвассинг кездесулерінен бөлек «Есіктен-есікке акциясы» аясында да жұртшылықпен жүздесті. Қазақстан Республикасы мәжіліс депутаттығына кандидаттыққа түсіп жатқан Қайнар Бегалыұлы алдымен Бадам ауыл округіне қарасты «Бөрте Милка» ЖШС-на тосыннан барды.
Ол «Nur Otan» партиясының жүйелі саясатын кеңінен сөз қылды. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерін айтты. Сондай-ақ алдағы бес жылда атқаруға тиіс жұмыстарды, бағдарламаларды тілге тиек етті.
Халықтық партия «Nur Otan»-ға сенім білдіріп, дауыс беруге шақырды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі түсінікті етіп жауап берді. Бадамдықтар да келген қонаққа алғыстарын айтып, сайлау күні барынша белсенділік танытатындарын білдірді.
Ордабасы аудандық сайлауалды штабының басшысы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлиасқар Бердімұрат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жиынды қорытындылады.
Осы күні Қ. Абасов аудандағы бірнеше үйге барып, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесті. Қариялардың батасын алды. Ордабасылық сайлаушылар жетекші партияға қолдау білдіретінін жеткізді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР