Мектепте тамақ тағы қымбаттамақ

Теріскей оқушылары тегін тамақтаннеге қағылып отыр?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ

20.01.2023, 13:02

1769

Қымбатшылық қос бүйірден қысып барады. Дүкендегі азық-түлік аспандап тұр, енді жығылғанға жұдырық болғандай, қала­мыздағы жеке кәсіпкерлер мектептегі ыстық тамақтың баға­сын өсіруді көздеп отыр. Петропавлдағы мектеп асханаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қазіргі бағамен, яғни 500 теңгеге бір оқушыны тамақтандыру мүмкін емес екенін айтады. Бұлай жалғаса берсе, азық-түлікке кететін шығын мен аспаздардың жалақысын өтей алмай қалуымыз мүмкін дейді.

Петропавлдағы қырық шақты мектептің оқушылары былтыр 420 теңгеге тамақтанып келген болатын. Осы күзде 500 теңгеге дейін көтерген. Жарты жыл өтпей тағы да өсірмек­ші. Бұл жерде тұрмысы төмен отба­сылардың сәбилері мен жетім балалар бюджет есебінен тамақтана­ты­нын айта кеткен жөн. Алайда оқу­шылардың басым көпшілігі бұл са­натқа жатпайтыны белгілі. Мәселен, үш немесе төрт баласы барлар өздері төлейді. Бағаны қымбаттату­ға не түрткі болғанын қаламыздағы №2 және №6 мектептің оқушыла­рын тамақтандыруға жауапты асха­наның иесі, жеке кәсіпкер Нұрлан Тілемісовтен сұрап білдік.

– Бағаның көтерілуіне – азық-түлік құнының өсуі себеп. Қазір барлық заттың бағасы удай. Ет, қант, жұ­мырт­қаның құны қаншалықты еке­нін жақсы білесіздер. Бағаны өсіре­тініміз жайлы облыстық білім басқар­ма­сын құлағдар еттік. Ата-аналарға да ескертілді. Қазіргі нарық жағ­дайын ескеріп, түсіністікпен қарай­ды деп ойлаймын, – дейді жеке кә­сіпкер.

Бағаны өсіру мәселесі кәсіпкер­лер палатасында да талқыланған болатын. Жеке кәсіпкер Валентина Пышная азық-түлік құнының өсуі мен инфляцияны ескеру қажеттігін айтады. «Жұмысшылардың жалақы­сы мен басқа да шығындарды есеп­темегенде, бір баланы тамақтанды­рудың өзіндік құны 430-450 теңге кө­лемінде. Мұндай бағамен кәсіпкер табыс табудың орнына шығынға ба­тады» – деді ол.

Петропавлдағы жеке кәсіпкер­лер­дің жанайқайын түсінуге бола­тындай, алайда Батыс Қазақстан об­лысында бастауыш сынып оқушы­лары 380 теңгеге ғана тамақтанаты­нын немен түсіндіреміз? Оларда азық-түлік бағасы бізден қымбат бол­маса, арзан емес. Әрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жұ­мыс істейтін кәсіпкерлер асхана ғи­маратын тегін алып отырғанын, жал­дау ақысын төлемейтінін де айта кеткен жөн.

Кәсіпкерлер бағаны 550 теңгеге дейін көтерумен шектелмейтіндерін жасырмауда, яғни алдағы күзде 600 теңге қылмақшы. Бұл жөнінен об­лыс­тық білім басқармасы да, қала­лық білім бөлімі де хабардар. Бірақ олар жеке кәсіпкердің ісіне араласа ал­майтындарын айтып ақталуда. Бас­қарманың баспасөз хатшысы Әсел Оразбаеваның айтуынша, қала бо­йынша әлеуметтік осал топтағы ба­лаларды жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен тамақтандыру құны өспейді, бұрынғы 500 теңге дең­гейін­де қалады. Өсетіні – ата-аналардың төлемі есебінен тамақтану құны. Бәріне тамақ бірдей беріледі, ал бағасының әртүрлі болғаны қа­лай сонда? Жеке кәсіпкерлердің ба­ғаны қымбаттату туралы хабарла­масы әр мектептегі қамқоршылық ке­ңесі мен ата-аналар комитетінің жи­налысына талқылауға шығарылған. Алайда олардың шешімінің заң­дық күші жоқ, яғни жеке кәсіпкер қандай баға қоямын десе де өз еркі.

– Жалпыға бірдей білім беру есе­бінен тегін тамақтандыру үшін был­тырдан бері біз бағаны 500 теңге деңгейінде ұстадық. Үстіміздегі жылы және келесі жылы да барлық мектеп оқушыларына осы баға бо­лады, – деді облыстық білім басқар­масы басшысының орынбасары Елена Гонтарь. Облыстық білім бас­қармасының 2023 жылға арналған жалпыға бірдей білім беру қоры есе­бінен мектептегі тамақтану құнын бұ­рын­ғы деңгейде қалдыратыны түсі­нікті. Олардың айтып отырғаны – әлеуметтік аз қамтылған отбасы­лар. Ал ол топқа жатпайтындар қайт­пек? «Өзге өңірлерде сияқты бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру бізде неге қарасты­рыл­маған?» деген сауалға «Бұл бөлінген қаражатқа байланысты» деп, қысқа қайырды. Жалпы үш рес­публикалық маңыздағы қала мен он жеті облысты қоса есептегенде то­ғызында бастауыш сынып оқушыла­рын тамақтандыру үшін бюджеттен қаржы бөлінеді.

Қаладағы мектептерде 28 мың­ға жуық оқушы бар екен, 2300-і түрлі әлеуметтік осал топқа жататындық­тан, олар тегін тамақтанады. Қалған­дары тағам ақысын өз қалталарынан төлейді. Сон­дықтан ата-аналар бағаны қымбат­тат­пауды талап етіп отыр. Қала тұр­ғыны Гүлбаршын Қожамжарова екі баласының тамағы үшін күніне 1100 теңге төлейді, оның сыртында жол ақысы тағы бар. Мұны әрбір ата-ананың қалтасы көтере қоймайды. Олар кей мектептердегі тамақ сапа­сының төмен екенін де жасырмай­ды. «Оқу жылының басында ғана баға көтерілді. Оны бір жылда бір­неше рет құбылту – ақылға сыйым­сыз. Ешкімнің жалақысы жылына екі рет өсіп жатқан жоқ қой. Бір үйде 4 оқушы бар отбасылар айына 50 мың теңге шығын шығарады. Баланың жол жүру ақысы, киім-кешегі, дәп­тер-қаламы тағы бар. Жалақы жөнінен біздің облыс көш соңында. Ал азық-тү­лік, киім-кешек шарықтап тұр. Мем­лекеттік органдар оны реттей алмай отыр. Ал білім бөлімі мен білім бас­қармасы ештеңе істер емес» – дейді ата-аналар бірауыздан.

Ал ауылдарда жағдай сәл бас­қаша. Онда негізінен шаруашылық иелері көмек қолын созуда. Ау­дан орталықтарында баға сол қал­пында. Мәселен, Мамлютка қазақ мек­теп-интернатының директоры Бе­рік Тұрғынұлы тамақтың ақысы 500 теңгеден өзгермегенін жеткізді. Қаланың іргесіндегі Бескөлде де баға тұрақты.

– Білім ошағындағы 522 оқушы­ның 93-і тегін тамақтанады. Қалған­дары өз қаражатына сатып алады. Алайда тамақ ақысы 500 теңгеден аспайды. Оқушылар өзіне қажетін сатып алады. Мәселен, тоқашты – 130, палауды – 420, борщ, ботқа, пиц­цаны – 250, кампот пен шырынның стақанын – 100, шәйді 50 теңгеге са­тып алады, – дейді №2 мектептің директоры Ботагөз Батанова.

Өткен жылы үкімет отырысында елі­мізде тегін тамаққа бюджеттен жыл сайын 150 млрд теңге бөлініп, 1-4 сыныпта оқитын 607 мыңнан ас­там оқушы (41 пайызы) тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні жай­лы айтылды. Бұл тізімге Алматы, Ас­тана, Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Пав­лодар, Ақмола, Маңғыстау облыста­рының бірінші сынып оқушылары кірген. Ал орташа жалақы ең төмен біздің облыс бұл игіліктен неге қағылды? Білім саласына жауапты министрліктің «ала қойды бөле қы­рыққаны» қаншалықты дұрыс?

Тегтер: мектеп тариф қымбатшылық кәсіп

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:26
Жамбылда университет жұмысшылары бас көтерді
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ 31.01.2023, 13:46
Шағын ауданның аты затына сай емес
Сайт әкімшілігі 31.01.2023, 09:46
Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты болып, екі адам көлікте жанып кетті
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:24
ШҚО-да биылғы жылыту маусымында өрттен көз жұмғандар 16% артты
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:20
Төрт өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Сайт әкімшілігі 28.01.2023, 11:03
Маңғыстау мектептерінде білім сапасын арттыру бағдарламалары іске асуда

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28