Монополисттер халықты қашанғы қанайды?

Мариям МАҚСАТ

20.10.2020, 03:35

221

Павлодарлық кейбір компаниялар тұрғындардың соңғы тиынына дейін тартып алудан тайынбай отыр. Қоқыс шығару тарифін екі есеге қымбаттатқаны аздай, бағасы удай су есептегіштерін орнатуды талап етеді. Тұрақты табысынан қағылып, әрең дегенде, күнелтіп жүрген қалалықтарға монополисттердің бұл қылықтары жығылғанның үстіне жұдырық демей, немене?

Облыс орталығындағы аулаларда орнатылған контейнерлерден тұрмыстық қалдықтарды жинайтын «Спецмашина» ЖШС-ның қыр көрсетіп жүргеніне біраз уақыт болды. Тарифті еселеу үшін билікке де, бұқараға да өзінше сес көрсетіп, қоқыс шығармай қойғаны бар. Мысалы, осы жылдың ақпанында қалдықты жинаудан бас тартып, қала бірнеше күн бойы қоқыс құрсауында қалған болатын. Жергілікті әкімдік іске араласқан соң ғана монополист компания өз міндетін орындауға кірісті. Бірақ жұмысқа шықпай, қоқыс жинамауының себебін полигондағы проблемалармен сылтауратып, жауапкершіліктен құтылып кетті.

Олардың діттегені бір кісі тұрмыстық қалдықты шығарғаны үшін төлейтін 159 теңгені 322 теңгеге дейін көтеруі еді. Айтуларынша, елдегі облыстардың ешқайсында 159 теңгелік тариф жоқ. Ал бұлар бағаны өсірмеген бірнеше жылда шығындар еселеп артты. Сөйтіп жүріп, жазда тағы тарифті көтеру туралы өтініш беріп, бұл жолы Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары монополисттің ұсынысын қолдапты. Сондықтан осы айда тұрғындар қоқыс шығарғаны үшін әдеттегідей 159 теңге емес, 322 теңге төледі. Яғни, төрт адамнан тұратын отбасы бұған дейін 636 теңге төлесе, енді 1288 теңге беруге тура келеді. Бұл – екі еседен де сәл көп баға.

Мұндай өзгеріс тұрғындардың наразылығын тудырмай қоймады. Бірі қаржылық қиындық қос бүйірден қысқан уақытта қыспаққа алған монополистің әрекетін сынға алса, енді бірі сол монополистің ығына көніп, тарифті көтеруді мақұлдаған депутаттардың әрекетіне налыды. Қалай болғанда да, амал жоқ, жұртшылық тұрмыстық қалдықтарды шығаратын жалғыз компанияның бағасына келісуге мәжбүр.  

Павлодарлықтардың тарапынан тарифке қатысты наразылық туындаған соң, «Спецмашина» ЖШС жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтарға жеңілдік жасайтын болды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар, 1,2,3 топ мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, төмен зейнетақы алатын және жалғыз тұратын зейнеткерлер, мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасылары жыл соңына дейін бұрынғы тариф бойынша 159 теңге төлейтін болды.  

– Тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, өңдеу құралдары қымбат. Кәсіпорынның автокөліктерін жаңартып, қызметкерлердің жалақысын көтеру керек. Мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Шығындарды өтеп, жаңа техника алып, айлықты көбейту үшін тарифті қымбаттатудан басқа амал болмады. Бұған павлодарлықтар түсінікпен қарайды деген үміттеміз, – дейді монополистер.

Бұл кәсіпорын тұрғындарға қарай бір қадам жасағанымен, тағы бір монополист – «Павлодар  – Водоканал» ЖШС тұтынушылардың жағдайын түсінбек түгілі, тілдесуге жарымай отыр. Мәселе былай: осыдан біраз уақыт бұрын бұл монополист компания тұрғындардан радиомодульді есептегіш құралдарды орнатуды талап ететін болды. Бір есептегіштің бағасы – бақандай 38 мың теңге. Екі құралдан тұратын есептегішті орнатқан жағдайда 64 700 теңгені шытырлатып санап беру керек. Сонда қарапайым тұтынушылар неге бағасы аспандап тұрған құралдарды сатып алуы тиіс?

Радиомодульді есептегіштерді сатумен айналысатын «Бірыңғай есептеу орталығы» ЖШС өкілдерінің сөзіне қарағанда, заманауи құралдың басым тұсы – «Павлодар – Водоканал» компаниясына бірден ақпарат бере алатын мүмкіндігінің болуы. Яғни, тұрғындарға ай сайын қызмет көрсетуші кәсіпорынға хабарласып, көрсеткіштерді айтудың қажеті жоқ. Артықшылығы осы ғана. Ал мұндай артықшылық, шамамен, 65 мың теңге төлеуге тұрарлық па? Мәселе – осында.

Осы саладағы мамандардың айтуынша, тұрғындар өздері-ақ қалаған құралдарын сатып алып, пәтерлерінде орната алады. Алайда олардың монополист компанияның деректер базасына көрсеткіштерді автоматты түрде жіберу мүмкіндігі болмауы мүмкін. Бұл «басқасын емес, біздікін алыңдар» деген ойды астарлап, жеткізіп тұрғандай.

Ал Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті монополисттердің тұрғындарды қымбат радиомодульдерді орнатуға мәжбүрлеуге ешқандай құқығы жоқ екенін алға тартып отыр. Себебі, «Павлодар – Водоканал» ЖШС радиомодульдерді сату мен орнатуға қатысты ақыны белгілеу бойынша құзырлы мекемеден рұқсат алмаған көрінеді. Сондықтан департамент монополист компанияға хат жазып, жыл соңына дейін тұрғындардан радиомодульдерді орнатуды талап етпеу туралы өзара келісімге келіпті. Бірақ келесі жылы су есептегіш құралдар тексерістен өтпесе, не болмаса істен шықса, қымбат құралдарды сатып алудан басқа амал қалмайын деп тұр.

Өкінішке орай, «Павлодар  – Водоканал» ЖШС басшылығы бұл мәселеге қатысты жұмған аузын ашпай, тұрғындардың сан сауалын жауапсыз қалдырып отыр. Ал әкімдікте өткен жиындардың бірінде Павлодар облысының әкімі бұл монополист компанияға тұрғындар алдына шығып, мәселенің мән-жайын түсіндіру қажеттегін айтқан болатын. Алайда кәсіпорын басшылығы биліктің де, қарапайым жұртшылықтың да сөзіне құлақ асар емес.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56