«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»

                   Дизельді отын жетпей, автобустар тоқтап қалды

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

15.10.2021, 08:25

1085

       Қарағанды облысында дизельді отын тапшылығы қатты сезіліп тұр. Шалғай ауыл мен аудандағы қараша халық бағасы удай дизельді отынға  жете алмай, тығырықтан шығатын жолды өздері іздеуге мәжбүр. Тіпті бұл тапшылықты облыс орталығы да сезіне бастады.

       Облыс орталығы Қарағандыда өткен аптаның демалыс күндері дизельді отынның жетпей қалуы жұртты біршама дүрліктірді. Аталмыш жанар-жағармайы таусылған  қоғамдық көліктің бірталайы жолаушылар тасымалына шықпады. Жолаушылар аялдамада автобустарын сарыла күтіп тұрды. Осыдан кейін жұрттың шағымы көбейді. Жанар-жағармай бекеттерінде дизельдік отын сатылмай, оның талонмен ғана босатылуына байланысты демалыста қала ішіндегі қоғамдық көліктің 30 пайызы жолға шықпады. №2  бағыттағы шағын автобус  мүлдем тоқтады, ал қалған бағдардағы автобустар саны қысқарды.

       Сондай-ақ облыс орталығынан аудандар мен елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктердің де біразы тоқтады. Оның ішінде Ақадыр, Жәйрем, Атасу елді мекендеріне қатынайтын автобустар 6 қазаннан бері жүрмей тұр. Бұған автопарктердің дизельді отынды тауып бере алмауы себеп. Ауыл мен қала арасына қатынап жүретін жұрт бір аптадан бері бағасы шарықтап кеткен таксидің бағасынан көресіні көріп отыр. Облыс билігі әдеттегідей мәселені реттейміз деп, уәдені үйіп-төгеді. Айтуларынша, жанар-жағармайдың тапшылығы  Павлодар қаласындағы мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарына тоқтауы салдарынан орын алыпты. Ал отыны мен көмірін тасып, қысқа толық дайындалып үлгермеген ауыл жұртына тіптен қиын болды.

–Мұнайдың үстінде отырып жанармайға жарымаймыз. Ыдысымызды қолымызға ұстап солярка іздеп, ауылды, одан кейін аудан, қаланы  аралап кеттік. Жылда күз басталса болды, осы дизельді отын қымбаттайды, тіпті жоқ болып кетеді. Кейде осыны қолдан жасай ма деп те ойлайсың, – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Сержан есімді азамат.

        Шенеуніктер  өңірдегі автопарктердің жұмысын тоқтатпау үшін Қарағандыға дизель отынын жеткізгенін айтады. «Қазіргі күні №3 және №5 автопарктерде қоғамдық көліктердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін дизель отынының жеткілікті көлемі бар. 11 қазанда 35 тоннадан астам отын жеткізілген болатын. Екінші автопарк дизель отынын жеткізуге қатысты ұзақ мерзімді шарттар жасамаған. Мәселені шешу үшін әкімдіктің қолдауымен бүгін 10 тонна дизель отынын жеткізу туралы келісімшартқа қол жеткізілді», – деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

       Ал ауыл жұртына әзірге дизель отынын іздеп әуре болмаса да болады. Өйткені бұл мәселе ел бойынша түбегейлі шешілген жоқ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 08:20
Таиландта комаға түскен қазақстандық көз жұмды
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 20:00
Алматыда көру қабілеті бұзылған балалар арасында шоудаун бойынша Қазақстандағы алғашқы турнир өтеді
Б.СӘРСЕНБІ 02.06.2023, 13:24
Идея – жастардан, қолдау – мемлекеттен!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.06.2023, 12:23
Мағынасыз көше атаулары өзгереді
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.06.2023, 07:55
БАӘ Қарағандыдан саумал сатып алады
Бифат ЕЛТАЕВА 01.06.2023, 13:08
Ерікті жастардың қоғамға тигізер пайдасы

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11