Н.Нәлібаев: Қызылорда әлеуеті зор қала болуы керек

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ

16.08.2022, 16:46

1982

Әкім болғалы бір айдан аса ауыл-аудандарды аралап, халықпен кездесіп, мұң-мұқтаждықтарын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық даму барысына да арнайы жиын өткізіп, өзекті мәселелерін қарады.

Қызылорда қаласының аумағы соңғы уақыттарда кеңейіп жатыр. Жаңадан бірнеше мөлтек аудандар салынып, халық саны да молынан шоғырланып, инфрақұрылым мәселелерін жеделдетуді талап етеді. Осыған орай жиында шаһар басшысы Асылбек Шәменов облыс орталығын дамытудың жаңа перспективалық жоспарлары мен маңызды міндеттерге баяндама жасады.

Дегенмен, облыс әкімі қаланың макроэкономикалық көрсеткіштері 8-ші орында екенін, даму динамикасы төмендеп кеткенін айтты. Атап айтсақ, мұнай өнімдерін өңдеу көлемі 8,2 пайызға, химия өнеркәсібі 18,2 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 17 пайызға, машина мен жабдықтарды жөндеу және орнату 29,8 пайызға азайған.

Сондай-ақ аймақ басшысы республикалық трансферттердің төмендеу салдарынан қаржы көзі кемігенін, құрылыс нысандарын салу жұмыстарына баса мән берілгені жөн деді. Әсіресе құрылыс материалдарын өзімізден өндірмей, сала дамымайтынын естен шығармауды тапсырды.

Қала халқы өскен сайын тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл бағытта жоспарланған 10673 жаңа жұмыс орнының бар болғаны 4445 немесе 41,6% ғана орындалған. Дегенмен, бір қуанарлығы қалада кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 4,3 млрд теңгені құрайтын 153  жоба қолдау тапқан. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарына айналып, жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпалын тигізері анық.

Облыс орталығында өндіріс орындары, кәсіпорындар саны тым аз, деген аймақ басшысы кәсіпкерлікті дамыту бағытында кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдауды, инвестициялар тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді жүктеді.

Бүгінгі күні қымбатшылықтың құрсауында қалған халыққа «Әлеуметтік дүкендер» арқылы азық-түлік қорын көбейту және баға тұрақтылығын бақылау жұмыстарын ұдайы жүргізуді, «Байқоңыр» әлеуметтік корпорациясымен бірге жұмыстарды оңтайлы үйлестіріп, қажетті талдау жүргізуді міндеттеді. Өйткені әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағасының 17-де өсім байқалған. Сондай-ақ облыс әкімі қала аумағында бос жатқан жерлерді икемдеп, егін егуге бейімі бар отбасыларға бөліп беру жұмыстары барлық аудан мен қалада белсенді жүргізілуі қажет екенін тағы бір еске салды.

Қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да кезек күттірмейтін проблемалар бар. Мәселелерді айтқан Нұрлыбек Машбекұлы игерілмей жатқан бос жерлерді кезекте тұрған азаматтарға үлестіруді тапсырды.  

«Қызылорда экономикалық тұрғыдан әлеуеті зор, әрі таза қала болуы керек», деген облыс әкімі. «Қаланың дамуы – тікелей менің бақылауымда. Мамыр айындағы сессиядан автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына, көшелерді жарықтандыруға, абаттандыруға, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге және қала қонақтары мен тұрғындарының демалысын жайлы етуге бағытталған өзге де шараларға 4,8 млрд теңге қаржы бағыттадық. Бірақ бүгінгі күнге дейін 1,4 млрд теңгенің 7 жобасы әлі басталмаған. Асылбек Өмірбекұлы, биыл аяқталуы қажет жобалардың барлығын мерзімінде әрі сапалы пайдалануға беріліп, түпкілікті нәтиже көрсетуді тапсырамын, – деді Н.Нәлібаев.

Тамыз түсіп, шілденің ыстығы қайтып, қоңыр күздің иісі келгелі отын-суын ертерек қамдайтын әлеумет үшін аса өзекті мәселелердің бірі қыстың қамы. Әсіресе күн суытып, қыс жақындаған сайын қара отынын ертерек түсіріп алуды ойлайтын тұрғындардың жылдағы көмірге қатысты алаңдаушылықтары мен кезектілік дүрбелеңі басталады. Осы жайтты ертерек қаперге салған аймақ басшысы көмір қоймаларында ұзын-сонар кезектің болмауын, әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғындарға отын қорының тапшылығы болмайтынын, қала әкіміне осы жұмыстарды жүйелеп, тындырымды шаруаларға ертерек қам жасауды тапсырды.  Яғни, 1 қазаннан бастап қоймалардағы тасымалдаушы көліктердің қозғалысын ретке келтіріп, қажет болса, патрульдік полицияның бақылауын қоюдың қажеттігін айтты.

Жиында қала тазалығы да сөз болды. Шаһардың шырайын кіргізу тек жергілікті билікке ғана емес, қоғам болып ат салысуды, әрбір тұрғын, кәсіпкер өз ауласынан бастау қажеттілігі айтылды.

Негізгі мәселелер талқыланған жиналыс соңы қаланың кадрлық саясатын оңтайландыру жайы да сөз болды. Өйткені бір орында 10-15 жылдан бері тапжылмай қызметте отырғандар әлі де бар. Облыс әкімі осындай басшылар жұмысына талдау жүргізуді және қаланың қоғамдық-саяси ахуалына да ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін қала әкімдігі полиция басқармасымен кешенді шараларды қабылдау керектігін, қоғамдық тәртіпті орнатуда қалаға қарасты ауылдық округтер әкімдері, полиция инспекторлары қызмет ететін сол ауылда тұруы тиіс екенін айтты. Бұл барлық аудандарға да талап етілмек.

Енді қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қоңыр күзде, 9 айдың қорытындысында қайта қаралатын болады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 23.09.2022, 15:56
Өнерлі балалар – болашақтың алтын діңгегі
Еркежан АРЫН 23.09.2022, 09:49
Қашан 27 миллион қазақстандық болады?
Еркежан АРЫН 22.09.2022, 14:53
«Дәрмек» операциясы аясында еcірткі лабораториялары табылды
Б.СӘРСЕНБІ 21.09.2022, 16:38
Шымкент – туристер көп келетін қала
Бифат ЕЛТАЕВА 20.09.2022, 13:16
«Алматыны дамыту – 2030» бағдарламасының маңызы зор
Б.СӘРСЕНБІ 19.09.2022, 08:49
Жаңа әкім бақылауды күшейтті

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41