Орталықтың жетістіктері мол

Әділбай МЕДЕТБАЕВ

22.06.2021, 13:00

1254

Облыстық психикалық денсаулық орталығы аймағымыздағы ең үлкен медициналық мекемелердің бірі. Орталық туралы толығырақ айтар болсақ, Қызылорда облысы әкімдігінің 2019 жылғы 2 мамырдағы №1378 қаулысымен облыстық психоневрологиялық ауруханасы мен облыстық наркологиялық орталықты біріктіру жолымен «Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды.     

Бүгінгі күні облыс бойынша 5346 науқас наркологиялық есепте тұр. Олардың 4646-сы маскүнемдікке салынған, 10-ы уытқұмарлар, 690-ы нашақорлар. Нашақорлардың ішінде 22 апиынқұмар, 348 гашишқұмар, 320 полинаркомандар бар. Былтырдан бері екі жасөспірім уытқұмарлықпен есепте тұрады. Бірақ олардың арасында нашақорлар жоқ. Өткен жылы облыс бойынша 296 нашақор есепке алынған. Ал биыл 37 адам есепке алынды. Басым бөлігі Қызылорда қаласында тіркелген. 255 төсек-орынға есептелген наркологиялық стационарда жыл басынан бері 500-ге жуық науқас емделіп шықты.

  Есірткіге тәуелділікті анықтаудың негізгі жолы – азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу. Осы мақсатта орталықта наркологиялық-сараптама кабинеті тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықтың психиатрия саласы бойынша тоғыз бөлімшесі бар. Облыс бойынша 9962 науқас есепке алынған. 2021 жылдың басынан бастап 264 азамат медициналық көмекке жүгініп, стационарға жатқызылды.

Жыл өткен сайын орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңарып келеді. Мәселен, былтыр орталықтың зертхана бөліміне жаңа құрал-жабдықтар алынды. Нақтырақ айтатын болсақ, жаңадан «Хромос» ГХ-1000 газды хромотограф аппараты орнатылып, нәтижесінде зерттеу жұмыстарының сапасы мен диапазоны кеңейтілді. Осы аппарат арқылы адамның қаны, зәрі және сілекейінен алкоголь мөлшерін 2 минуттың ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Күрделі сараптамалардың нәтижесі 1-2 сағаттың көлемінде шығады. Бұдан бөлек, жаңадан рефлеком аппараты қолданысқа енді. Бұл аппарат арқылы есірткінің 6-12 түрін және жаңа синтетикалық есірткіні анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы, орталықтың жетістіктеріне келетін болсақ, жыл сайын мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалып келеді. Өткен жылы орталыққа қарасты «Сейхун» провизорлық стационары жұмыс істей бастады. 360 орындық емдеу мекемесі бір айдан астам уақыт медициналық қызмет көрсетіп, қатерлі дертке шалдыққан науқастарға көмек берді. Орталық мамандары талай адамды ажалдан арашалап, антына адалдық танытты. Айта кету керек, «Сейхун» провизорлық стационары айналдырған екі тәуліктің ішінде толықтай жабдықталып, қажетті құралдармен жасақталған. Тығыз уақытта науқастарға төсек-орындар әзірленіп, емдеуге қажетті құрал-саймандар мен дәрі-дәрмектер уақтылы жеткізіліп тұрады.

«Сейхун» провизорлық стационары бір айдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыттың ішінде 1000-ға жуық науқасты қабылдап, медициналық көмек көрсетті. Тәулігіне 40-50 адам түсіп жатқан кездер де болды. Қызметкерлер физикалық және моральдық тұрғыда қатты шаршаса да, сыр бермейді. Мамандардың еңбегі лайықты бағаланып, науқастар тарапынан арыз-шағымдар біршама азайған.

Орталықтың спорт саласындағы жетістіктері де жетерлік. Мамандар дәстүрлі медицина саласында қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпаздары.

Орталықта шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес. Мәселен, облыс бойынша адам ағзасындағы алкоголь мен есірткілік заттарды анықтау жұмыстарын орталықтың токсикологиялық зертхана базасында орталықтандыру жолымен жүзеге асыру қажет. Қазіргі күні аудандар бойынша тек Қазалыдан ғана тексеруге анализдер жеткізіледі. Қалған аудандар облыстық сот-сараптама орталығына жүгінеді. Тексеру барысында алкоголь мен есірткілік заттар анықталған азаматтар нарколог мамандардың бақылауынан тыс қалып, көп жағдайда есепке алынбай қалады. Осы проблеманы шешу үшін құзырлы органдарға ұсыныс хаттар жолдаған болатынбыз. Бұл өзекті мәселе шешімін тапқан кезде есірткіге тәуелділікті ерте анықтауға мүмкіндік туады.

Ал медицина қызметкерлеріне жасалып жатқан әлеуметтік жағдайды арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Биыл үкімет шешімімен дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы көбейді. Сонымен қатар өткен жылы провизорлық стационарда еңбек еткен мамандарға қосымша төлемақы төленді. Қызмет жасап жүріп, коронавирус жұқтырған қызметкерлерге «Бурабай» санаторийіне тегін жолдама берілді. Жалпы, мамандарға әлеуметтік қолдау бағытында орталықта кәсіподақ ұйымы жұмыс жасайды.

Бүгінде Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының құрамында 330 төсек-орындық психиатриялық стационар, 255 төсек-орындық наркологиялық стационар, 50 төсек-орындық психиатриялық  және 10 төсек-орындық наркологиялық күндізгі стационар, 40 төсек-орынға есептелген Арал аудандық ауруханасының психоневрологиялық бөлімшесі мен 40 төсек-орындық Шиелі аудандық ауруханасының психоневрология бөлімшесі бар. Сонымен қатар орталық құрылымында амбулаторлық көмек көрсететін №4 қалалық емхананың жанынан ашылған алғашқы психикалық денсаулық орталықтары, Арал аудандық ауруханасының диспансер бөлімі, алты аудандағы психиатриялық кабинеттер мен жеті аудандағы наркологиялық кабинеттер, Байқоныр қаласындағы психиатриялық және наркологиялық кабинеттер, облыс орталығындағы балалар психиатриялық кабинеті, психикалық мінез-құлық ауытқулары бар науқастарға арнайы стационарлық, амбулаторлық және профилактикалық көмек көрсетеді.

Биыл облыстық психикалық денсаулық орталығына қарасты Баймұрат батыр ауылындағы бөлімше күрделі жөндеуден кейін пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта жаңа нысанда 25 төсектік наркологиялық және 25 төсектік психиатриялық оңалту бөлімдерін ашу көзделіп отыр. 15 төсек-орын балаларды оңалту бағытында жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, жалғызбасты, қараусыз қалған қарттарды қамту жоспарда бар. Негізінен, оңалту бөлімшесіндегі емдеу процесі «Еңбек» терапиясы арқылы жүзеге асырылмақ. Науқастар үшін жылыжай, кішігірім тігін бөлмесі мен қолөнер шеберханалары іске қосылады.

Тегтер: медицина жетістік бастама жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?
Нұр САЙЛАУОВА 17:42
Қазақстанның жаһандық бастамаларына оң баға берілуде
Б.СӘРСЕНБИ 17:38
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15:21
«Жусан» операциясы: тағдыр тәлкегінен құтқарғандар

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15