Отставка: тағы бір әкімнің басына бұлт үйірілді

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

30.07.2021, 09:03

4331

Түркістан облысы Келес аудандық әкімдігінде жұмыс істейтін бөлім басшысы аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұзақ жылға сотталып кетті. Енді аталған ауданның әкімі Ақментай Есбаевқа отставкаға кету қаупі төніп тұр. А.Есбаев былтыр қарамағындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін онсыз да  бір рет отставкаға арыз беріп, ақыр аяғында «сөгіспен» құтылған еді. Бұл жолы оған кешірім жасалмауы әбден мүмкін.

Алдын ала тон пішпестен бұрын, қылмыстық істің мән-жайына тоқталсақ. Сотталып кеткен бөлім басшысы алған параның көлемі – 30 миллион теңге. Бұған дейін облыста парамен ұсталғандардың арасында аудан әкімдері де, басқарма басшылары да болған. Бірақ шенеуніктің 30 миллион теңге парамен ұсталғанын естіп отырғанымыз осы. Аудандағы жай ғана бөлім басшысының алғаны осы болса, одан жоғарыда отырғандардың «тәбеті» қандай? Түркістан облысында жемқорлықтың қаншалықты «өркендеп» кеткенін осыдан-ақ байқай беріңіз.  

2018-19 жылдары «Электромонтаж» акционерлік қоғамы мен Сарыағаш және Келес аудандары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің араларында  электростанциясын орнату жөнінде жалпы сомасы 7 миллиард 174 миллион  теңгені құрайтын келісімшарт жасалады. Сотта куә ретінде жауап берген, аталған компанияның Кентау филиалы директорының міндетін атқарушы Н.Әбибуллаевтың берген жауабына қарағанда, ол жұмыс біткен соң, Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесовқа жолығып, актілерге қол қоюды өтінген.  Бөлім басшысы құжаттарға кедергісіз қол қойып беру үшін 30 миллион теңге сұраған. Әбибуллаев дереу антикорға арызданады.

Былтыр маусымның 8-і күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері арызданушыға арнайы құралдарды кигізіп, қолына  пара ретінде 29 миллион теңге муляж ақша және 1 миллион теңге берген. Сол күні Әбибуллаев Кенегесовпен Сарыағаш қаласында кездеседі. Бөлім басшысы келісілген жерге танысының автокөлігімен келген. Көлік ішіндегі әңгіме барысында ол бір бумаға оралған 29 миллион теңге муляж ақшаны жүргізушінің орындығының астына, ал 1 миллион теңгені жүргізушісінің орындығының артқы қалтасына салуды тапсырады. Әбибуллаев оның айтқандарын мүлтіксіз орындаған.  «Құдай қаласа, тірлік  бітеді» деп айтқан Кенегесов осымен жөніне кеткен.

Бірақ осы жерде бір күдікті жайттар қылаң береді. Сотта куә ретінде жауап берген жүргізуші екі арадағы әңгімеден кейін Н.Әбибуллаевтың кетіп қалғанын, ал Ә.Кенегесовтің Келеске барған соң, өзінің жұмыс орнында түсіп қалғанын айтқан. Бөлім басшысы параны көліктің ішінде қалдырып кеткен. Жүргізуші  үйіне қайтып бара жатқан кезде бейтаныс адамдардың көлігіне жақындап келе жатқанын байқап, оқиға орнынан бой тасалаған. Кейіннен ол көліктен 30 миллион теңгені тауып алып, ақшаны екі аптадан кейін өз еркімен антикорға апарып тапсырған. Шамасы,  Кенегесов параны алған соң, әлденеден күдіктенген сияқты. Оның ақшаны алмай, көлікте тастап кеткенін басқаша қалай түсіндіруге болады? Ал ақшаны екіге бөлудің астарында не сыр бар? Параның жуандау бөлігі жоғарыда тұрған әлдебір шенеуніктің үлесі ме? Бұл жағын енді анықтау қиын, әрине. Сот Кенегесовтің қылмысын дәлелденді деп тауып, «аса ірі көлемде пара алуға оқталды» деген айыппен оны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұл іс бойынша апелляциялық шағым берілуі мүмкін. Себебі сотталушы өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ одан бір нәрсе өзгереді дегенге сену қиын. Үкімге қарағанда, Кенегесовтің қылмысын дәлелдейтін айғақтар аз емес. Дәлелдердің ішінде бейнежазбалар да бар. Егер үкім өзгеріссіз қалдырылса, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкаға арыз жазуға міндетті.

Ақментай Есбаев – 2018 жылы Сарыағаш ауданынан бөлініп, өз алдына отау тіккен Келес ауданының алғашқы әкімі. Яғни қарамағындағы бөлім басшылары, ауыл әкімдерінің бәрін өзі тағайындаған. Былтыр  мамыр айында  Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Құрманәлиев  жер телімін беру үшін әлдебір азаматтан 400 мың теңге алу барысында қолға түсті. Шілдеде аудандық сот оны 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Қазанда облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді күшінде қалдырды.  Осыдан кейін Есбаев тәртіп бойынша отставкаға арыз бергенімен, кейіннен оның «сөгіс» жазасымен қызметінде қалдырылғаны белгілі болды. Отставкаға кетеді деп жүрген Ақментай Есбаев қайта Тәуелсіздік күнінде президент жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.

Ал бұл жолы отставкаға арыз берудің немен аяқталарын уақыт көрсете жатар.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 18:37
Қытайда жаңа вирус шықты
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 13:41
Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 09:11
Оралдағы кәсіпкер өлімі: күдіктілерді іздеуге әскерилер тартылды
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 06.08.2022, 09:28
Төтенше жағдай қызметі заманауи талаптарға бейімделіп үлгеруде
Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 13:22
Ақтауда полицейді пышақтап кеткен күдікті ұсталды
Сайт әкімшілігі 03.08.2022, 19:42
Әлемде маймыл шешегі өршіп барады

Аңдатпа


  • Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
    08.08.2022, 08:49
  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47