Полицей неге суицидке барды?

Мариям МАҚСАТ

08.07.2021, 16:13

979

Павлодар облысында полиция қызметкерлерінің өз-өзіне қол жұмсау фактілері тыйылмай тұр. Қол астындағылардан «касса» тапсыруды талап ету, қарамағындағыларды қаржылай әрі моральдық тұрғыдан қанау, олардың абырой-беделін түсіріп, жұрт алдында келеке ету осындай қайғылы жағдайларға әкеп соғуда.

Бұрындары балалардың барлығы дерлік «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа «полиция» деп мақтанышпен жауап беретін. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл қызметтің құны кетіп, қоғам алдындағы мәртебесі түсіп барады. Оған осы жүйеде белең алған бассыздық, қолын уқалап, оңай олжа күтуі себеп болып отырғаны жасыратын дүние емес.

Мұның салдары кейбір полиция өкілдеріне құқық қорғаушылар деп емес, қарапайым халықты тонаушылар ретінде қарауға мәжбүрлеп отыр. Өзекті өртейтіні – осы саланы таңдаған кей азаматтардың қысымға шыдамай, өмірінің қыршыннан қиылуы.

Павлодар облысында жыл басынан бері үш тәртіп сақшысы өз-өзіне қол жұмсады. Алғашқы жағдай осы жылдың сәуір айында орын алған-ды. 5 сәуір күні Павлодар облыстық полиция департаменті қауіпсіздік басқармасының жеке құрам бойынша инспекция бастығы, 37 жастағы подполковник өз үйінің подъезінде асылып тұрған күйі табылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы – өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ішкі істер министрлігі тексеріс жүргізіп, оның нәтижесінде «подполковник отбасындағы келеңсіздіктерге бола өзіне қол жұмсады» деген байламға келді. Істі жылы жауып қойды.

Осы жылдың мамыр айында Павлодар облысын тағы бір полицейдің өз-өзіне қол жұмсауы дүр сілкіндірді. Бұл жолы оқиға Железин ауданының прокуратурасы ғимаратында орын алды. 23 мамыр күні осы аудандағы полиция бөлімінің аға тергеушісі Рахым Оңбаев прокуратура ішінде өзіне оқ атты. Абырой болғанда, тәртіп сақшысы аман қалды. Тапаншадан атылған оқ құқық қорғаушының оң иығына тиген екен. Тергеушінің әкесі Нұрлан Оңбаевтың айтуынша, бұл кезде әріптестері көмек көрсетудің орнына ішіп отырған ащы суды жасырып, камералардағы жазбаларды өшірумен әуре болған. Р.Оңғарбаев екі литрдей қан жоғалтып, оған бірнеше рет күрделі оталар жасалды.

Бірақ Павлодар облысының прокуратурасы әріптестерінің бұл күні жұмыста ішімдік ішпегенін, қанынан алкоголь анықталмағанын мәлімдеді. Десе де, аудан прокуроры мен оның көмекшісін қызметтен босатты.

Ал 5 шілде күні Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентіндегі полиция бөлімінің инспекторы Аспандияр Айтқазиннің денесі табылды. Ол қаладағы гараждардың бірінде асылып қалған. «5 шілде күні сағат 23:40-та Ақсу қаласындағы гараждардың бірінен полиция майорының денесі табылды. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес, тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-сараптама тағайындалды. Қайғылы жағдайдың себебі анықталуда», ­– деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Аспандияр Айтқазин Ақсу қалалық полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болған. Жоғары лауазымды азаматтың ресми деректе көрсетілгендей, ауылдық полиция инспекторына қалайша айналғаны әзірше жұмбақ.

Бұл қоғам назарын аудартып, резонанс тудырған жағдайлар. Осыған ұқсас қанша жайттың көлеңкеде қалып жатқанын кім білсін?!

Полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов басқаратын Павлодар облыстық полиция департаментіндегі мәселелердің мән-жайына үңіліп, құқық қорғаушылардың неліктен өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратынын зерттеп, талдайтын кез келген сияқты. Әлде министрлік те департаменттегі былықтардың бетін жылы жауып қойып, үш бірдей полиция қызметкерінің мұндай қадам жасауына отбасылық кикілжіңдер себеп болды деген қисынсыз уәждерді жасай салар ма екен...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?
Нұр САЙЛАУОВА 17:42
Қазақстанның жаһандық бастамаларына оң баға берілуде
Б.СӘРСЕНБИ 17:38
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15:21
«Жусан» операциясы: тағдыр тәлкегінен құтқарғандар

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15