Қалт-құлт еткен қалқымалы көпірлерден қашан құтыламыз?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

11.02.2021, 12:13

3986

Шиелі ауданындағы Қарғалы, Жуантөбе, Ботабай, Қызылқайың мен Таштоп ауылдары мен көршілес Жаңақорған ауданының біраз елді мекендері Сырдың арғы бетінде орын тепкен. Олар аудан орталығына қалқымалы көпірлер арқылы қатынайды.

Ал Сырдарияда су таситын немесе мұз ұстасатын кезде қалқымалы көпірлер арнадан алынып, қатынау тыйылады. Жыл сайын қайталанатын кәріп күйден шаршаған ауыл тұрғындары жергілікті билікке көпір салу туралы базынасын айтады. Өйткені олар қыстың көзі қырауда іргедегі Шиеліге Жаңақорған ауданы арқылы айналып келуге мәжбүр.

– Қаракөл қойымен аты шыққан Қарғалы ауылының іргесі қаланғанына биыл тура 50 жыл толады. Көпір – содан бері айтылып келе жатқан мәселе. Жыл сайын әкімдер есеп беретін кездесуде міндетті түрде айтылатын проблеманың бірі осы. Жылдап айтып жүріп, былтыр аяқсуды жеткіздік. Бірақ осы көпірге қатысты көп тілегінің орындала қоюы қиын болып тұр, – дейді ауыл тұрғыны Мәмбет Пернебай.

Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман қалқымалы көпір мен жол облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарайтынын айтады. «Сондықтан бұл мәселе аудан көлемінде шешімін таба алмайды» дейді.

Жалпы, Шиелі ауданынан өтетін Сырдарияның бойында бірде-бір стационарлық көпір жоқ. Қызылқайың ауылында да паром тұр. Көлік өтуге қыста рұқсат жоқ. Амалсыздың күйін кешкендер қыс бойы тросты жағалап, жаяулап өтуге мәжбүр. Мұз опырылып кететінін біле тұра, қатерлі қадамға бармасқа тағы амал жоқ. Бөлім басшысы мүмкіндікке қарай, арғы беттегі ауылдар арасын жалғайтын жолдарды жөндеуді назарда ұстайтынын айтады.

Бұдан бөлек, Бұланбай бауы ауылында уран өндіретін кеніш бар. Олардың көліктері де осы жолмен жүреді. Понтон көпірді жинау, салу кезінде тұрғындарға сеп болып отырғандар да кеншілер. Жуырда өзен арнасы көтеріліп кеткен кезде округ әкімі Қайрат Парманқұлов кеншілерден ауыр көлік әкеліп, көптеп жүріп біраз шаруа істелді.

– Понтон сыр берсе, салып ұрып аудан әкімдігіне барамыз. Обалы не керек, ондағылар қолдан келгенше көмек беріп жатыр, бірақ облыстық маңызы бар жол мен көпір мәселесінің шешімі олардың қолында емес. Естуімізше, тиісті орындар көпір салу үшін әрлі-берлі өтетін көлік ағыны аз деген ұстанымда секілді. Мүлдем олай емес, осы Қарғалының өзінде 1300-ден астам тұрғын бар. Аудан орталығынан күніне жүздеген көлік қатынайды. Болашақта осы маңайдан «Күміскеткен» суқоймасы салынса, көлік қатынасы көбейе түсетіні айдан анық. Стационар көпір түссе, арғы беттегі өзге ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауы жеңілдер еді, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбек Тәшімбет.

Дария үстімен тәуекелге салып, төте тартуға мәжбүр тұрғындар мұз үстімен жүрген талай көліктің суға кеткенін айтады. Әйтеуір, оқыс оқиғалардан адамдардың аман қалғаны демеу. Жақында Қарғалыда айы-күні жетіп отырған бір келіншекті толғақ қысып, жақындары жансебілмен Жаңақорғанға жеткізген. Ондағылар қабылдаудан бас тартқан соң, Шиеліге апарған.

Дарияның арғы бетіндегілер ауыл мен аудан орталығының арасы – 37, ал Жаңақорған арқылы айналып барсаң, 120 шақырым болады дейді. Бұл ауылдықтарға іргедегі Шиеліге айналып барудың жол-пұлы да орасан салмақ болып тұр.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының айтуынша, көпір салу үшін аудан әкімдігі тарапынан жер учаскесін таңдау мен жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленуі керек екен. Содан кейін көпір құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда ғана құрылысқа қажетті қаражатты республикалық бюджеттен сұрауға болады екен.

Ендігі мәселе аудан әкімдігіне тіреледі. Өйткені 50 жылдан бері қалқымалы көпірмен қалт-құлт етіп өтіп жүрген тұрғындар өтініші орындалуы тиіс. Елге қорқақтамай, емін-еркін қатынайтын стационарлы көпір қажет.

Тегтер: көпір көлік автомобиль жолдары жолаушылар көлігі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 18:13
Шенеуніктер неге тәртіп бұзады?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 12:24
Екпіндіктер әкім Смайыловтан жауап күтіп жүр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 10:15
Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 14:53
Полиция 7 адамның өмірін қиған жол апаты туралы айтты
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 10:53
Атырауда анасы мен төрт баласы уланып қала жаздады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.03.2021, 18:02
Теміртаулықтар қатты аязда жылусыз қалды

Аңдатпа


  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51