Қаңтардан сабақ алмаған билік...

Мариям МАҚСАТ

04.02.2022, 13:30

4239

Павлодар облысын жұмыссыздық жайлап тұр

Қаңтардағы қаралы жағдай билікке әлі сабақ болмаған сияқты. Жұрт, алдымен, жанар-жағармайдың, азық-түліктің қымбаттағанын айтып, тұрақты жұмыс сұрағанын да естен шығарғанға ұқсайды. Әйтпесе, Павлодар облысында бір-ақ күнде 150 адам жұмыссыз қалып, 100-ге жуық зағип жанның тағдыры қыл үстінде тұра ма?

Павлодар облысындағы ғана емес-ау, бүкіл елдегі ірі құс фабрикаларының бірі – «Қызылжар-Құс» жұмысын уақытша тоқтатты. Бұған дейін тауық өнімдерін салқындатылған және мұздатылған түрде шығарып, оны бірнеше өңірге жеткізіп келген кәсіпорын алдағы бірнеше айда өнім шығармайтын болды. Жергілікті нарықтың отандық өнімсіз қалуы бір бөлек, бастысы, қызметкерлері жұмыссыз қалып отыр. Кәсіпорын басшысы Рустам Нұртазинов мұндай жағдайды фабриканың 8 жыл бойы тоқтаусыз өнім шығарғанымен байланыстырып отыр. Яғни, жаңғырту жұмыстарын жүргізетін кез келген көрінеді. Ал оны қораларда құс тұрған уақытта жасау мүмкін емес. Сондықтан кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтады.

– Біз бұған дейін жылына 8 мың тонна өнім шығарып, облыс қажеттілігінің 70 пайызын өтеп келдік. Бірақ осы уақытқа дейін құралдардың барлығы ескірді. Бұл өнімділіктің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан құс өсіретін орындардың өзін қайта құрып, жем-азық сақтау, қасапхана цехтарын жаңғырту керек. Инкубаторларға керек бөлшектерді де сатып алу қажет, – дейді Рустам Нұртазинов.

Сондықтан жаңғырту ісіне араласатын 40-тан астам адамды ғана еңбекке тартпақ. Ал қалған 150 адаммен жасалған келісімшартты бұзып, қош айтысты. Ал бұл – 150 адам, 150 отбасын асырап отыр деген сөз. Бірақ мұны кәсіпорын басшылығы онша-мұнша ескермегенге ұқсайды. «Жаңғырту біткен соң, жұмысқа қайта қабылдауымыз мүмкін», деп қысқа қайыра салды. Ал мұнда бірнеше жыл бойы еңбек етіп, маңдай терін төккен мамандар тезірек қайта оралуды қалайды.

– Мен «Қызылжар-Құс» фабрикасында бес жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Өз ауылымызда орналасқан кәсіпорын болғандықтан, қызмет етуге ыңғайлы еді. Енді жаңғырту жүргізілуі салдарынан жұмыссыз қалып отырмыз. Әкімдік бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, соның нәтижесінде, «Молком-Павлодар» сүт зауытына орналасатын болдым. Бірақ қалаға күнде барып келу оңай емес. Сондықтан фабриканың аз уақыт аралығында ашылып, бұрынғы жұмыс орнымызға келуімізді қалаймыз, – дейді Ләззат Асанова есімді тұрғын.

Әкімдік Павлодар мен Ақсу қалаларынан 15 компания шақырып, басқа жұмыс орындарын ұсынғандай болды. Қысқартуға ұшыраған азаматтар бұл жерден тұрақты табыс таба ма, жоқ па, онысы беймәлім.

Ал «Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігіне қарасты комбинатта өндірістік қажеттіліктерден бастап, күнделікті киім-кешек пен төсек-орынға дейін тігетін көзі нашар көретін азаматтарға назар аударар билік жоқ. Комбинатта еңбек ететін 90-нан астам адамның да жұмыссыз қалуы әбден мүмкін. Себебі сүзгілер тігуге тапсырыс беретін «Қазақстан алюминий» зауыты жылдағы қомақты тапсырыстың көлемін биыл күрт азайтуы ықтимал. Экологиялық талаптарға сәйкес, олар тігіншілердің қолынан шыққан сүзгілерді емес, заманауи құралдарды қоюы тиіс.

– Біздің комбинат 1942 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында талай зағип жанды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Қазір де көзі нашар көрсе де тапсырыстарды орындап, тігін тігеді. Жаңа жүйенің енуіне байланысты алюминий зауыты жыл сайын тапсырысты төмендетіп келеді. Соның салдарынан, жұмыссыз қалуымыз мүмкін, – дейді комбинаттың бас инженері Ораз Байғожин.

Бұл мәселе қызметкерлерді де алаңдатып отыр. Мысалы, Бақыт Қаймолдина цехта 50 жылдан бері жұмыс істейді.

– Егер біздің кәсіпорынға жұмыс істеу мүмкіндігі берілсе, әрі қарай да ісімізді жалғастыратын едік. Ол үшін тапсырыс көп болуы керек. Алюминий зауыты біз дайындайтын сүзгілерден бас тартса, жағдайымыз қиындайтыны анық. Ал көрпелер, төсек-орындар жиі сатып алатын тауарлар емес. Сондықтан олардан айтарлықтай табыс түсе қоймайды. Ал табыс болмаса, жұмыс орындары жабылады. Бірақ бұл көзі нашар көретін мүгедектерді тұрақты қызмет орнымен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын екенін ескеру керек. Ертеңгі күні комбинат жабылса, жұмыссыз қаламыз. Мүгедектердің де асырап отырған отбасылары бар. Олар қайда барады? – дейді маман.

Елде кедейлікпен күрес, табысты арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау туралы тапсырмалар беріліп жатқан тұста Павлодар облысындағы жағдай осындай болып тұр. Облыстық әкімдік аймақта бес мыңға жуық адам жұмыспен қамту орталығына тіркелген, олардың 84 пайызы әртүрлі шаралармен қамтылғанын айтады. Ал тіркелмей, қысқартуға ұшыраған, жұмыстан айырылудың шақ алдында тұрған адам қаншама? Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамту» деген ұғымның, шын мәнінде, тек қағаз жүзінде барын айғақтағандай болады. Құс фабрикасының қызметкерлері көрші ауылдардан не облыс орталығынан екі қолға бір күрек табар. Ал 80 жылдық тарихы бар комбинатта еңбек етіп жүрген зағип жандар ертеңгі күні кімге арқа сүйейді? Аталмыш жағдайлар ауыл адамдарын да, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да қолдаудың кенже қалып жатқанын көрсетіп тұрғандай.

Тегтер: жұмыссыдық диплом жастар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 17:47
Республикалық референдумға қатысу – азаматтық борыш
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16.05.2022, 16:50
Қарағандылық шаруалар қауырт қимыл үстінде
Әділ АҚЫЛБАЙ 13.05.2022, 11:45
Отандық спортқа отандық бизнес демеуші
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2022, 17:11
Қайырымдылық қоғамға пайдалы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12.05.2022, 08:07
Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
Сайт әкімшілігі 10.05.2022, 06:43
Қостанайда 11 отбасы баспанасыз қалды

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27