05.04.2021, 16:11
1135
Халық қоныстанған аталған ауылдарды көктемгі су тасқынына ұрындырмау үшін алдын-алу шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар брифингінде өткен онлайн конференцияда облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов мәлімдеді:
— Апаттың алдын тосып, бетін қайтару үшін 400 маман мен 100 бірлік техника сақадай-сай тұр,-деп сендірді.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов өз кезегінде қамдану жұмыстары ерте басталғанын айтты. Дегенмен, апат айтып келмейтінін еске салып, өзекті мәселе биліктің жіті назарына екенін жеткізді.
— Су тасқынынына қауіпті 174 елді мекеннің дені өзен жағалауында орналасқан. Бір ғана «Нұра-Шашубай» өзенінің маңында 60 -тан астам тұрғылықты ауыл бар. «Казгидрометтің» хабарлауынша, «Нұра-Шашубай» өзенінің бассейінде су қорының мөлшері азайған,-деді ол.
Қазір Қарағанды облысы аумағының 50 пайызы қар құрсауында жатыр. Бүгінге дейін өңірдегі 200 шақырым алқаптағы арықтың көзі қардан аршылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі мамандардың мәліметіне сүйенсек, елді мекендерден 1 миллион 700 мың текше метр қар шығарылған. «Казгидромет» 5-сәуірден бастап аймақта тұрақты ауа-райы орнығып, күн жылитынын хабарлауда. Демек, іс нәтижесін көрсететін уақыт алыс емес.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР