24.09.2020, 04:41
753
Тек соңғы үш күнде Нұра ауданының Изенді және Тассуат ауылында 86 бас үй құсы шетінеген. Жұмбақ жағдайда қырылған қанаттылардан сынама алынып, Нұр-Сұлтандағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» мемлекеттік мекемесіне жіберілді. Зертхананың қорытындысы апта соңында белгілі болады. Облыстық «Сарыарқа» телеарнасына берген сұқбатында, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаров, үй құстарының шетінеуін құс тұмауы деп дүрбелеңге салуға негіз жоқ деген уәж айтты.
-Зертхана қорытындысы шықпай жатып жалған ақпарат тарамаса екен. Осы орайда, халыққа құстың еті мен жұмыртқасын сатып алу бойынша ешқандай қорқыныш жоқ екенін ескертемін. Аталған өнімдерге алдын-ала ветеринариялық шаралар жүргізілген-деп, тұтынуышылардың күдігін сейілте сөйледі мал дәрігері.
Аймақтағы 6 құс фермасында қазір 3,6 млн-нан астам құс бар. Мұндағы эпизотикалық ахуал тұрақты. Құстарға тұмау індетіне қарсы 487 мың дана вакцина салынған.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР