Қарт кеншілер пұшаймен күйде отыр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

05.11.2020, 06:14

936

 «Арселор Миттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты «Киров» шахтаның 400 ге жуық кеншісіне бес жылдан бері зейнетақы жарнасына, медициналық сақтандыру жүйесіне әлеуметтік төлемдер төленбеген. Зейнеткерлікке тақаған кеншілер мұны естіп, атттан салып алаңдап отыр. Кен өнеркәсібінде жиырма жыл табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Василий Шейко:-Зейнеткерлікке шығуыма небары 4 жыл қалды. Әлеуметтік төлемдер  осыншама уақыттан бері өтелмей келген. Жұмыс берушілер, осылайша  еңбек заңдылығын  көпе-көрнеу бұзып отыр. Табан ақы, маңдай теріміздің ақысы әділетсіз бағаланып келеді. Тапқан таянғанымыз тамағымыздан аспайды. Сайып келгенде, қожайындар бізді арзанқол жалшыға айналдырған- деп кейінді, егде жастағы  кенші.

Пұшайман күйге енген кеншілер араша сұрап, аймақтағы еңбек инспекциясына арызданған. Шағымның ізімен тексеріс жүргізген құзырлы мекеме аталған кеніштен біраталай былықтарды тапқан. Бұған қатысты облыстық еңбек департаментінің баспасөз хатшысы Айзада Жұмабекова:

-Жер асты майталмандары  арыздарында  кеніштегі  еңбек заңынын сақталмайтыны және жұмыстан  әділетсіз қуылатындықтарын алға тартқан. Бізде еңбек дауын шешу  билігі соттың құзыретінде. Сондықтан кеншілерге  сотқа жүгінуге кеңес бердік-дейді.

Кен өнеркәсібінің  басшысын орынынан табу кеншілерге қиямет-қайым көрінеді. Жұмысшылар  директордың ізім-қайым жоғалғанын айтады. Жер асты майталмандары бұған дейін Октябрь аудандық прокуратурасы мен жергілікті әкімдікке жүгінген. Бірақ, мұндағылар ауыр еңбек өкілдерінің өтінішін  жылы жауып қойған. «Костенколықтардың» ендігі үміті -соттың үкімін күту.

Кілтипан қайда?

Қашан да, еңбектің  әділетсіз бағалануы  оңай соққы емес. Әсіресе, жүздеген метр тереңдікке түсіп, қыр басына қара алтын шығару ерлікке пара-пара іс. Сонда, күн сайын өмірін қатерге тігіп жүрген майталмандарға жасалған қиянаттың обалын кім арқалайды?  Кімді жазалау керек?

-Әлбетте, мұндайда жұмыс берушілерді тезге салған жөн. Бұл- қоғамды күрделі  әлеуметтік шиеленіске әкелетін  фактор. Енді, екі күннің бірінде ауруы қысқан қарт кеншілерді емханадан кері қайтаруы әбден мүмкін. Өйткені әкімшілік медициналық сақтандыру жүйесіне төлемақы аудармаған ғой. Шахта қожайындары  олқылықты 5 жылдан бері кеншілерден неге жасырып келген?  Іс насырға шаппай тұрғанда, билік өкілдері мен құқық қорғаушыларды шақырып, мәселені бір үстелдің басында шешу керек еді. Мұның артында тағы бір өзекті мәселе  қылтияды. Еуропа елдеріндегі тәжіребиені енгізетін уақыт келді. Дамыған мемлекеттерде тау-кен саласында істейтін  жасы ұлғайған адамдар зейнеткерлікке ерте шығады.  Мәселен, елімізде құқық қорғау саласындағы қызметкерлер  зейнеткерлікке 45 жасында жіберіледі. Ал, одан бірнеше  есе ауыр  жүктеме арқалайтын кеншілер 63 жасқа толғанда барып, дербес демалысқа кетеді. Белі қайысқан, қолы қалтыраған кеншіден қандай сапалы  жұмыс күтуге болады?  Олардың көбі зейнеткерлікке жетпей өмірден озып жатыр. Қанша айтылғанмен, үкімет осы олқылыққа  назар аудармай қойды- дейді, «Нұрқазған» кенішінің  кеншісі, қоғам белсендісі – Аманжол Оразалинов.

Бұған қатысты, байырғы кенші, жеке кәсіпкер,қалалық  мәслихатының депутаты-Төлеген Әшімов:

 -Бізде бәрі керісінше жүреді. Мәселен, орта және  шағын бизнес жетекшісі әлеуметтік төлемдердің бірін төлемес, есепшотын  күнқұрғатпай жауып тастайды. Ірі бизнестегілерге бұл кешірімді. Айналып келгенде, заң бәрімізге  ортақ. Алыптарға неге кешірім бар? Еңбек департаменті  кеншілердің тілегін кері  ысырып, жауапкершіліктен неге жалтарады? Анығында, зейнетақы жарнасы –салықтың бір түрі. Адамгершілік тұрғыдан қарағанда, бұл кеншілерге жасалып отырған қиянат-дейді.

Мәселені заңдылық тұрғыдан топшылаған заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сыздықовтың пікіріне құлақ аспауға болмас.

-Шахтадағы кәсіподақ ұйымының кеншілер мүддесіне  селсоқ қарауына құқықтық білімінің төмендігі әсер етсе керек.    Екіншіден,  әлем қазір сұйық отынды тұтынуға көшкенде, қатты отынға сұраныс азаюы  мүмкін. Бірақ, жүйелі дағдарыс біздің экономикамызға толық еніп үлгерген жоқ. Себебі, шахталарда көмір өндіріліп жатыр. Демек, тапсырыс бар. Кен орындарын  үкімет әуелде  субсидиямен қамтамасыз етеді. Оны ескерген жөн.  Бұл жерде, адам еңбегін қанау деген мәселе тұр. Күрмеуі қиын кикілжін кейінгі толқын кеншілерге  қай кезде де, жеке басының  құқын қорғауға дайын болуға, нарыққа сай кәсіптің өзге түріне икемделуге сабақ болды. Жұмыс таппай жүрген жандардың көбі екі қолға бір кәсіп тапқанын қанағат тұтып, еңбекке араласып кетеді. Отандастарымыз еңбек-келісім шартындағы талаптарға зейін аудармайды. Жұмыс беруші  құжатта өз заңдылығын үстем қоятыны түсінікті. Сенгіш халқымыз, басына іс түскенде барып, бармақ шайнап жатады.  Нарық өз тәртібіне бағынуды талап еткенмен, оған жерлестеріміздің  білімі жетпей жатыр.

Жаханды жайлаған нарықтық экономика заңдылығы  Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің «Капиталындағы» бұлжытпас қағидадан құралғандай. Сүбелі кітапта қаржылық тауқыметтен қашудың, қара басты бақыр тиынға бағаламау тетігі үйретіледі. Демек, экономиканың бөлшегіне айналған әрқайсымыз- ауыр еңбекте жүрген жұмысшыдан, үкімет басындағы басшыларға дейін осы еңбектің қағидасынна сай өмір сүруге дағдылануымыз қажет. Өзің керек қылмасаң, түбі  заман   соған икемдейді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36