Қос азаматтығы бар шенеунік басшылық қызметте қалай жұмыс істеген?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

26.02.2021, 09:18

1699

  Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Олег Почиваловтың талап арызы бойынша шешім шығарды. Жуырда ғана өзін Қазақстан азаматтығынан айырған Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне шағымданған шенеуніктің талабынан түк те шыққан жоқ. Почивалов Қазақстан азаматтығын қайтарып ала алмады. Сот оның арызын қанағаттандырусыз қалдырды.

Бұған дейін «Жас Алашта» жазғанымыздай, Олег Почивалов Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне былтыр маусымда тағайындалған болатын. Сол кездері оның тасы өрге домалаған бизнесмен екені де айтылып жүрді. Өмірбаянына қарағанда, ол бұған дейін  Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы, Азия ату конфедерациясы бас ассамблеясының атқарушы комитетінің мүшесі, ату түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығының директоры қызметтерін атқарған. Мемлекеттік лауазымда болғаны туралы мәлімет жоқ. Оның қалайша бірден басқарманың басшысы лауазымына тағайындалғаны бізге белгісіз. Әлде біреулер айтқандай, Почиваловтың  жоғарыда мықты бір қолдаушысының бары рас па? Кім біледі?

Биыл қаңтарда Шымкет қаласы полиция департаментінің көші-қон полициясы Почиваловтың Ресей азаматтығын алғанын анықтады. Заң бойынша өзге елдің азаматы екендігінің анықталуы Қазақстан азаматтығын жоғалтуына әкеліп соғады («Қазақстан Республикасының аза­мат­тығы туралы» заңының 21-бабы). Мұндай жағдайда Почиваловтың азаматтықпен бірге, атқарып отырған лауазымынан айырылатыны айтпаса да түсінікті. Алайда шенеунік полиция департаментінің шешімімен келіскен жоқ. Ол сотқа шағымданды.

Осы аралықта Почивалов журналистерге арнап брифинг өткізді. Брифингте ол өзінің Қазақстан азаматы екенін айтудан танбаған еді. Алайда сот шешімі мұның бәрін теріске шығарды. Осыдан кейін Почиваловтың қай сөзіне сенуге болады?

Әл-Фараби аудандық сотының бізге берген мәліметіне қарағанда, Почиваловтың Ресей азаматтығын алғаны тиісті құжаттармен дәлелденген. Талапкердің өзі және оның адвокаты мұның жоққа шығаратындай ешқандай дәлел ұсынбаған. Шенеуніктің сотқа талап арыз беріп, өзін де, өзгені де әуреге салудағы мақсатын тағы түсінбедік. Сот шешімі бір айдан кейін күшіне енеді. Алайда талапкердің әлі апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар.

 Бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған құжаттарға сенсек, Почивалов ең алғаш рет Ресей паспортын 2007 жылы Мәскеу облысынан алған. 2020 жылдың наурызында, яғни Шымкентте лауазымды қызметке тағайындалардан үш ай бұрын ол 45 жасқа толуына байланысты көрші елден алған төлқұжатын сол Мәскеу облысынан жаңалаған. Қайталап айтайық, бар-жоғы үш ай бұрын ғана.  

 Жалпы, Қазақстанда қос азаматтық танылмайды. Осыған қарамастан, басқа елдің азаматтығын алып, бірақ Қазақстанда тұра беру дегеніңіз заңды бұзу, түптеп келгенде мемлекетті алдау болып табылады.  Былтыр қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеменің басшысы қос азаматтық алса, олар қызметінен босатылады», – деп айтқан болатын. Тоқаев тапсырғанға дейін ішкі істер министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұл саладағы тірлігі шабандау болды десек, қателеспейтін сияқтымыз. Әйтпесе Почиваловтың қос азаматтығы 2007 жылдан бері неге анықталмаған? Мұны бір деңіз. Екіншіден, сот шешімі күшіне енген соң, Почивалов жауапқа тартылуы тиіс.  Ол қос азаматтықтың заңға қайшы келетінін біле тұра, Ресей азаматтығын алған. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Республикасының азаматы болып та­былатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам өзге елдің аза­маттығын алған күнінен бастап, 30 күн ішінде бұл туралы Қа­зақ­стан Республикасының іш­кі іс­тер органдарына немесе Қазақстан Рес­публикасының шетел­дердегі меке­ме­леріне хабарлауға жә­не Қазақстан Рес­публикасының төлқұжатын және жеке куәлігін тапсыруға міндетті. Егер ол адам бұл талапты орындамаса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға немесе республика аумағынан шығарып жіберуге апарып соғады.

Ал Почивалов ел аумағынан шығарып жіберу былай тұрсын, атқарып отырған лауазымынан да босатылған жоқ.

Тегтер: азаматтық қос азаматтық жұмыс орны шара ұсыныс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24