Қырық кісі бір жақ, «Бином» бір жақ

Нұрболат ӘЛДИБЕК

11.02.2021, 11:50

1016

      Алпауыт BI Groupкомпаниясы Шымкентте атшабарды бұзып, орнына элиталық тұрғын үйлер салмақшы болып, жергілікті жұртшылықтың наразылығын тудырып жатқанда, Таразда «Бином» да тыныш жата алмай, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып айқасып жатыр. Әу баста балалар алаңы деп белгіленген жерге тағы бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталғанына осы кешеннен үй алған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы шықты.

       Обалы не керек, Таразда «Бином» салған көпқабатты тұрғын үйлер көпшіліктің сұранысына ие, жоғары бағаланады. Ілуде біреу болмаса, бұл компанияның салған үйлеріне шағымданушылар жоқтың қасы. Біз сөз еткелі отырған, «Бином» салған бұл тұрғын үй кешенінде үшқабатты жеті тұрғын үй бар. Тұрғындар көпқабатты тұрғын үйлердің сапасына көңілдері толады, өкпесі жоқ. Дегенмен құрылыс жүргізген мердігер компания елді алдап үй алғызып, кейін көзбояушылық жасап отыр деп айыптайды. Мәселен, осынау кешеннің бас жоспарында балалар ойын алаңы, футбол стадионы, балабақша және жабық көлік тұрағы болады деп көрсетіліпті. Өз кезегінде тұрғындар да сол жарнамаға қызығып, баспана сатып алған. Ал пәтерлерін өткізіп алғаннан соң, компания басшылығы «дәніккеннен құныққан жаман» демекші, бас жоспарда балалар алаңы болады деп белгіленген жерге тағы бір көпқабатты тұрғын үй салуға кіріскен. Міне, осы кезде тұрғындар өре түрегеліп, наразылығын білдіре бастаған.

       Айталық, осы кешеннің тұрғыны Шырынхан Сәдуақасов: «Бұлар адаммен сөйлеспейді. Кабинетіне барсаң, қуып жібереді. Осы жерде қанша жиналыс болды, бәрінің аузын жауып тастайды. «Керек болса үйіңді сатып аламын, кет дейді», – деп күйінсе, тағы бір тұрғын Исатай Бекбасаров: «Балалар алаңы деп салып бергендерін көрдіңіз бе? Салыстырыңызшы, балалар алаңы ма, қоқыс тастайтын алаң ба?» – деп ашынды. Кешен тұрғындары компания басшысынан шешімін өзгертуді өтінгенімен, нәтиже болмағанын айтады.

        Бұл кешенде балаларға арналған ойын алаңынан басқа да мәселе аз болмай тұр. Стадионынан бастап, көлік жүретін жолына дейін тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. «Жобадағы нысандар атымен жоқ. Жарнамасына сеніп алданып, сан соғып қалдық. Компания басшылығы «ақшаларыңды қайтарып береміз, үйді өткіз» деп кеудесін кереді. Қазір нарықтағы баға күн санап қымбаттап, теңге құнсызданып жатыр. Біз алған 4-5 жыл бұрынғы пәтердің бағасына мұндай үй ала алмайтынымызды біліп, компания басшылығы өзімбілемдікке салып отыр» дейді кешен тұрғындары.

        Өз кезегінде құрылыс компаниясының басшылығы мән-жайды түсіндіруден басын алып қашқанымен, бұл дауға әкімдік араласып, құрылысты уақытша тоқтатты. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев: «Қожайынымен сөйлестім. Олар құрылысты уақытша тоқтатады. Әзірге қаланың бас сәулетшісімен барлық құжатын дайындап, жобасымен келіспейінше, құрылыс жүргізілмейді», – деп жауап берді.  

      Әсілінде, балаларды қуантудан, олардың шат күлкісінен асқан бақыт жоқ шығар. Бұл ретте «Биномның» бас жоспарда балалар алаңы деп көрсетілген жерге көз тігуі компания басшысының мейірімнен жұрдай екенін көрсетіп берді. «Бәрі де балалардың жарқын болашағы үшін» деп жарнама жасағанда қатыратын компания басшылығына бұл дау сабақ болып, тәубесіне келсе, қане...

Тегтер: тұрғын үй жоба жоспар компания

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02