27.11.2020, 20:27
323
Тараздың авто вокзалынан Алматыға қарай аттап басқандағы алғашқы елді мекен – Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз ауылы. Аумағы 364 гектарды құрайтын бұл ауылда 6390 адам тұрады.
Мұнда 1 орта мектеп, 5 бала бақша, 1 мәдениет үйі және 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория тұрғындарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес те өркен жайған. Автокөлік жөндейтін 5 және 4 көлік жуу орталықтары, ұн өнімдерін шығаратын «Rola-7» ЖШС-і, 16 сауда нүктесі, 5 шаштараз, 2 дәріхана, 1 демалыс орталығы және 3 наубайхана бар.
Іргелі өндіріс орны саналатын «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 түрлі сапалы ұн өнімдерін өндіреді. 2008 жылдан бастап аталған кәсіпорынның өнімдері экспортқа шығарылуда.Қызылжұлдыздықтар «жерді — байлық» деп бағалап, алақандай жердің өзін тиімді пайдалануда. Мәселен, Миданалы Агалиев тамшылатып суару жүйесімен 3 сотық жеріне қияр, қызанақ, баялды, тәтті бұрыш егіп, мол өнімге қол жеткізді. Бауыржан Дүйсенбаев болса ауласына жылыжай орнатып, құлпынай өсіруде екен.
Қызыл жұлдыз ауылдық округінің әкімі Өсер Нұрбаев:
«Жұмыссыздықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Округте 45 азамат уəкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 25-і “Жұмыспен қамту жол картасы” бойынша жұмысқа орналасса, қалған 20-сы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасымен кәсіпкерлік әліппесін игерген 27 азаматтың 23-і қайтарымсыз, жалпы 12 млн. 650 мың теңге грантқа, 4 азамат 13 млн. 800 мың теңге несиеге қол жеткізіп, кәсіптен нәсібін табуда. Аталған бағдарлама аясында 1 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімді оқудан өтіп, шаштаразшы болып жұмысқа орналасты.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау және қылмыстың алдын алу мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару түсімдері есебінен түскен қаражаттан ауылдың орталық алаңына 1 дана бейне бақылау камерасы орнатылып, учаскелік полиция қызметкерлері 1 дана компьютер жиынтығымен қамтылды.
«Асарлатып үй салу» жобасымен зейнеткер Алма Шалкеева мен ұлы Асхат Тұралиевке баспана тұрғызылуда. Бұл игі бастама ауылдың арқа сүйер азаматтары, еріктілер және жастардың қолдауымен атқарылуда»,- деген ол ауыл тұрғындарын жайылым мәселесі толғандыратынын айтты.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР