Сары уайымға салдырған сапасыз баспана

Нұрболат ӘЛДИБЕК

21.02.2022, 13:00

2273

Баласының мүгедектігіне байланысты жеті жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрған Зүлфия Күлімбаева таяуда мемлекеттік бағдарламамен пәтер сатып алып, кілті қолына тигенде қуанышында шек болмағанын айтады. Бірақ жаңа пәтеріне алып-ұшып барғанында тұрғын үйдің құрылысы сапасыз, қалай болса солай соғылғанын көріп, қуанышы су сепкендей басылған. Әрі өткен жылдың 30-шы шілде күні пайдалануға берілген бұл тұрғын үйге әлі күнге дейін электр жарығы, не жылу берілмегені тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр.

 – Үйдің ештеңесі әлі бітпеген. Мен баламды бұл жерге алып келе алмаймын. Бұл үйде жарық, су, жылу жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл тұрғын үйдің сапасы мүлде сын көтермейді. Терезелері мынау, ашылмайды, ашсаң жабылмайды. Баспалдақтан бастап сапасыз. Бізге бұл үйге құжатты тапсырып жатқанымызда «1 желтоқсан беріледі, сосын 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесінде табыстаймыз», деді. Ендігісі мынау, – дейді ашуға булыққан ана.

Осы  «Ұлы дала» шағын ауданынан пәтер алған тағы бір ана Индира Айтбаева. Ол бұл пәтердің кезегіне көпбалалы отбасы ретінде ұзақ жылдар күтіп, әрең дегенде қолы жеткен.

–  Осы үй бітті дегенде мен жалдамалы пәтерімді өткізіп, бес баламмен көшіп келдім. Келсек үйдің сиқы мынау. Жарық жоқ, жылу жоқ. Жарыққа барсақ документ өткен жоқ, дейді. Жылуға барсақ жылу келіп тұр, бірақ матор жоқ дейді. Үйдің сапасы өте нашар, қалай болса солай соғылған. Есік-терезелеріне дейін дұрыс салынбаған.

Маған мұндай үйдің керегі жоқ. Осы тұрғын үйдің 40-тан астам иелері қосылған уатсапта чатымыз бар. Бәрі наразы. Біз бұл тұрғын үйлерге жауапты бастықтарды сол ортақ чатқа қостық. Олар әлі жеткені әлі жеткеніне сілтеп, ең соңында кінәлі сантехник болып шықты. Ол осы үйдің тұрғыны. Ол кісінің қолынан ештеңе келмейді. Күні кеше әкімшіліктен адамдар келді. Ертең сағат 10-да бәрін дұрыстаймыз деді. Сол кеткеннен ешкім келген жоқ. Бізді мазақ қылып жүр, басқа ештеңе емес. Шыдамның да шегі бар емес пе,  – дейді көпбалалы ана Индира Айтбаева.

Бұл тұрғын үйді «Бірлік сервис компани» ЖШС 749 миллион теңгеге ұтып алып соққан. Негізінен әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендер санатына жататындарға берілген тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы басшыларының «бұларға осы да болады» деген пиғылдарын аңғару қиын емес сияқты.  

Сонымен қатар тұрғын үйдің аумағын абаттандыруға 34 миллион теңге бөлініп, оны «KazCentexGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі игеріпті. Тұрғын үйдің ішіндегі жағдай қандай болса, сырты тіпті сорақы екені айтпаса да түсінікті шығар.

Бұл ретте әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендер санатына арналып соғылған бұл тұрғын үйді Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы болған Төлеген Бибосынов қабылдап алыпты. Бірақ, ол, осынау тұрғын үйді қалай жылдам қабылдап алса, өз еркімен жұмысынан босап кетуі де сондай жылдам болыпты.

Әйтеуір соңғы күндері Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың қол астындағылар әр түрлі жағдаймен бірінен соң бірі «өз еркімен» қызметтерімен қош айтысуда. Күні кеше ғана қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев пен әкім кеңесшісі Нұрбол Қожықовтың масаң күйде былапыт сөздерімен жаға ұстасып жүрген видеолары әлеуметтік желіде «хит» болған еді. Артынша екі шенді де «өз еркімен» қызметтен кеткені белгілі болды.

Әрине, біреудің қызметтен кеткенінен халыққа келіп-кетер пайда жоқ. Баяғы сол «іс бітті, қу кеттінің» кезекті дәлелі. «Балық басынан шіриді» демекші, кім біледі, мүмкін, қала әкімі Ержан Жылқыбаев осы жағдайлардан кейін «өз еркімен» кетіп, орнына келген әкім бәрін орнына қоймаса... 

Тегтер: тұрғын үй пәтер үлескер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01