Сарыобалылықтар жедел байланысқа жете алмай отыр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

23.02.2021, 17:18

791

Жаhандану үрдісінде жедел байланыс орнату мен ақпарат алмасудың  маңызы артты. Қазіргі күні қас-қағым сәтте жарияланған су жаңа ақпаратты аңдаусыз өткізіп алсаң,  өркениет талабынан мақұрым қаласың. Бұл да өмірімізге енген әдетке айналды.  Қайнаған тіршіліктің қайнарына  айналған шаһарда айналасы бір сағаттың ішінде интернет істен шықса, осынау желіге жіпсіз байланған барлық адам  дүние төңкерілгендей күй кешеді.  Өйткені  ғаламтор миллиондаған жандар үшін күнкөрістің көзіне айналған. Ал иіні қатпар  интернет ауылға керек пе?  Әлбетте, ауадай қажет. Олар қызыл планета – Марстың тұрғындары емес екені аян. Онда да мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары, білім іздеген оқушылар, төрткіл дүниенің жаңалығына құлақ асқысы келетін көзіқарақты қауым бар.  Демек, қалада да, қырда да қажеттілік бірдей.

 Ендеше шалғай ауылдар цифрлық сауаттылықтан неге кенже қалып отыр? Дей тұрғанмен ауыл әдеттегідей «екінші планда»  жүреді.  «Википедия» деген данышпанның мәліметіне жүгінсек, Қарағанды облысында 420 елді мекен бар. Соның қаншасы интернетке қосылғаны әуелден бізді толғандырған. Іздегенге – сұраған. Мазалаған  сауалымызға жауапты облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ақпанның 19-ында аймақ тұрғындарымен  онлайн форматта өткізген  есебінде баяндап өтті. Өңір басшысының айтуынша, цифрлық даму министрлігі былтыр өңірдегі 85 ауылды интернетпен қамтамасыз еткен. Биыл министрлікке тағы 127 ауылды интернетке қосуға өтінім берілген. «Бірақ осы мәселеге қатысты шалғай ауылдарда бірқатар түйткілдер бар», – деген әкім проблеманың ұшын шығарғанымен, себебін айтпай, сөзін қысқа қайырды.

                                              Аты бар да, заты жоқ

– Біздің ауылға «Билайн»  орнатылды. Өткенде мен барған күні интернет қосылды.  Бәріміздің соткамызға 3G деген сурет шықты.  Бірақ фейзбук тұрмақ, уатсаптан хабарлама жібере алмадық.  Хат-хабар алыса алмасақ, оны несіне сүйіншіледік?  Бейнеқоңырау дегенді тіпті атамаңыз.  «Мәссаған безгелдек» дедік амалсыздан. Кеше сол интернет тартқан адамдар ауылға келіп кетіпті. «Жағдай осылай қалады. 3G көрсеткенімен, бұл дегенің 2G деп, ашығын айтыпты. Содан сорладық тағы. Ауылға тартылған интернеттің ең құрығанда уатсаптан  хат-хабар, құжат жіберетіндей қауқары болу керек қой.  Ал сотканың бетіне 3G деген жазуды мен де жазып бере аламын, –  деп күйінді  Қарқаралы ауданы Қасым Аманжолов атындағы ауылдық округтің Сарыобалы ауылындағы жағдайға күйзелген қарағандылық әріптесіміз Жанат Жаңқаш.  Артынша оның жерлестері де саңыраудың күйін, мылқаудың кебін киіп отырғандарына қынжылды.

– Интернет келді деген аты ғана, жылдамдығы өте төмен.  «Билайн» орнатылған соң,   бүкіл отбасымыз,  қаладағы ет жақындарымыз жаппай  осы оператордың  нөмірін сатып алдық.  Бірақ ұялы байланыс үкілеген үмітімізді ақтамады.  Қоңырау соққан адаммен сөйлесіп жатқанда байланыс күрт  үзіліп кетеді  яки одан қайыра кері  қоңырау түседі.  Жағдай солай бола тұра, операторларға қызмет ақысын төлеп отырмыз, – дейді  жергілікті тұрғын Ұлан Райымбеков.

Ауылдағы жас аналардың бірі Қызғалдақ Аюпова алыстағы  туған-туыстармен байланысу қиындап кеткенін айтады.

– Ауылға  «Билайн»  мобильді  операторын  желтоқсанның 28-інде  әкеліп қосты.  Содан бері екі айдай уақыт өтті.  Әлі күнге дейін интернет істемейді. Уатсап арқылы күндіз жазған  хабарламамыз ертеңіне бір-ақ  жетеді. Телефонмен тілдескенде екінші кісінің даусы жаңғырық болып, естіліп тұрады. Өзара түсінісу қиын. Байланысқан құрлы болмайсың, не айтып, не қойғанымызды білмей берекеміз кетеді.  Кейде қоңырау шалған адамға хабар жетпейді. Себебі екінші адамға  қоңырау бармайды. Оны кейін естігенде білдік.  Байланыс түнгі сағат 3-тен таңғы 7-ге дейін қалыпқа келеді. Шырт ұйқыда жатқанда кімге қоңырау шалмақсың? Осынау түйткілді ауылдастарымның  басым көпшілігі  бастан өткеруде, – дейді Қызғалдақ.

Сарыобалы орта мектебінде мұғалім болып қызмет істейтін Аңсаған Нысанбаева былтыр пандемия басталған кезде  мектепте курьер қызметін атқарған. Оның айтуынша,  елді мекен оқушылары 4-тоқсанда  қашықтан оқыту форматына көшірілді. Алайда ауыл интернетке қосылмағандықтан, мұндағы балалар қаладағы құрбыларындай ұстаздармен «Зуммен»  байланысқа шығып, сабақ алмаған. Мектептегі курьерлер  мұғалімдердің тапсырмасын оқушылардың үйіне жеткізіп беріп, орындалған жұмыстарды жинап әкетіп отырған.  Қазір де жағдай оңып тұрған жоқ. Оқытушылар да  өркениеттен  көш кейін қалған.  Олар  инстаграмға, фейзбукке, ютубқа  көз сүзбек түгіл,  «Зум» бағдарламасы арқылы  аудандық білім бөлімінің әдіскерлері жүргізетін дәрістерге  қатыса алмай отырған көрінеді.

                                 Қарекет түбі – берекет

          Байланыстан ажыраған сарыобалылықтар  қол қусырып  отырған жоқ. Аудан әкімдігіне ұялы байланыстың өте нашар екенін жазбаша жеткізіп, мәселені шешуге мұрындық болуды сұраған. Ашық қоғамға сай, жанайқайларын әлеуметтік желіге жариялап, жұрттың талқысына тастаған. Осыны аңғарған  аудан билігі хат-хабардан қиналып отырған халықтың мұқтажын шешуге мойын бұрғанын айтты. Өкінішке қарай, «Билайн»  байланыс орталығының жауапты мамандарымен байланысудың жолы күрделі. Есесіне шиеленген түйткілдің түйінін шешудің жолын аудан әкімдігі қолға алған екен.

Біз де өз тарапымыздан көтерілген мәселені бақылауда ұстаймыз. Істің мән-жайы немен біткенін хабардар ететін боламыз.

Тегтер: мәселе түйін түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15