Семейде 170 жаңа автобустың 70-і жүруге жарамай тұр

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

08.04.2021, 09:08

2206

     Өскемен және Семей қалаларында қоғамдық көлік қатынасының жұрттың жүйкесін жұқартып біткені жасырын емес. Қыстың көзі қырауда сағаттап сарыла автобус күткен тұрғындардың наразылығы әлеуметтік желіде сан рет көтерілсе де, жергілікті атқарушы билік тығырықтан шығар жолды көктем шықса да, таба алмайтын түрі бар. Әсіресе Семейдегі қоғамдық көліктердің қаланың қай түкпірінен қатынаса да, халықтың ойынан шығып жүрген жоқ. Қаланың бұрынғы әкімі Ермак Сәлімов бастаған шенеуніктердің осы салада жүргізген реформасының оң нәтиже бергені шамалы болды. Бір ғана Шығыс кентіне қатынайтын 31, 17, 53 бағыттағы «Газельдердің» жүру желісінен шығарылып, қысқартылып кеткені шет аймақ тұрғындарының қалаға дер кезінде жетуіне кедергі келтіріп отыр. Қазір қала ішінде «Таксопарк» серіктестігіне қарайтын кіші класты автобустар жүйткіп жүр. Әңгіме жұрт «жасыл автобус» атап кеткен жаңа көліктерге қатысты наразылықтың күшеюінен шығып отыр.

       Бұл жасыл автобустар әкімдіктің пәрменімен осыдан екі жыл бұрын құрылған «Semey Bus» ЖШС-нің құзырында.

Әлдебір жақтан әкелініп, әкімдіктің алдында қаз-қатар тізілген автобустардың қолданысқа шығар сәтінде сөйлеген сол кездегі қала басшысы Ермак Сәлімов мұндай автобустардың жалпы саны 170-ке жететінін мәлімдеген болатын. Алайда қоғамдық көліктердің қаншалықты қаражатқа қалай сатып әкелінгені туралы тіс жармады.

      Хош, сонымен, ерекше дәріптеліп әкелінген су жаңа автобустар екі жыл өтер-өтпесте сыр беріп, бірінен кейін бірінің қатары сирей бастады. Онсыз да автобус қатынауына күйзеліп жүрген семейліктер үшін бұл жағдай «әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтірді. «Semey Bus» серіктестігіне қарасты автобус жүргізушілері жалақысының кешігуі, тіпті зейнетақы жарнасына қаражат аударылмайтыны туралы шағымданып, бірнеше рет жұмысқа шығудан бас тартып, ереуілдеткені өз алдына бір «жыр».

        Жалпы, мұндай шиеленісті жағдай қашанға дейін созылмақ? «Semey Bus» серіктестігінің тығырықтан шыға алар жолы бар ма?  Осыған орай, серіктестік басшылығы Семей қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұмановты қатыстыра отырып, БАҚ өкілдерімен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген болатын.

   – Біздің бөлім осы «Semey Bus» автопаркінің құрылтайшысы. Автопарк құрылған кезден бастап жергілікті атқарушы орган оның жұмыс істеуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап келеді. Өткен жылдың қараша айында облыстық мәслихат 38 әлеуметтік маңызды бағыттарды белгілеген болатын. Содан бері көлікті субсидиялауға қатысты мәселелер қаралуда. Қаңтардан бастап барлық тасымалдаушыларды қолдау жұмыстары басталды. Біз жеңілдігі бар азаматтардың жолақыларын төлеп береміз. Оған 370 млн  теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қалалық мәслихат сессиясында қала бюджетінен 500 млн теңге көлемінде субсидия бөлу туралы шешім қабылданды. Сәуірдің ортасына қарай облыстан да субсидия бөлу жоспарланған, – деді С.Жұманов.

       «Semey Bus» ЖШС басшылығы болса мемлекеттен бөлінетін субсидияны өткен жылдың басынан бері күтіп жүргенін айтады. Олар сол кезде-ақ қажетті мәліметтер мен құжаттарды тиісті органдарға өткізіп қойған екен. Алайда әлі күнге дейін сұраған субсидия мәселесінің шешілуі сағызша созылып келеді.

    – Облыстық мәслихаттың шешімімен барлық 23 маршрут әлеуметтік маңызды деп танылды. Яғни жолаушы тасымалының ережелері бойынша жергілікті билік субсидия бөлуі керек. Біз субсидия алу үшін қажетті барлық талаптарды орындасақ та, лауазымды мемлекеттік органдар шешім қабылдамады, заңнамаға сәйкес, бюджеттен міндетті субсидия әлі төленбеді, – дейді автопарк басшысы Болат Қылышбеков.

       Бүгінде кәсіпорынның жалпы қарызы 73 млн теңгеге жеткен. Парктің күнделікті табысы 4,5 миллионнан 5,5 миллионға дейін. Серіктестік басшысының айтуынша, осы қаражаттан 2,5 млн теңге жанар-жағармай материалдарына, қалғаны қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады. Субсидиялаусыз бұл мәселені шешу мүмкін емес. Ал субсидия берілген жағдайдың өзінде тиісті мекеменің оны бөліп төлеуге ғана мүмкіндігі бар екен. Мұндай жолмен бөлінетін субсидия автопарктің қарызын төлеуге жетпейді.

       Айтпақшы, жоғарыда айтылған су жаңа 170 автобустың қазір 70-і сынып, автопарктің қорасында қаңтарылып тұр. Оның қанша уақытта жөндеуден өтіп, жолаушы тасымалдауға нақты қашан шығатынын ешкім айта алмайды. Қала тұрғындары болса «екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледінің» керімен «Semey Bus»-тың күрделі ахуалының кесірінен қажетті жеріне асыққан жағдайда такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бензин литрінің 165 теңгеге қымбаттағанын желеу еткен таксистер жұрттың қалтасын қағар бағаны айтып, «жығылған үстіне жұдырық» болып жүр.

Тегтер: автобус қоғамдық көлік қызмет кәсіпорын

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 15:52
«Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағы аумағында құрылған ірі бітімгершілік күштердің бірі»
М.СӘУЛЕБЕК 14:15
Министр штаб отырысын Шымкентте өткізді
Б.СӘРСЕНБИ 12:59
Түркістанда 25 тойхана жабылды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 09:18
Қашпаған сиырдың уызынан дәметіп отырмыз
Сайт әкімшілігі 04.08.2021, 16:32
Алматы облысында демалыс күндері локдаун жарияланады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.08.2021, 12:03
Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58