21.12.2020, 17:36
623
Болат жолды серік еткен, қос рельске көрік берген, теміржолда еңбек еткен шеберлер көп. Соның ішінде өз өмірін аталмыш салаға арнап, маңдай терін төгіп жүрген құландық Марат Қарабаев Шырханұлының орны ерекше. Себебі ол әке салған сара жолдың қаймағын бұзбай келе жатыр. Тіпті, Мараттың әкесі мен анасын да осы тоғыз жолдың торабы теміржол тоғыстырған. Бұл арқылы біз Марат Шырханұлының отбасындағы жандардың дені темір жол саласында қызмет етіп жүргенін байқаймыз.Теміржолшылар отбасында дүниеге келген Марат Қарабаев та жастайынан қатар жатқан қос рельске қызығып, болашағын теміржол саласымен байланыстырған. Биыл осы салада табандылықпен қызмет етіп жүргеніне 47 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында Марат Қарабаев өзінің өмірін айшықты сәттермен өрнектеген. 1957 жылы Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылында дүниеге келген Мәкең бала кезінен үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіріп өседі.
Өзінің өнегелі өмір жолында парк кезекшісі, станса кезекшісі, пойыз құрастырушы, вагондардың жылдамдығын реттеуші, станса инженері, станса басшысының бірінші орынбасары, Шығанақ стансасының басшысы секілді қызметтерде болып, үлкен өмірлік тәжірибе жинады.Марат Қарабаевтың ерте жастан жұмысқа араласып, маңдай терін төккеніне қос рельс куәгер. Қол еңбегімен атқарылатын істердің бел ортасында жүріп, теміржолдың бойында шынығады. Өмірдің қайрағынан өтеді.
Жастардан зор үміт күтетін ағамыз өзінің осы уақытқа дейін жинаған тәлімі мен тәжірибесін ортаға салып, жас буынға үлгі көрсетуді парыз санайды.Міне, осы бір адал ниет, ақ көңілмен ағамыз еңбек жолында бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталыпты. Марат Қарабаевқа 2014 жылы Қазақстан теміржолының құрылғанына 110 жылдығына орай арнайы медаль табыс етілді. Ал 2017 жылы теміржол саласында адал әрі мінсіз қызмет еткені үшін ұлттық компанияның арнайы алғыс хатын иеленеді.Марат Қарабаевтың ізін жалғаған үш ұлы бар. Соның ішінде кенжесі Ғанидың бойына теміржолдың тарланы болған әкесінің қасиеті дарыған екен. «Әке жолын ұл жалғар, ұл жалғамаса кім жалғар?» деген ұстанымды санасына берік сақтаған Ғани Маратұлы шойын жолдың шаңын шығарған әке өнегесін құп көріп, еңбек етіп келеді.
Еліміздің теміржол тарихына үңілер болсақ, өткен ғасырдың 30-жылдарының елесі көз алдымызға келеді. Сол кезде Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев секілді қайраткерлер қызмет етіп, ел еңсесін тіктеуге біршама үлес қосты. Ұлы тұлғалар салып кеткен шойын жол арқылы бүгінде ел экономикасы, қоғамдық өмір, әлеуметтік сала қарыштап дамып келеді. Теміржол торабы арқылы өзге мемлекеттермен байланыс орнатып, сауда-саттығымызды реттеп отырған жайымыз бар. Бұл арқылы біз болат жолдың бойында қара табан еңбек етіп, ащы тердің дәмін татып жүрген жандардың ерлігін айттық.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР