Шөкеев әкімдерге тапсырма берді

Б.СӘРСЕНБИ

12.08.2021, 12:43

1086

25 шілдедегі ауыл әкімдерінің сайлауы Түркістан облысында 60 ауылдық округте өтті. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы додада жеңіске жеткен әкімдермен кездесті. Өңір  басшысы алғаш рет тікелей халық сайлаған әкімдерді жеңістерімен құттықтап, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.

«Әкім – істің адамы. Ауыл әкімі халықпен етене араласуға міндетті. Ауыл әкімдерінің қызметі әрбір тұрғынның күнделікті тыныс-тіршілігінде туындайтын қажеттіліктермен тікелей байланысты. Сондықтан да бұл – өте абыройлы да  жауапты жол. Ең алдымен өзекті мәселелерге талдау жүргізіп, проблемалар картасын жасау керек. Оның ішінде басымдыққа ие жобаларды нақтылап, шешу жолдары бойынша ұсыныстар енгізу қажет. Ең бастысы – әлеуметтік мәселе. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға күш салу, жаңа кәсіпорындар ашып, инвестиция тарту керек. Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын арттыру, қоқыс полигондарының санитарлық жағдайын ретке келтіріп, қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету керек», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі заң аясында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Тұрғындардың сұраныстарын ескере отырып, жеке тұрғын үй салуға, шаруа қожалықтарының жұмысына жерлер бөлу, ортақ жайылымдық жерлер мәселелерін шешуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу, тамшылатып суару, жылына екі-үш өнім алу әдісін пайдалану, ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында тоғандар салу мүмкіндіктерін зерделеп, ұсыныстар енгізуді міндеттеді. Мал басын асылдандыру, ветеринариялық қауіпсіздік жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл науқанда Түркістан облысы бойынша 60 ауыл әкімі сайланды. Жалпы, сайлау тыныш өтті деуге болады. Тіпті дауыс беру науқаны барысында ешқандай  арыз-шағым да берілмеген. Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, дауыс беруге құқылы сайлаушылардың 79 пайызы өздерінің таңдауларын жасаған. Әкім болуға 166 үміткер тіркелген.

Төрағаның айтуынша,  сайланған ауыл әкімдерінің 16-сы – мемлекеттік қызметкер. 17 азамат қайта әкім болып сайланғандар, алтауы басқа ауыл округтерінің әкімдері, төртеуі коммерциялық саланың өкілдері, 8-і  бюджеттік мекеме қызметкері.  Ауыл әкімдерінің 43-і саяси партиялармен ұсынылды. «Nur Otan» партиясынан – 41, «Ауыл» партиясынан – 1, «ADAL»  партиясынан 1 әкім сайланды. Ал 17-сі  өзін-өзі ұсынғандар.

Маусым айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде «партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді» деген-ді.

«Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі.  Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды», – деген болатын президент.

Тағайындалған әкімдердің сайланған әкімдерден не айырмашылығы болатынын уақыт көрсете жатар. Айта кетері, соңғы жылдары ауыл әкімдерінің құзыры айтарлықтай ұзарды. Ауылдық округтердің өз бюджеттері қалыптасты. Кейбір қаржылық мәселелерді әкімдер тікелей өздері шеше алатын болды.    

Осы жолғы науқанда Түркістан облысында  60 әкімнің  32-сі немесе 53 пайызы жаңадан сайланды.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39